МӘДЕНИЕТ
Ranking мониторинг порталы қазақстандықтар арасында дін тақырыбы бойынша сауалнама жүргізген. Нәтижесінде, әр үш азаматтың екеуі өзін діншіл санайды екен. Алайда өзін діншіл санайтын бес азаматтың екісі ғана парыздардың кейбірін орындайтын болып шықты
2020 жылдың төртінші тоқсанында ҚР Ақпараттық және әлеуметтік даму министрлігі елдегі діни ахуал турасында әлеуметтік зерттеудің қорытындысын жариялады. Зерттеуге 18-65 жас аралығындағы 16,1 мың адам қатысты. Оның 67.1%-ы – қазақтар, 23,8%-ы – орыстар және 9,1%-ы – өзге де ұлт өкілдері.
Білім деңгейі бойынша респонденттердің 47,9%-ы жоғары оқу орнын бітірген, 33,5%-ы арнайы, 8,9 %-ы жалпы орта, 5,0%-ы жоғары оқу орнынан кейінгі, ал 4,7%-ы жоғары білімді толық аяқтамаған болып шықты.
Діни жағдайға көшсек, қазақстандықтардың көп бөлігі, яғни 67,4%-ы өзін діншіл санайды. Оның 40,5%-ы белгілі бір формальдылықты сақтаумен шектеледі, ал 26,9%-ы діни парзыдарды орындайды екен.
Сауалнамаға қатысқандардың 23,5%-ы іргесін діннен аулақ ұстайды, алайда өзгелердің сеніміне құрметпен қарайды. Респонденттердің 9,1%-ы атеистік принципті ұстанады.
Қазақстандықтардың 61,3%-ы сүнниттік исламды, 17,2%-ы православие дінін, ал 5% қазақстандықтар католик дінін ұстанатынын растады. 15,8%-ы құдайға сенеді, алайда белгілі бір дінді ұстанбайды.
Респонденттердің 22,8%-ы дін саласынан ешқандай мәселені байқамайды немесе көздеріне ілмейді. Тағы 33% қазақстандық елде өзге ағымдардың көбеюіне алаңдаулы. 23,2%-ы діни экстремизмнен қауіптенсе, 3,1%-ы діни секталардың белсенді болуын құптамайды. Ал тағы 1,8%-ы діни проблемалардың астарында саясаттың жатқанына сенеді.
Айта кету керек, The Cato Institute есебінің дерегіне сүйенсек, ЕАЭО елдерінің ішінде Қазақстан діни еркіндік индексі бойынша Армения, Беларуссия және Қырғызстан елдерінен төмен көрсеткіште. Тек Ресейден оза алды. Елегі діни бостандық индексі – 5,2.