Bugin
Қырғыз елі Covid19-ды Ыстықкөлдегі улы тамырдың қайнатпасымен емдеуді дұрыс деп тапты. Бұл ұсынысты халыққа президенттің өзі ұсынған. Шенеуніктер қоспаның инфекцияны жеңетініне кәміл сенімді. Алайда, халық арасынан осы қайнатпаны ішкен 4 адам ауруханаға түскен.
Ең алғаш осы қайнатпаның пайдасын халыққа президент Садыр Жапаров жеткізді. Осыған байланысты, денсаулық сақтау ұйымының министірі тікелей эфирде қоспаны ішкен болатын. Бірақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қырғызстан азаматтарын өздігінен емделуден бас тартуға шақырды. Себебі, аталмыш қайнатпа жеке цехтарда санитарлық тазалықты сақтамастан дайындалып жатыр. Бұл әкімшіліктің желіге жүктеген бейнеролигінен байқалады. Бейнероликте қызметкерлердің қоспаны пластик бөтелкелеріне құйып, сыртына нұсқаулықтарды бекітіп жатқаны көрінеді. Қағазда қайнатпаның коронавирус пен асқазан обасынан (рак) қорғайтыны жазылған.
Сонымен қатар, әкімшілік:
"Біздің дәрігерлер Covid19-дың алғашқы кезеңін екі күн ішінде емдеп шығудың жолын тапты", – деп мәлімдеді. Кейін Facebook пен Instagram президенттің бұл жазбасын өшіріп тастады. Алайда, қырғыздық шенеуніктер бұнымен тоқтамады. Қоспаның пайдалы екенін денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев те айтты. Ол:
"Оның тамырын тек ыстық күйінде қабылдау керек. Егер суық қоспаны ішетін болсаңыз сіреспе(спазм) жүріп, адам бірден қайтыс болады. Қайнатпадан кейін суық су немесе балмұздақ жесеңіз де қайтыс боласыз. Оны қабылдағаннан кейін оранып, жату керек. Мен есепке алған белгілерге(симптом) байланысты, кейін сіз бойыңыздағы жеңілдікті сезінесіз", – деді.
Өз сөзінің дәлелі ретінде, министр тікелей эфирде қоспаны ішті. Осы ісі арқылы ол халыққа қайнатпаның пайдасын көрсеткісі келген.
"Бүгінгі таңда, барлық ауруханада Ыстықкөлдік тамырмен ем-дом әрекеттері жүргізіліп жатыр. Садыр Жапаровтың әкесі дәстүрлі медицинамен айналысады. Сондықтан, мен ол кісіден дозаны анықтап беруін сұрадым. Президент дозаны анықтайды, ал біз қайнатпаны дайындаймыз", – деп айтты Бейшеналиев. Министрдің сөзі бойынша, қоспаны қабылдағаннан кейін елде 300-ге жуық адам емделіп шыққан.
Осыған байланысты, Ош қаласындағы қалалық аурухананың меңгерушісі Кыял Ташболотов та өз ойын білдірді. Оның айтуынша, медициналық қызметкерлердің өзі қоспаны қабылдап көрмекші екен. Ол:
"Біздің дәрігерлер бастапқыда осы індетпен ауырған болатын. Қайнатпа жайлы естігенде бірден қабылдап көргілері келетінін айтты. Осы себептен, біз оларға бердік",– деді. Сонымен қатар, Ташболатов кейбір өңірлерде қоспаға қарсы жандардың да бар екенін айтты.
"Бөтелкелерді жауып жеке қауіпсіз жерге қойып қойдық. Айтқым келгені, біз тек қана нұсқаулық (протокол) арқылы емдейміз. Өзге қоспаларды қосуға құқығымыз жоқ!",– деп мәлімдеді Ташболотов.