Bugin

Қазіргінің журналисіне қасқыртектілік керегірек

Ақын, ғалым, ұстаз Оңайгүл Тұржан туралы эссе 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика факультетінің ашылғанына биыл 11 жыл толды. Осы жылдар аралығында факульетімізден білім алып шыққан көптеген түлек журналистика саласының танымал тұлғасына айналды. Олардың университет қабырғасында жүріп терең білім алуына жан-жақты үлес қосқан ұстаз аз емес. Солардың бірі – филология ғылымдарының кандидаты, ақын Оңайгүл Тұржан.

5 жыр жинағының авторы О.Тұржан журналистика және қоғаммен байланыс ғылымы саласын дамытуға да сүбелі үлес қосып келеді.

«Меніңше ақындық пен ғалымдықтың түпкі негізі бір. Атақты математиктердің өмір жолын оқысаңыз, бәрі де өлең жазған және әлі де жазады. Математиканың да, поэзияның да мақсаты – ең қысқа жолмен белгілі бір түйінді немесе идеяны жеткізу ғой. Тек математика цифрдың тілімен сөйлейді, поэзия сөзбен айтады» дейді Оңайгүл ақын.

Қазіргі заман коммуникациясының қыр-сыры көп. Жаһандану талаптары өте кең және күрделі. Демек, болашақ журналистердің жан-жақты болуы – уақыт талабы. Бұл тек білім алушылардың ғана емес, білім берушілердің де жауапкершілігін арттыратыны анық. «Қазіргі студент бұдан 5-10 жыл бұрынғы студент емес, - дейді Оңайгүл апай, - қазіргі студент пен ата-аналардың да білім берушіге қояр талабы артты. Сондықтан бізге де жаңа ғылымның саласын дамытып, үздіксіз  жаңа зерттеулер жүргізіп, үнемі ізденісте болу маңызды».

Университетке қызметке келгенге дейін 17 жыл теле-радио, газет-журнал, баспа ісі салаларында тілшілік, басшылық қызмет атқарып, бұл бағыттағы қызметтердің қыр-сырын әбден меңгерген О.Тұржан білікті де тәжірибелі ұстаз. Қазіргі таңда ол журналистиканы қоғаммен байланыс яғни PR саласымен ұштастырып, ғылымның жаңа бағытына із салуда.  Осы  мамандықтарда оқитын білім алушылар үшін шетелдік авторлармен бірігіп «Паблик рилейшнз теориясы мен практикасы», «Жұртшылықпен байланыс: негізгі ұғымдар, стратегиясы мен тәжірибелері» атты қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтарды әзірледі. Бұл қазіргі таңда осы мамандықта оқитын студенттер мен магистранттардың негізгі оқулығының бірі. Барлық мамандық үшін маңызды болып табылатын имидж мәселесін терең талдаған «Имиджелогия» атты қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың авторы да – О.Тұржан. «Қазір күллі әлем имидж үшін күресуде. Имидж деген – танымал болу деген ұғым. Макроимидж бен микроимидж бәсекелестіктің негізгі көрсеткішіне айналды. Елдік дамуға да, жеке тұлғалық дамуға да мотивация беретін, оның технологиясын үйрететін ғылымның бұл саласы адамтану ғылымымен ұштасып жатыр. Сондықтан бұл ғылымды игеру және өмірде қолдана білу әр бағыттағы жас мамандар үшін де маңызды» дейді ол.      

О.Тұржанның «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы» атты монографиясы махамбеттануға жаңа көзқарас тұрғысынан келген, «Махамбеттің өлеңінің өзі бір көтеріліс» деп, оның поэзиясындағы коммуникациялық сипаттың болмысын ашқан ғылыми әрі көркем жазылған еңбек. «Адам баласы көнбiстi болып та, құлдық қамытын киiп те көрдi. Адами ұрпақтың санасы өз ата-бабасының бастан кешкенiн тура солай қайталауға құштар емес. Ол соны iлгерi дамытқысы келiп тұрады. Бiрақ оны сол қоғамда өмiр сүрiп отырғандардың бәрi бiрдей айқайлап айтпайды. Айқайшы бiреу, екеу ғана болады. Олар адамдардың көңiл түкпiрiнде бұғынып жатқан сезiмдердiң, қажеттiлiктердiң оянуына түрткi болады» дей келіп, Махамбет дәуіріндегі қоғамдық қатынастарға бүгінгі көзқарас тұрғысынан тың баға берді.          

