Bugin
Қазақ көгіне батпан бұлт болып төніп, жаулықтағы анаға зілді нәубетін арқалатып, жөргектегі баланы әкесінен айырған, талай азаматтың тағдырын майданда мерт қылған – дәл соғыс уақыты.
Қазақ халқы тарихында соғыс атаулы көп болғанымен, өткен ғасырда өзекке өрт болып түскен майдан көшінің соңғысы – Ұлы Отан соғысы. Осы соғыста мыңдаған қазақ ерлік көрсетті. Тылдағы халық жеңісті жақындату үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен күн демей, түн демей, демалыссыз еңбек етті. Олардың әрқайсысы майданға неғұрлым көп өнім берсе, жауға берілетін соққы соғұрлым пәрменді болатынын, демек, көп күттірген жеңістің тезірек келетінін жақсы түсінді.
Заман ағымын, болашақ халқының басына қандай күндер туатынын болжаған халықтың аяулы азаматтары қарапайым халқының көкірегін ұйқыдан оятып, көзін ашып, зор міндет етіп, бар даусымен, жан айқайымен өлең-жырға да қоса бастады. Халқымыз елін қорғаған, жерін жауға бермеген батырларын әрқашан да ардақ тұтады. Батырларымыздың қуғын-сүргінге түскенін, жазықсыздан атылғандарын естігенде Мұқағали Мақатаевтың мына шумағы мысал бола алады:
«Ой-хой, қазақ даласы, не көрмедің?!
Қанша қурап, қаншама көгермедің?!
Қорқыт Ата қобызымен боздаттың ғой,
Асанның шерге толы өлеңдерін.
Ой-хой, қазақ даласы, не көрмедің?!»
Яғни, енді ғана есін жиған елімнің ертеңі зор, бақыты мол болып, бабаларым аңсаған арманын ұрпағы ешкімге жерін де, елін де бермейді деп сеніммен айта алады. Сол үшін де, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып ел қорғаған батыр бабаларымыз бен аналарымыздың бізге қалдырған аманатындай туған елімізді қорғау, нығайту – кез келген адамға парыз.
Ұлы Отан соғысы тарихта өшпестей орын алса да және көп қасірет алып келсе де, Жеңіс күнін тойлаған кезде ерлік көрсеткен батырларымызды еске алып, алғысымызды білдіреміз. Соғысты көрмесек те, аталарымыз бен әжелеріміздің сол ерлігін құрметтейміз. Осылай дей келе, Ұлы Жеңіс күнінің 76 жылдығы жоғары дәрежеде өту керек екенін де айтқым келеді. Жыл сайын мереке қарсаңында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, оларға мемлекет тарапынан көмек беріледі. Біз ардагерлердің көзін көрген соңғы ұрпақпыз деп айтсақ қателеспейміз, алайда олардың атын ұлықтап есіне алатын соңғы буын емеспіз. Себебі тек осы 76 жыл ішінде ғана емес, ғасырдан ғасырға жалғасып, батылдық пен батырлықтың символы ретінде тарихта қалатын жайт. Бұл қастерлі мейрамның мән мағынасы ешқашан да өшпейді. «Елің үшін отқа түс – күймейсің» дегендей, сол кездегі қасық қаны қалғанша күрескен ардақты ерлерді туған елі ешқашан ұмытқан да емес, ұмытпақ та емес.