МӘДЕНИЕТ
Тәуелсіздік алғаннан бері Алаш ардақтыларын ақтау,ардақтау,ұлықтау сынды мәселелер көтеріліп келеді.Алайда кейбір ұлт қайраткерлері жайлы теріс пікірлердің халық арасында таралып жүргені жасырын емес.Оның бірі Сәбит Мұқанов жайлы.Сәбит Мұқанов кедей отбасынан шыққан халық жазушысы,әйгілі «Мөлдір махаббат», «Аққан жұлдыз», «Сұлушаш» романдарының авторы.Көпшілікті 1937 жылғы репрессиядан қалай аман қалғаны жайлы ақпарат қызықтырады.Тіпті кейбіреулер осы фактты негізге ала отыра ұлт ардақтысына күйе жағып жүр.Қазір сіздермен осы тақырыпқа зерттеу жасайтын боламыз.
Сәбит Мұқановтың музейі Алматы қаласындағы Мұқан Төлебаев көшесінің бойындағы бұрын өзі тұрған үйде орналасқан. Бір қызығы, Ғабит Мүсірепов пен Сәбеңнің музейі бір үйде орналасқан екен. Оның өзіндік себебі де жетерлік. С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов құда болған. Мүсіреповтың үлкен қызы Энгелина мен Мұқановтың Арыстан атты ұлы шаңырақ көтерген екен. Екі бірдей жазушы да бір рудан, бір жерден. Мүсіреповтың анасы Дина Оңғарбайқызы Мұқановтың кіндік шешесі екен. Ғабеңді алғаш рет оқуға алып келген Сәбең екен. Мүсіреповтың туған ағасы Хамит Махмұтов Сәбеңнің алғашқы ұстазы болған екен. Қарап тұрсам, екі бірдей заңғар тұлғаларды байланысыратын дүниелер көп-ақ екен. Бастапқыда екі жазушының музейлері бөлек болғанымен кейін біріктірілген екен.
С.Мұқанов музейінің басшысы Әділғазы Қайырбеков Сәбеңнің 13 жасында ауыл молдасынан ескіше хат танып, Құранды жатқа оқығанын, өмір бойы шығармаларын төте жазумен жазғанын, араб елдеріне барғанда таспих пен жайнамаз ала келгенін, бүгінде Сәбеңнің өзі оқыған Құранының әлі де музейде сақталып тұрғанын айтты. Бұл дегеніміз – Мұқанов коммунист, большевик бола тұра өмір бойы Ислам мен Құранға деген көзқарасының түзу болғанының айқын дәлелі. Музейде Шоқан Уалихановтың бәкісі сақталған. Жазушы Абылай, Уәли, Шоқандардың өмірі жайлы көп зерттеген. Кейіннен Мәскеуде «Ариаднаның арқауы» деген пьессасы жарық көрген. 1956 жылы Шоқанның ізімен Қытайға барып, Шыңжан өлкесінен Қашқарияға жетеді. Сол сапары арасында Алыптың адымдары деген кітабын жазып шығады. «Аққан жұлдыздың» төрт томын шығарамын деп ниеттенген жазушы екеуін жазып, екеуін жаза алмай қалады. Бүкіл өмірін Шоқанға арнаған Сәбеңе біз Уалихановтар қатты ризамыз. Шоқанның бәкісі осы музейде тұруы керек деп бәкіні музейге ШотАман Уалиханов әкеліп тапсырған екен.
Енді негізі тақырыпқа тоқталайық. Сәбит Мұқановтың әлі жарық көрмеген 1935-1940 жылдары жарық көрген «Теміртас», «Есіл» аталатаны екі үлкен романы бар. Өкініштісі, осы екі бірдей роман әлі күнге дейін латыннан кирилл әліпбиіне аударылмай келеді. Оған себеп – ел ішінде таралған қаңқу сөз. Ол кісіге оң көзқарас болмай тұрғандықтан кітаптарының басылып шығуына да қаражат бөлінбей отыр. Сәбеңнің жалпы кітаптары 47 тілге аударылған екен.
Сәкенді сатқан Сәбит пе?
Бұл – қисынға келмейтін әңгіме. Өйткені Сәбең Сәкенді өмір бойы ұстаз тұтып, қатты сыйлаған. Сәбең алғаш Орынборға барғанда Сәкеннің үйінде тұрған. Кейін үйленген соң Алматыға қайтқан. Тіпті Сәкеннің төсегінде Ғабит пен Сәбит құшақтасып жатқан екен. Сәкен ұсталып кеткен соң жалғыз ұлы Аян суық тиіп қайтыс болады. Сәкеннің жары Гүлбаһрам апай өмірінің соңына дейін Сәбит мен Мариям апайлармен қатар тұрып, сыйласып өткен екен. Гүлбаһрам апай қайтыс болардың алдында Сәбеңнің жарына: «Мәриям, мені Сәкеннің қасына қойыңдаршы деп айтар едім, бірақ оның сүйегінің қайда қалғанын өзім де білмеймін. Сондықтан мені Сәбиттің қасына қойғыз. Сендердің қастарыңда жатайын»,- деген екен. Бүгінде Кеңсайдағы зиратта Сәбит, Гүлбаһрам, Мәриям апайлар қатар жатыр. Егер, шынымен, Сәкеннің ұсталып кетуіне Сәбиттің қатысы болса, Гүлбаһрам апай осылай жасар ма еді? Ол кісі өмірінің соңына дейін Сәбеңнің тазалығына, Сәкеннің ұсталуына қатысы жоғына сенген. Ешқандай күмән, күдік келтірмеген. Мағжан мен Сәкенді Сәбит ұстатты деген жәй, бөстекі әңгіме.
Сәбеңнің құрдастары оны ақкөңіл, адал азамат еді деп еске алады. Егер шынымен Сәбит Мұқанов сондай қиянатқа барған болса, адам баласына жағымпазданып көрмеген Б.Момышұлы мен жақсыменен жаманды бір қарағаннан-ақ ажырата алатын данагөй қарт Ж.Жабаев өмірінің соңына дейін Сәбеңді сыйлап өтер ма еді?! Мұның бәрі – Кеңес үкіметінің қазақ зиялыларын қазақтың өзіне жау етуі үшін жасалынған қиянаты! Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан ардақтыларымызды ұлықтаудың орнына адалдықтарына күмән келтіріп отырғанымызды өскелең ұрпақ кешірер ма екен кім білсін?