Қазақтың белгілі ақыны Светқали Нұржан Оңайгүл ақын туралы арнайы хабарда былай дейді: «2003 жылы Махамбеттің туғанына  200 жыл толуы қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінің үш нөмеріне қатар Оңайгүл Тұржанның Махамбет шығармашылығын талдаған  керемет мақалалары шықты. Шынымды айтсам, бұрын-соңды дәл мұндай талдаулар көрген жоқпын. Осының бәрі тектен, тамырдан қуалап келіп жатқан Оңайгүлдің бойындағы таланттың Махамбетке соқпауы мүмкін емес екен ғой деген ой келді. Қазір құндылықтар құлдыраған, болашағымыз бұлдыраған заманға тап келіп тұрмыз. Осындай кезде осының бәрінен биік тұратын Оңайгүлдей апамның жер бетінде барлығы, жер басып жүргені өзіме үлкен қуаныш, әрі мәртебе, әрі демеу болады. Ерлерден таппаған кісілігімді сол Оңайгүл апамның бойынан табам. Тілектес болып қатар келе жатқанымызға 30 жыл болды. Мен сол жылдардың ішінде бұл кісінің бойынан бір әлжуаздық, әлсіздік көрген емеспін. Өзін бәрінен биік ұстаймын деп ұстамайды, табиғаты сондай биік». Ақындық дегеннің өзі биіктік ұғымымен қатар жүретіндігін Светқали ақынның сөзінен аңғаруға болады. Ғалымның бұл монографиясы филология саласы мамандарына да, көпшілік оқырмандарға да ой салатын мықты туынды.

О.Тұржан алыс-жақын шетелдердегі ғылыми конференцияларда  жасаған баяндамаларында да тың идеялар көтерді. Тегеран қаласында өткен Мұсылман елдері PR-шыларының 2-ші әлемдік конгресінде (the 2 nd Global Congress for Muslim PR Practitioners) «Исламдық идеяны насихаттаудың жаңа бағыттары» («Improvement of advocacy of Islamic idea») атты тақырыпта  дәстүрлі діннің ұлттық-менталитеттік тәрбиеге  ықпалының маңызы туралы тың  ұсыныстарымен ой тастады. Ұлыбританияның Борнмут университетінде өткен «Паблик рилейшнз тарихы» атты V Халықаралық (The fifth International History of Public Relations Conference (IHPRC)» конференцияда «Publik relations және оның Қазақ тарихындағы көріністері» («Publik relations and its phenomena in Kazakh history») атты баяндамасы және осы елдегі Кембридж университетінде өткен конференцияда «Ресей ғалымдарының «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын зерттеуі» атты баяндамасы ғалымның қазақ руханияты мәселесін халықаралық деңгейде танытуына ықпал етті.  

О.Тұржан жетекшілігімен осы жылдар ішінде бакалавр дәрежесі бойынша көптеген диплом, магистрлік диссертация қорғалды. Қазіргі таңда журналистика саласы бойынша докторанттар даярлау үстінде.

2018 жылдың сәуір айында Алматыда өткен студенттердің ХVI Халықаралық «Сиреневый PRорыв» атты PR-конференциясына О.Тұржанның ғылыми жетекшілігімен қатысқан Темірұлан Үмбет, Қайсар Қазақбаев, Мұхамедәлі 3 студенттің PR-проектісі ең үздік жоба ретінде бағаланып, осы 3 студент арнайы қаржыландырылатын республикалық PR-проектілерге қатысуға шақырылды. Мұның өзі ұстаз еңбегінің жемісі болса керек.

