МӘДЕНИЕТ
Қазақ үшін емес, араб үшін фильм түсіріп жатқандаймыз
Qazaqstan ұлттық телеарнасы 19 сәуірден бастап «Ахмет Ясауи» сериалын қалың көрерменге ұсынды. 26 бөлімнен тұратын сериал Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен әділдік үшін күресіне арналған.
Режиссері – Доған Үміт Караджа.
Ақпарат және әлеуметтік даму министрі Аида Балаеваның Түркияға сапары кезінде сериалды Қазақстанда көрсету туралы келісімге қол қойылған.
Сонымен сериал Қазақстан мен Түркияда көрсетіледі. Ал туынды жайында отандастарымыз не дейді?
Ең алдымен Фейсбукте белсенді Көкбөрі Мүбарак Қизатұлының пікірін берейік:
«Ясауи» фильмнің басты кейіпкерлері араб, парсы ма, күрт пе, өңдері недеген түсініксіз. Қазақ үшін емес, араб үшін фильм түсіріп жатқандаймыз.
Өз басым қазақ ішіндегі қожалардың толықтай араб екеніне сенбеймін. Бір бөлім ғана құрайыш. Қалғаны өзіміздің рулардың дін қуалаған аталарынан құралған (түрікпен қожа, керейт қожа), парсы да, урду, пұштұн, соғды да бар ішінде. Генефондтары да өте әртүрлі. Олардың бәрі әбден сіңіп, өңі бізден айнымайтын болып кеткен.
Сөйте тұра, Ясауидың айналасын бізге өңі мүлдем ұқсамайтын кейіпкерлерге толтырып тастауға бола ма?
Ясауидың өзі араб жерінде туған жоқ, қазақ жеріндегі Ассы қаласында туды. Сондықтан, Ассының арабша дыбысталуы бойынша Яссылық (Яссауи) деп аталды.
Ясауи өз кезінде Арабиядан емес, жергілікті руларға сіңген аз топтың ішінен шыққан соң, өңі бәрібір моңғолоид болған болар еді.
Фильм ішін өңкей арабқа толтырып қойсақ, Яссауиды қалай баба таным ретінде қарастырамыз?
Осындай ұлы тұлға жатқан жердің кейінгі кезде Түркістан деп аталуы сіз бен бізді бейжай қалдырмайды. Түркі баласы өзінен шыққан аса діндар бір адамның басына кесене орнатып, оның моласының маңын Түркістан деп атағаны байқалады. Яссауиды араб әлемі біздің Түркі баласы сияқты сыйлап, үнемі еске алмайды. Ал, Ясауидың моласының түбіне алыстан ат арытып келіп жатқан он адамның тоғызы қазақ, өзбек, қырғыз, түрікпен, түрік, ұйғыр, әзербайжан қатарлылар. Ясауи баба Түркімен түп тамыры сөзсіз тығыз байланысты адам. Ұрпақтарының генофондын тексеріп, қан қуалап зерттей берсе, мүмкін араб қанды деп жүрген Ясауи атамыз Бекет ата, Марал ишан сияқты түркінің дін қуған асыл ұлының бірі болып шықса не дейсіз?
Тіпті әрі қарай ойлаңызшы. Араб өз ұлдарына Арыстан, Қарға, Лашын деп ат қоя ма? Отырарда жерленген Арыстан баб, Қарға баб, Лашын бабтарды араббпен тұтастыру қисынға келе ме? Оның бәрі өзіміздің қарапайым түркілер ғой!
Түркінің жүрегі болып тұрған Түркістан қаласының ескі орнын түгел араб әлемі сияқты көрсетіп қойсақ, бұл қазақ жерінің және тарихының хауіпсіздігіне төндірген қатер.
Аталмыш постқа жазылған пікірлер сарынына кезек берелік:
Тұрбала Нұрымбетов: Киноны түріктер түсірген. Сондықтан кінә қоя алмайсың. Өзіміздің ондай кино түсіруге өресіміз жете қойған жоқ. «Махаббат қызық мол жылдар» сериалын көрсең бірден көзің жетеді.
Арайлым Мамырбекова: Түріктер түсірсе де куанып қалдым. Өз тарихымыздан жерінбей, жақындай түскен өзімізге абырой! Бізде де түсер, болашақтың еншісінде болар, бәлкім. Мықты ғалымдар шықсын алдымен тереңдігі теңіздей. Шыңғысханды қытайлар түсіреді, Яссауиімізді түріктер түсіреді. Біз, шала қазақ, Мырқымбай киноларға мәз боп жүре тұралық әзірге.
Мақсат Жақау: Өзіміз түсіруге осы уақытқа дейін құлықсыз болсақ, осылай болады. Сын орынды. Бірақ киноның көркемдігі, костюмі, оранжировкасы, шайқас қимылдары, қала көріністері керемет, бірақ этнография, киізүй, киім, Қожа деп атаулары этнонимдік атаулар, сценарийі Эртогрулдың стилінде мүлдем сәйкессіздіктер, тарихи бұрмалау басым. Бизнес по казахскийді түсіріп жүргенде түп тұқияныңды осылай өзгерте береді. Түркістанда түсіріп жатқан Сақ киностудиясының Яссауиін көру керек, қашан шығады екен?!