Саясат
Қазір билікке де, оппозицияға да саяси ойын ойнауды доғаратын кез келді
Бүгін Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист "Ақ жол" саяси партиясының негізін қалаушы Алтынбек Сәрсенбайұлының қаза болған күні. 1962 жылы 12 қыкүйекте дүниеге келген ұлт тұлғасына 2006 жылдың 11 ақпан күні қастандық жасалып, жүргізушісі және көмекшісімен бірге қаза болған болатын.
...Әрбір жүйе айналып келгенде өзін-өзі қайталайды деген заңдылық бар. Ал арсыз сайлау жүйесі бар тиімсіз әрі дімкәс саяси жүйе нені қайталай алады? Оның үстіне, бұл сайлауды сол баяғы Балиева мен облыс әкімдеріне жүктеп қойса! Бұл тауыққораны түлкіге күзеткенмен бірдей емес пе?!
Дәл мәжіліс сайлауы сияқты өткізілетін болса, әкімдерді сайлаудың қандай қажеттілігі бар? Бірде-бір балама кандидат газет бетіне, телеэкранға шыға алмайтын болса, ол сайлаудан не қайыр? Кімнің қандай шешім қабылдайтынын, кімнің жеңіске жететінін жұрттың бәрі алдын-ала білетін болса, әкімдер тағайындаған сайлау комиссиялары жұмыс істейтін болса, заң бұзылған жағдайда сотқа да шағымдана алмайтыныңды білсең, ол сот атқарушы биліктің аузынан шыққанды орындайтын болса, сайлауды өткізгеннен не пайда? Билік өзінің жойқын күшін паш етуі үшін өткізе ме сайлауды?
Сондықтан да біз мұның барлығына көзбояушылық деген баға беріп отырмыз. Билік саяси плагиатпен емес, мемлекет құрудағы аса маңызды мәселелерді шешумен айналысуы керек. Ең алдымен сайлау жүйесін жетілдіруден бастауы тиіс.
...Қазір билікке де, оппозицияға да саяси ойын ойнауды доғаратын кез келді. Себебі, қазір біз жекелеген саясаткерлердің кеудемсоқтығымен емес, 15 миллион халық тұратын мемлекеттің тағдырымен бетпе-бет келіп отырмыз. Ешкімнің тактикалық міндеттерді жүзеге асыру үшін ғана халықтың тағдырын, олардың балалары мен немерелерінің кемел келешегін қыл үстіне қоюға қақысы жоқ. Қанша дегенмен, тәуелсіздіктің 13 жылдығы жай нәрсе емес, үлкен бір тарихи белес. Енді өз әрекеттерімізге байыппен көз жүгіртіп, жауапты шешім қабылдайтын кез келді.
...Бүгінгі таңда түрлі-түсті төңкерістер Батыста жоспарланып, Ресейге қарсы бағытталған деген қасаң пікір қалыптасқан. Мұны сарапшылар, БАҚ-тардағы жарияланымдар арқылы «ойнатады». Орасан зор қаражаттық және медиаресурстар іске қосылуда. Бір қуаныштысы, осы аяда болса, одан гөрі прагматикалық пікірлер де естіле бастады. Сыбайлас жемқорлық пен авторитаризмге малынған «одақтас» режимдерді құтқару Ресей мүддесіне қайшы келетіндігі және оның имиджіне нұқсан келтіретіндігі күннен-күнге айқындала түсуде. Іс жүзінде не болып жатыр?
...Ұлт. Ұлттық идея. Ұлттық мақсат-мүдде...
Мұның бәрі - өте күрделі әрі терең мәселелер. Дей тұрғанмен, біраз ой бөлісіп көрейін...
Италияның саяси қайраткері Массимо Д.Аурельо ХІХ ғасырда былай депті: «Италию мы уже создали, теперь нам надо создать итальянцев». Ал поляктың саяси қайраткері Пилсудский: «Не нация создает государство, а государство - нацию» дейді. Бұл пікірлерде терең мән жатыр. Әсіресе, біз үшін. Демек, ұлтты ұлт ететін не? Оның тәуелсіз мемлекеті. Нақтырақ айтсақ, мемлекет жүргізетін саясат. Мемлекеттік саясат. Егер бодандықтан босаған ұлт мемлекеттік жүйесін дұрыс құра алса, дамудың үлкен жолына түседі. Теріс жүйеге түссе, ұлт күйзеледі, күйрейді. Мұны 1960-70 жылдары тәуелсіздік алған Африканың көптеген елдерінен көруге болады. Сондықтан да ұлт тағдырын мемлекет жүргізіп отырған саясаттан еш бөліп алып қарастыруға болмайды.
Қазір тәуелсіздік алғанына 15 жыл болған Қазақстандағы халқымыздың тағдырын жеке бөліп алып қарайтын болсақ, біздің алдымызда шешілмеген үш мәселе тұр. Ең біріншісі - әрине, тіл мәселесі.
... