Саясат
Суицидтің қоғамға төндірер қауіпі
Өмір. Өлім. Қорқыныш. Шарасыздық. Жалғыздық. Міне, осылардың барлығы да адам өмірінде болып тұрары сөзсіз. Тіршіліктегі басты құндылық – адамның өмірі екені белгілі. Бар-жоғы бір күннің ішінде әлем бойынша қаншама адам дүние есігін ашып жатса, сол секілді сан мыңдаған адам өмірімен қоштасып жатады. Оның ішінде, дәм тұзы таусылып Жаратушы қолдауымен өмірден озатындарын айтпағанда, өз өміріне өздері балта щауып, ажалынан бұрын өмірімен қоштасып жатқандары қаншама.
Бүкіл әлемді алаңдатып отырған осынау мәселе қазіргі күнде тіптен өрши түсуде. Бұл қауіпті құбылыстың біздің еліміздегі көрінісі де көңіл қуантарлықтай емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының зерттеуі нәтижесіне сүйенсек, өзін-өзі өлтіру жөнінен Қазақстан 3-ші орынға, Орталық Азия елдері бойынша 1-ші орында тұр. Ересек азаматтарға қарағанда жасөспірімдер бұл оқиғаға көп ұшырасып жатады. Бұндай сұмдық ажалдан қалай құтыламыз? Жастарымызды осындай сорақы өлімге не итермелейді? Бұл әлгі күнге дейін шешімін таппаған жауапсыз қалған сұрақтардың бірі. Кейбір психолог мамандардың айтуынша, суицидке итермелейтін бірден-бір мәселе – жалғыздық. Адамдардың әлеуметтік ортаға бірден бейімделе алмауынан да түрлі оқиғалар болып жататыны да тағы бар. Мұндай жағдайға түскен үлкеннің де, жасөспірімнің де, тіпті жеткіншектердің де психикасында «Мен ешкімге керек емеспін», «Мені ешкім жақсы көрмейді» деген ойлар жегідей жей бастайды. Ал осындай түпсіз терең тұңғиық ойдан шығудың бірден-бір жолы өз-өзіне қол салып, өмірімен қош айтысу деп есептеп орны толмас қателікке бой алдырып жатады.
Жалпы әлемде жыл сайын шамамен миллионға жуық адам өз-өзіне қол салып көз жұмады. Олардың 8 мыңы – қазақстандықтар, яғни республикада әр сағат сайын бір адам өз еркімен өмірімен қоштасып жатады.
Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Осынау өмір жолымызда біршама соқтықпалы, соқпалы, қиындығы мен қиыншылығы қатар жүретін, күлдіріп тұрып жылататын сәттер кездесіп жататыны заңдылық. Ал осындай қиындыққа кез-келген адам шыдай ала ма? Шыдауы керек деп жұбату сөзді айту жеңіл болғанымен, екінің бірі бұндай қиыншылыққа төзе бермейді.
Шыда, шыда,
Шыдай түс, шыда тағы!
Шыдамдыны мына өмір ұнатады, - демекші, қаншама қиыншылық келсе де, тек алдыға қарай ұмтылып, ағысқа қарай қарсы жүзе білуіміз керек!