Weekend

Диас Жорабеков: Шетелде біздегідей "аға-көке" деген жеңілдіктер жүрмейді

"Болашақ" бағдарламасының түлегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Диас Жорабеков "Болашақ" бағдарламасы арқылы АҚШ-тың білім жүйесін меңгерген азамат. Математик-лингвист, 4 тілді жетік білетін ол бүгінде шетелде білім алғысы келетін жастарға бағыт беріп, өз білімін өзгелермен бөлісіп жүрген азаматтың бірі. Шетелдік гранттарды қалай алуға болады? "Болашақ" бағдарламасына түсу үшін нені білу керек? Ағылшын тілін тиімді үйренудің жолы қайсы? Осы сауалдар төңірегіндегі ойларға жауап алуға ниетті кез келген жасқа тегін көмегін беретін Диас Жорабековті сұхбат алаңына шақырып, сырт елде оқудың қиындықтары мен қызықшылықтары жайында ой бөлістік.

- Диас, қазір шетелде оқу қиын жол саналмайды. Себебі мұхит асып, терең білім алуға ұмтылатындар көп. Дегенмен мақсатты түрде әлемдік тә­жірибені меңгеруде әркімнің мис­сиясы әртүрлі. Сіз АҚШ-та оқуым керек деген ойға қашан тоқтадыңыз?

- Мектепті жақсы оқып шық­тым. Бірақ, үздіктердің қата­рында болғаныммен ағылшын тіліндегі деңгейім төмен еді. Ата-анам тала­бымды байқап "Қазақ-түрік" кол­леджіне оқуға жіберді. Өзіңіз біле­сіз, бұл оқу орнында ағылшын тілі те­реңдетіліп оқытылады. Оның үс­тіне өзім бітірген Тараздағы қазақ-түрік колледжінде елге белгілі аза­маттар түлеп ұшқан. Сол биікке жеткен азаматтардан алған моти­вацияның әсерінен болар, шетелде оқуым керек деп бел шештім. Себебі біз бітірген уақытта 26 ба­ланың 12-сі сырт елдің оқу жүйе­сінде білім алуды жөн көрді. Солар­дың қатарында мен де табы­лып, халықаралық TOEFL сына­ғында 543 ұпай жинадым. Ал, "Бо­лашақ" бағ­дар­ламасы бойынша талап 400-ден жоғары болуы керек. Менің ұпайым жеткілікті болғаннан кейін көп із­деніп, құжаттарды әзірлеп, тілді то­лық меңгеруге күш салдық. Ойлана келе, Американы таңдадым. Ең алғаш рет шет елге аттанып, тіл кур­сын оқуға Аризона штатының Финикс қаласына келдік. Талап бойынша тілді меңгеруге 1,5 жыл уақыт беріледі. Мен оны жарты жыл­да аяқтап, әрі Индиана шта­тындағы Пёрдью  универси­тетіне жолдама ал­дым.

АҚШ-та білім аламын деген ойға тоқтауымның тағы бір себебі, бізге дейін оқыған азаматтардың көш­бас­шы болып келгендігі дер едім. Өйт­кені біз бітірген білім шаңы­рағында оқыған аға буын өкілдері әлі күнге дейін АҚШ-та қызмет етіп, ендігілері елге оралып, табысты атанғандары мені қайрай түсті.

- Шетелде білім алудың өзіндік қиындықтары бар екенін білеміз. Қарапайым қазақ баласы сыртта білім алатын болса нендей жағдайларды ескеруі керек?

- Орынды сұрақ. 5 жыл АҚШ-та тұрып келсем де сол ел туралы толыққанды білдім деп айта алмаспын. Алайда, енді ға­на шетел көруге талпынған жастарға мына мәселелерді айтқан болар едім. Көп адамдар өзге елде оқып жатырмын деп қыз­ды-қыздымен құжат тапсырады. Түскеннен кейін оқу бағдарламасымен танысып, ішкі талапқа енгеннен соң қиындықтарға мойынсұнбайды. Себебі шетелде біздегідей "келдім-кеттім" жү­йе жоқ, ерке баланың сценарийі жүрмейді. Бұл ерекше күш-қайрат, ерік жігерді қажет етеді. Өзім алғаш оқыған жылдары бір пәнге қажетті тапсырма үшін кі­тапханада 4-5 сағатымды арнайтынмын. Кейде қонып та қалатын уақыттар аз болмады. Себебі Америкада сабақ беретін ұстаздар сіздің қай жақтан келгені­ңізді, бұрынғы базалық білімі­ңіз­дің бар-жоғына қарамайды. Олар америкалық балалардың білім стандартын білуі керек деген қағидамен тапсырма береді. Яғни сіздің өреңіз әлемдік стандарттарды қабылдауға дайын бол­уы шарт. Ал, ол күні-түні оқу­­­­мен келеді. Бұған қоса өмір­лік қағида, яғни шыдамдылық пен өжеттілік те керек. Себебі та­­­лаптың тым жоғарылығына шы­дамай оқудан қол үзіп қал­ғандар жастар болды. Тағы бір ес­керері, Батыс елдерінде заң қа­таң. Тәртіп орнымен жүреді. Бә­­рі де заң алдына иіледі. Сон­дық­тан аға-көке, ортаға туысты қосу сынды біздегідей жеңілдіктер жүрмейді.

