Bugin

"Асық ойнаған азар" мақалы – "ұлтшыл" саясаттың ызғары

 "Таста сол асықты! Сол саған "нан" бола ма? Одан да сабағыңды оқы!" деп ұрысатын аналарымыз бүгінде асық ойнаған балаларды аңсайды.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Таста сол асықты! Сол саған "нан" бола ма? Одан да сабағыңды оқы!" деп ұрысатын аналарымыз бүгінде асық ойнаған балаларды аңсайды. Жалаң аяқ, қайыстай қап-қара ауыл баласы екі қалтасын асыққа толтырып, көшені кезіп жүріп, шүйіркелесіп, топтасып, тіпті дауласып жатқан асық ойнаушыларды іздейсің. Табасың, даудың ортасына сен де келіп түсесің. Дау емес-ау, нағыз қызған дода. Қара жердің шаңын аспанға шығарып, асық ойнау – нағыз қазақтың баласына тән қасиет. Міне, қызық, ортада қаз-қатар тізілген асыққа шиіре атқан сақасы келіп сақ еткенде, қайран қаласың. Кеңес өкіметі кезеңінде "ұлттық ойындар, оның ішінде асық ойыны - еріккеннің ермегі, ойын балаларға тәрбие бермейді, бала ағзасына зиян келтіреді" деп ұғым қалыптасқанын жасырмаймыз. "Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар" деп мақалдап та жүрдік. Расында, осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп жасындағы балаларға асық ойнауға тыйым салып, қолдарындағы асықты алып қойған сәттер әлі көз алдымыздан кеткен емес. Ал, қазіргі күні асық ойната алмай әлек.

Осы орайда Қазалы ауданының тұрғыны Жәміш ақсақал немерелеріне күнара асықты қалай ойнау керек, оны не мұра қылып сақтаудың қажеттілігін құлақтарына құйып отыратынын айтты.

"Асық ойнаған азар" деген, бұл жансақ пікір, Кеңес үкіметі кезіндегі жүргізілген солақай "ұлтшыл" саясаттың ызғары. Ал, енді тағы бір алып қарайтын тұсы, балаларды білімге шақыру мақсатында айтылып, жасалуы да мүмкін. Алайда асық ойнау ептілікке, есепке, мергендікке және ұқыптылыққа тәрбиелейді, дейді ақсақал.

Газетіміздегі өткен жылдың №36 нөмірінде тілшіміз Айдар Сайлауов "Телефоннан туған..." деп қалам тербеген болатын. Мақалада қазіргі таңдағы қоғам дертіне айналған смартфон, планшет сынды техникалар балалардың миын улап алғаны жайлы сөз қозғалды. Иә, шынын айту керек, бүгінгі балалар ұлттық ойындардан алыстап кеткені көңіл қуантпайды. Керек десеңіз, асық ойнауды күн тәртібіне енгізген дене шынықтыру мұғалімдері оқушылар сабақ барысында асықты қолдарына ұстаған сәтте таңқалатынын да айтады.

Осыдан 10 жылды артқа тастап, елестетіп көріңізші. Сол кездің өзінде-ақ асық ойнау сиреп келе жатқанын байқайсыз. Себебі қолдағы смартфондардың енді қолданысқа ене бастаған уақыты болатын. Орта жастағы адамдар мен қатар жасөспірімдердің де санасына вирус болып кірген ұялы байланыс телефондары рухани байлықтарымыздан құралақан қалдырды. Соның ішінде ұлттық ойындарымыз да бар.

Тұтас ұлттың бренді болар дүние неліктен ұмытылып бара жатыр? Тақыр алаңға көлденеңiнен түзу сызық сызып, қатар тiгiлген асықтарды кезектесiп сақамен атқан қазақ балалары неге көрінбейді? Асық ойынын не себепті жалпыұлттық спорт деңгейіне көтере алмадық? Көкейдегі сауалдар кімнің де болсын, көкейіндегі сұрақ болары сөзсіз. Осы тұста, Қызылорда қалалық спорт бөлімінің мамандарымен байланысқан болатынбыз. Пікірлерін тыңдадық. Серік Орманбековтың айтуынша, балалардың асыққа бет қаратпауы заманауи техникалардың қарыштап дамуымен байланыстырды.

Ұлттық ойын бүгінде қайта жаңғырып, қолға алынып жатыр. Оның ішінде, асық спортына Қызылорда жастарының қызығушылықтары артқаны жарыс барысында байқалады. Қала, облыс деңгейінде бір жылдың ішінде, бірнеше турнир ұйымдастырылып тұрады. Одан бөлек, республикалық жарыстарға іріктеу турлары да қатар болады. Әр сайыс сайын қатысушылардың саны артып, ұлттық спорттық дамуына үлес қосып жатыр, деді.

Қазірде ұлттық ойындар қолға алынып, қала ішінде, облыс орталықтарында түрлі сайыстар ұйымдастылып келеді. Жүлделері де аз емес. Қомақты-қомақты сыйлықтарды сарапқа салған сәтте ойыншылардың ынтасы мен жеңіске деген жігерлері арта түседі. Оның үстіне, жылдан жылға қайта жаңғыра түскен асық ойынына еңбектеген баладан бастап, еңкиген қартқа дейін атсалысқысы келетінін көзбен көрдік. Тамашалау үшін де келетін халықтың қарасы қалыңдап келеді.