Ұлттық поэзиямызда Оңайгүл Тұржанның орны бөлек екенін білеміз. Оның лирикалық жырлары ой тереңдігімен, жинақы да ұшқырлығымен ерекшеленіп тұратын қолтаңбасы дара ақындар қатарында. 5 жыр кітабының авторы 2015 жылы Астана қаласында өзінің шығармашылық кешін өткізді. Осы кеште абыз Әбіш Кекілбайұлы «Біз байқамағанды байқап, біз көрмей өткен жерлердің астарын ақтара жазған, тасты да сөйлеткен, тауды да жетелей кеткендей етіп суреттеген шеберлігіне тәнтімін. Оңайгүл үлкен тұлға болып өсіпті. Қазақ  поэзиясында қазір өзінің үлкен орны бар, жеткен шыңы бар, бәйгелі, үкілі ақын деп есептеймін» деп өте жоғары баға берді.

Жаңашылдық дегеніміз – өткендегі өмірдің тәжірибесі мен жемістерінің арасында мән-мағынасы бай, деңгейі жоғары заман талабына сай келетін, өткен мен бұрынғының шеңберінен шығып, болашаққа кең жол ашатын маңызы зор ізденіс-әрекеттер. Оңайгүл ақын өзінің ішкі сезімін  ерекше үнмен береді. «Өлең де теңіз толқындарының жалында кетіп бара жатқандай болады» деп автордың өзі айтқандай, оның сүйікті образы – Дала, Теңіз, Тау, Тас! Сан тарау шынайы сезім-сырларын Даламен тілдесу, мұңдасу, сырласу арқылы тудырады.  Объективті шындық дүниедегі затқа не құбылысқа субъективті көзқарасын білдіру мақсатымен коннотативті үстеме мағына мазмұнын жамылған  көркем бейнелер Оңайгүл өлеңдерінде  көп кездеседі.

Өткерер бастан не күйді,

Сөнгенше ғұмыр жалыны.

Тепкіні көріп бекиді,

Тастардың қара тамыры.

Бір сұхбатта Фариза ақыннан «Тұмар» журналының жай-күйі жайында сұрағанда, «Тұмар» журналы туралы Оңайгүлден сұрағаның дұрыс болар еді. Ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан сол ақын сіңлім» деп жауап бергенін білеміз. Фариза апайдың бұл журналды ашқандағы мақсаты жастар шығармашылығын насихаттау еді.  «Құдай бізді сақтаса, жастардың сөзін аяқ асты етуден сақтасын» дейтін Фариза апайдың сөзін жерге тастамай, О.Тұржан бүгінде «Тұмар» журналы арқылы шығармашылықпен айналысатын жастарға қолдау көрсетіп келеді. Тілі шырайлы, ойы құнарлы, сезімі сергек Оңайгүлдің басқаға ұқсамайтын өзіндік көркемдік әлемі бар. Ол ғылымда да, поэзияда да, публицистикада да әр туындысының көркемдігіне, мазмұнына, идеялық нысанасына аса жауапкершілікпен қарады.

О.Тұржан публицистикасы – өз алдына бір әлем. «Әбіш Кекілбайұлы – жиырмасыншы ғасырдың ұлы жаңалығы» атты мақаласының көркемдік деңгейі мақаланы қалай жазу керектігіне сілтеме іспеттес. Мақаланың ерекшелігі – сөйлемдерінің өзі бір-бір қанатты сөздер: «Саясаткер – ең алдымен терең ойдың, ұшан-теңіз білімділіктің, қиыннан қиыстырар сарапшылдықтың, шешендіктің және салмақты іс-қимылдың адамы». «Саясаткер қашан да халықтың көз алдында. Соңынан ерер сөз, алдынан шығар өткір көз – бәрі де нағыз саясаткердің адымын санап отыратыны да рас» деп саясаткерліктің сипатын білідіріп өтсе, «адамзаттық эволюцияның білгірі Әбіш ғұлама Әбіш ғұламаға дейін де өмір сүрген дей аламыз» дейді,  «адамның ішкі әлемін білуі жағынан Достоевскийден де, адамзатты білуі жағынан Толстойдан да өтіп кеткен бір адам болса, ол – Әбіш Кекілбайұлы» дейді. «Астана философиясы» атты мақаласында «Біз жаңа заман арифметикасының есептерін шығаруға кірісіп жатқанымызда, жаһандану бізге өз алгебрасымен келіп жетті. Енді  қоғамымыздың алдында осы екеуін қалайда қатар алып жүру миссиясы тұр» деп толғанады.