- Диас мырза, "ауылдан шыққан немесе оңтүстік аймақта өскен қазақы жастардың шетелге шығуы оңай емес" деген пікір­лерді құлақ естіп жүр...

- Мұндай жағдайдың бар еке­ні рас. Бірақ бұл түбегейлі дұрыс деген сөз емес. Меніңше, адамның ауылда не қазақы отбасында өскені тілді меңгеруге тосқауыл бола алмайды. Ол адамның өзіне байланысты. Бір ғана мысал айтайын, менімен бірге жеті­сайлық жігіт шетелде оқуды қа­лады. Шынын айтсам, ол әуелі орыс тілін меңгерді, кейін ағылшын тілін ептеп үйренді. Ол маған қарағанда екі есе қиналды. Екі есе сабаққа шұқынумен болды. Алайда, емтихан барысында бізді шаң қаптырып кеткен жайы бар. Яғни адамның ерік-жігері толық бір мақсатты істі орындау­ға жетелеуі керек. Қазір сол жігіт Астанадағы жоғары лауазымда жұмыс істеп жатыр. Оқи алмаймын деген шектеу тек санада ғана қалыптасады.

- "Болашақ" арқылы оқуға түскендердің бірқатары шәкірта­қы­ны жеткізу қиындық тудырады дейді. Мұхит асуға бекінген жастар қаржылық мәселені қайтіп рет­тегені дұрыс?

- Мен келіспес едім. Себебі "Бо­лашақ" бағдарламасының кереметтігі сонда, мұнда кетемін деп бел буған азаматтардың ша­ма-шарқына қажетті қаражатты толық өтейді. Әр ақшаның өз есебі бар. Шәкіртақыға бөлінген қаржыны жеткізе алмау адамның ысырапшылдығы мен үнем­шіл­ді­­гі­не келіп тіреледі. Ай сайынғы жатын орын, азық-түлік, жол шы­­­ғындары бәрін де есепке алу маңызды. Әрине, ақша тапқысы келгендер қосымша жұмыс та іс­тей алады. Сол себепті аса бір проб­­лема деу қисынға келмейді.

- Әлем елдерінде оқуға талпынатындар қай елді таңдарын біл­мей қиналады. Білім беру тұрғы­сы­нан қарағанда, қандай мемлекеттің білім жүйесі жоғары бағаланады?

- Мынадай елдің білімі мына елге қарағанда бәсең деп топшылауға болмас. Себебі анализ жүр­гізген емеспін. Десе де, Америка мен Ұлыбританияның білім жү­йесін саралауға болады. Сөзсіз, АҚШ-тың білімі мойындалады. Жаһандық рейтингтегі үздік 10 уни­верситеттің тең жартысы Құрама Штаттағы білім ордалары екені ақиқат. АҚШ-та зерттеу бағыты мықтап қолға алынған. Лабораториялардың жабдықтал­уы, оқытылу жүйесі, кітапханалардың байлығы жағынан студенттерге қолайлы. Ал, Брита­ния­да күнделікті сабаққа қатысу міндетті емес. Бірақ, ай соңында емтиханнан жоғары ұпай алу маңызды. Бұл тәртіпке ден қоя алмайтын жастар үшін қиындық тудырады.

Білім алу бөлек, оны өмірде қолдану бір бөлек. Шынын айтқанда, біздің елде жастардың кө­бісі тек диплом үшін оқиды. Ал, Аме­рикада студент қағазға емес, қабілеттерін шыңдау үшін оқуға түседі. Қарым-қабілетін ашу үшін өзіне керекті пәндерге таңдау жасайды. Кредиттік технология деген осыдан шыққан. Ал, біздегі жо­ғары оқу орындары конвейрлі білім беретін секілді. Дипломның соңына еріп, әйтеуір бір мамандық алып шықсам болды деген ой жатады. Бұдан кейін қабілетті маман шықпайды. Ал, қолынан іс келмейтін маманды жұмыс беруші алмайды.