Ал, асықты кім ойнап жүр? Ескі дәстүрді жаңғыртуды қалайтын мереке күндері ұлттық киімдерімен құдды қойылымға келгендей жүреді. Қолдарында уыс-уыс боялған асық. Көздің жауын алады дерсіз. Алайда, көңіл көншітпейтіні - бұл жасап жатқан дүниелері тек уақытша. Бірер сағаттық ғана. Қойылымның кезінде шапан киіп орталық алаңға шығатын мектеп мұғалімдері екенін де ескергеніміз жөн. Себебі, жоғарыда айтып өткендей, бүгінгінің балалары телефоннан бас алар емес.

Қазақта "қой асығы болғанмен, қолыңа жақса сақа тұт, жасы кіші болса да, ақылы асса аға тұт" деген мақал бар. Бір нәрсенің дайын екенін білдіретін сақадай сай сөз тіркесі де бар. Сақаның асық ойынында алатын орны ерекше. Сақасы мықтының жеңіске бір табан жақын екенін де айта кету керек. Ойын барысында түрлі сақаларды байқауға болады. Кейбір ойыншылар небір құйтұрқы әрекетке де баратын сәттер кездеседі. Бірі асығын егетіп, сырғыма етіп келіп келсе, екінші бірі жасырын қорғасын құйып келеді. Ал, асық ауырлаған сайын дәлдігі де еселене түседі.

 "Асық ату" ойыны, әсіресе компьютер мен интернетте күні бойы отыратын жастарды көз ауруынан құтқаратын, таза ауаға шығарып, қимыл-қозғалыс жасауға, денсаулығын шыңдауға көп пайдасын келтіретінін қазіргі медицина ғылымдары дәлелдейді. Ғылымда да оң көзқарасқа ие болған ұлттық ойынның ғұмыры ұзақ болатынына ғалымдар кепіл береді.

Қызылорда қаласы, Белкөл кенті №189 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Айбатыр Сағаш оқушыларды ұлттық ойынға баулып, қосымша үйірмелерге шақыру арқылы олардың қызығушылықтарын арттыратынын және мектеп ұжымының жетістіктеріне тоқталып өтті.

Оқушылардың бойындағы жасырын қабілеттерін ашу және дамыту, рухани жан дүниелерін байыта түсуге негіз болатын мектепішілік үйірмелер жұмысын қолға алып жетекшілік етемін. Оқушылар сабақтан соң үлкен қызығушылықпен келіп қатысады. Соның нәтижесінде мектебіміздің оқушылары мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері де қалалық, облыстық жарыстарға үздіксіз қатысып жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Ал, "Асық" үйірмесінің ашылғанына аз ғана уақыт өтсе де, жеткен жетістіктеріміз жоқ емес. Мектебіміздің білікті дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сералы Пурханов асық ату жарысынан қалалық іріктеуден жүлделі I орынды жеңіп алып, республикалық жарысқа жолдама алды. Командалық құрамда да Т.Абдраманов, С.Пурханов, Е.Бердімұратов сынды ұстаздарымыз үздіктер қатарынан көрініп келеді. Оқушымыз Жәміш Ардақ қалалық, облыстық жарыстар да жүлделі орындарды жеңіп алды.

Келешекте осы ұлттық кұндылығымыз асық ойынын одан әрі дамытып, жетілдіріп, кеңінен насихаттап халықаралық, әлемдік деңгейге көтеруге бірлесе үлесімізді қосқым келеді. "Асықтарыңыз алшысынан түссін" дегім келеді, дейді №189 орта мектебінің денешынықтыру пәнінің бірлестік жетекшісі А.Сағаш.

Сондықтан ұлттық ойындарымызды ұмытпай тұрғанда, қайтадан қалпына келтірген жөн. Тек мәдени іс-шараларда емес, күнделікті күн тәртібіне енгізу арқылы жас ұрпақтың санасына асық ойынын қалыптастырған жөн. Соның нәтижесінде топтасып ойнау арқылы балалар бауырмалдылыққа, қамқор болуға, бір-біріне қол ұшын ұшын созуға қалыптасады.

Қазір ит таппайтынды интернет табатын шақ. Сол себепті де балаңыздың болашағына алаңдасаңыз, олардың қолданысына да алаңғасарлық танытпағаныңыз абзал. Рухани байлығымыз болып саналатын ұлттық ойындарымызды жойылып кетуіне емес, жоғарылап үлкен серпін алуына өзіңіздің де үлес қосқаныңыз дұрыс. Асық ойнаған бала тек шынығып немесе табысқа кенеліп ғана қоймасы анық. Ол асық арқылы қазақ елінің, қазақ жұртының тарихымен терең танысатыны хақ. Себебі, қазақылық бейнесін көрсетіп тұратын сүйекті қолға ұстаған кез келген бала сол сәттен қызығушылығы артып, тарихына терең үңілері айдан анық расталған дүние.

Қорытындылай келе айтарымыз, "Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар" деген мақал бүгінде жүйеден жылыстады. Оған себеп, асық ойнап, үлкен додаларда жүлделі сыйлықтарға ие болып жүрген жастар жеткілікті. Ал, доп ойнаған футболшылар бүгінде әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, миллиондаған жанкүйерлердің көзайымына айналып та үлгерді. Соның нәтижесінде тұтастай бір қаланың әлеуметтік жағдайына көмек көрсетіп отырғандары да бар.