«Сана-Сезім экологиясының тіршілік экологиясына тікелей әсер ететіні шындық. Сана-сезім экологиясы таза болғанда ғана, білімге деген құштарлық артады. Жаһандану заманында білімсіз болу, яғни, білмеу – өзіңді өзің басқаның еркіне беру деген сөз. Жаһандану авторлары – асқан білімділер, бірақ олар өз мүдделерін ғана көздейді және сол мүдделерін іске асыру үшін білмейтіндердің көзін байлап, өз ықпалына көндіреді. Осы тұрғыдан келгенде «білместік» – адам болмысына қырсығын тигізетін, жан айқайыңды өзгеге естіртпейтін, меңіреу жартас сынды қуатты. Ол өзінің мүлгіген шырмауығына орап алатындығы соншалық, кейде адамға сол шырмауықтан артық ештеңенің керегі жоқ сияқты көрінеді. «Білместіктің» қара күші ұйқылы-еліктіргіш және көндіргіш зарядтарға ие» - деп ой түйеді.

«Ақпарат заманының бір жаман жері – жұбатуды білмейді. Жұбатуды білмейтіндігінің бір жақсы жері – әркім өз бойынан қуат көзін іздей бастайды» деген тұжырым жасайды.

          О.Тұржан публицистикасы жеке талдауды қажет ететін көркем де терең ойлардың кешені.

Белгілі әдебиет зерттеушісі Тұрсын Жұртбай: «Декаданттық деген – ойлау жүйесіндегі ұлттың өскендігін білдіретін талғам. Сонымен қатар оқырманды өсіреді. Оқырманды өсірмеген ақынды айтары жоқ ақын деп есептеймін. Оңайгүлдің өлеңдеріне құнығып кеткенде күнделік жазыппын. 17 жыл бұрын 1998 жылдың тамыздың 13-і күні күнделігіме Оңайгүл ақынның поэзиясы туралы былай деппін: Шіркін, өлең! Өлген ойды тірілтіп, өшкен арманның отын жағып, ұмыт қалған әлеміңді жайнатып алдыңа келтіреді-ау! Оңайгүл өлеңдерін қара сөзге түсірейікші, қане.

1.Қара түнді қағаз етіп умаждап, отқа жағып жібергендегі, ондағы ойлар күлге айналады; 2. Қараңғы көшенің әр бұрышынан бір-біріне сезіктене қараған үрей түнгі көліктердің адасып жүрген көздерінен жасырынып қалды. Жердің бетінде кілкіп қалған қара май топыраққа сіңіп қалған түннің таты. Теңіз жағалауындағы жартасқа да арғы тегі құм ғой деп сенімсіздікпен қарайды. Ерім сулар – теңіздің сынықтары. Бұны теңізді білетін адам ғана жазған. Балықсыз теңіз – бассыз үй. Қара орман шашын жайды. Сүйегі сынық қоғамға зерлі көйлек кигіздік. Ерте келген көктемнен зәресі ұшқан су жүрек мұз сүңгі шатырдан құлап өлді. Қу сүйегі қалған кәрі жартас күн шуаққа арқасын қыздырды. Мүсәпір қоғамның бір бұрышында тығылып қалған ашаршылықтың ұшығы жоқшылықтың сүйегін кеміріп жатыр. Жә, тамаша теңеу мен көркем ойды қара сөзге түсіреміз деп өлеңді өлтіргеніміз де жетер. Және Оңайгүлге де обал болар. Мұны өлеңмен ғана жеткізуге болады. Және ақындардың ішінде Оңайгүл ғана айта алған. Оңайгүл ақын 25 жыл бойы алыстан орағытып жүріп бір-ақ жинақпен әдебиеттің төріне шықты. Бұл талант дегеніңе дауа болсашы.