- Демек, елдегі білім саясатына өзгеріс керек пе?

- Тек жоғары оқу орындарында ғана емес, мектеп жүйесіне де өзгеріс қажет секілді. Біз мектептегі балаға ақпаратты тым көп бе­ріп, қажетті-қажетсіз білімді тықпалағандай боламыз. Бұл басты проблема. Балаға фантастикалық кітаптарды оқытып, армандауды, қиялдауды, еркін ойлай алуды да­мытуымыз қажет. Белгілі бір шеңберден шыға алмай қалатын жастар келешекте тек жұмысшы күші ретінде ғана қалып қоя береді. Біздің мектептерде диктаторлық жүйе орнығып алған. Ер­кіндік өте аз. Сондықтан балалар жасық келеді. Осының салдарынан көшбасшылық қабілеттерді шектейміз. Бар ойы үй тапсырманы орындап, сабақты 4-5-ке бі­тіру ғана. Содан барып балалардың өмірге бейімділігі төмендей береді.

- Сіз оқыған университетте кә­сіби білім берудің практикалық жол­дары қандай болды? Есте қалған білімдегі тәжірибемен бөліс­сеңіз.

- Бізге коммуникациялық қа­білеттер өте жақсы деңгейде үй­ретілді. Яғни елмен араласу, көш­­басшылық қасиетті бойға дарыту жолға қойылған. Америка университеттері leadership, яғни тұлғалық қасиеттерді меңгеруді алғышарт ретінде санайды. Сондықтан америкалықтар үшін тек көшбасшы ғана керек. Себебі американдықтар елмен сөйлесуге өте ашық. Мүмкіндіктерді жақ­­сы көре біледі. Уақытылы жұ­мыс жасаудың жолын түсінеді.

Мен оқыған Пёрдью  университетімен келісімге келген компаниялар жұмыс беруші ретінде жыл сайын жәрмеңке ұйымдастырады. Ол жәрмеңкеге түйіндемеңізді алып, сұхбаттасудан өте­сіз. Бірақ оған дейін университет ішінен арнайы мекемелер тегін сабақ беріп, сіздің адами қабіле­тіңізді ашуға жәрдем береді. Осы көшбасшылық, өзіңді бірінші санау, елмен тең дәрежеде сөйлеу әдісі маған Қазақстанға келгенде көп көмегін берді. Дәл осы қасиеттердің арқасында Қазақстандағы мықты компанияға шақырту алдым.

- Бүгіндері саяси ақпараттардан "қазақ жастары шетелге үдере көшіп жатыр" дегенді көп еститін болдық. Бұл ненің әсері?

- Түпкі тамырды жаһанданудан іздеген дұрысырақ. Заманауи медианың дамуы қалаған елде оқып, шекара асып ілім жолына тү­суге жол ашып отыр. Бірақ елден кетіп жатқандарды сатқын деуге қарсымын. Олай дейтінім, өзге елге аттанған қазақ жастарының бірқатары біздің мемлекетке реніші бар деген сөз. Қазақстандағы заң, ішкі саясат саласы адамдарды біраз қыспаққа алатыны жасырын емес. Жемқорлықтың тамыр жаюы, жалақының төмендігі, бизнесті еркін жасауға кедергі келтіру мәселелері шешілсе елде қалуға мүдделі болатын жастар көбейеді.

- Сіз тізбектеген проблемалардың бірінші сатысына жалақы жайы қосылады. Шет ел көріп келген маманды елде ұстап қалу үшін міндетті түрде жоғары жалақы керек деген сыңаржақ ойлар бар. Бұл пікірді жанды деуге бола ма?

- Белгілі бір дәрежеде жанды деп айтамын. Біреулер ән­шейін тек диплом үшін оқып, ен­дігі бірі қабілеттерді игеріп келеді. Жат елде оқыған жастар салыстырмалы түрде анализ жасағаннан кейін Қазақстанның кемшілігін бірден байқайды. Сондықтан жайлы комфортты өмірді өз елінен көре алмағаннан кейін елден кетуге мәжбүр болады.Бірақ, мынаны да түсі­ну керек. Қазақстанға қайтып келген әлдеқайда тиімді, өйт­кені шетелге қарағанда біздің елде бәсекелестік аса жоғары емес, сондықтан ерге оралу қо­лайлы.

- Ісіңізге береке берсін! Ашық әңгімеңізге алғыс білдіремін!

 Сұхбаттасқан

Абай ТАҒЫБЕРГЕН