Айтарым – талант тас жарады, тас жармаса, сол адамның өзі жарылады. Оңайгүл тас та, бас та жарған жоқ, бүр жарды. Жемісін сарғайып барып берген қоңыр күз сияқты. Ақын миуасының тәттісі мен қышқылы балымен араласып ойыңды үйріпі тұратыны да сондықтан. Оңайгүлдің осы толысқан тұсында да айныған жоқ сол әуен. Оңайгүлдің болмысы сол ақындықпен ғана ашылады. Оңайгүлдің жүрегіне кілт табам деген адам оның өлеңін оқу керк деп ойлаймын. Бұл Фариза емес, Ақұштап емес, Марфуға да емес, Қадыр да емес, Тұманбай да емес, бұл – қазақ әдебеиетіндегі ұл мен қызын ысырып тастағанның өзінде дара ақын. Мен солай сезінем». Т.Жұртбайдай талғампаз ғалымның ғалым ретінде де, оқырман ретінде де берген бағасы Оңайгүл ақынның шын талант екенін танытқандай.

Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рысқұл Ойнаров: «Оңайгүл өлеңдерін оқып таң қалдым. «Сары құм» өлеңінде ақынның сөзі  сары құмға айтылған сөз емес. Қоғамға, жеке-жеке адамға айтылған нәрсе... Ғылыммен айналысқанда адамға ойлар келеді. Ол да тосыннан келеді. Кез келген жерде сақ ете қалады. Эврика. «Қай жақтан кісінедің, құлын өлең?» дейді Оңайгүл. Ұшып бара жатқан қиялдың қанатынан ұстап алғандай тосыннан келген ойлары  көп ақын», - деп бағалайды.

Лондон қаласында 2015 жылы қараша айында өткен Халықаралық IV «Open Eurasia and Central  Asia Book Forum & Literature Festival» конкурсында әлемнің 28 елінен қатысқан 800 үміткердің ішінен әдебиет номинациясы бойынша 30-дың бірі болып, конкурстың финалисі атанып, абыройы биіктеген Оңайгүл ақынның жырларында да, ғылыми зерттеулерінде де, публицистикалық мақалаларында да қазіргі жаңа заманның жаңаша үні бар. Ол Т.Айбергенов әдеби сыйлықтың, Махамбет атындағы әдеби сыйлықтың иегері. С.Цвейгтің «Психологиялық портреттер», З.Фрейдтің «Құдайлар кешкілігі», В.Шоинканың «Аке», Г.Васильевтің «Сарыарқа» атты шығармаларын қазақ тіліне шебер аударып шықты.

Бүгінгі журналистің қандай болуы керектігін Оңайгүл ұстаз былайша сипаттайды:

«Журналист мақтаншақ болмауы керек. Бос сөз – журналист үшін өлімнің қара басы. Мықтылар аз сөзді болады. Бірақ дөп айтқыш келеді. Қазіргінің журналисіне қасқыртектілік керегірек. Журналист ақпаратты ептілікпен жинап, ең ұтқыр сөзбен жеткізуге дайындалуы қажет. Басқа бәсекелестер оның қандай ақпарат жинап жүргенін және оны қандай тәсілмен жеткізгелі жүргенін білмеуі тиіс. Дайын болған кезде жарқ еткізіп шығаруы тиіс. Қасқыртектілік деп отырғаным осы. Журналист жүгіргенде жүйрік. Іс-қимылда шапшаң және журналист 24 сағат жұмыста жүреді. Мен журналистика және пиар мамандығында оқып жатқан студенттеріме үнемі осыны айтамын. Қорқыту үшін емес, дайындау үшін. Адам да жеті қат аспан тәрізді. Өзінің солай екендігін екінің бірі білмесе де, журналист пен пиаршы мұны білуі маңызды. Білуің үшін білім керек». Бұл – ақын, ғалым, ұстаз Оңайгүл Тұржанның өзіне де қояр талабы екен.

Айжан Пернебекқызы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

Гүлшат Таңғалиева, филология магистрі, Yessenov University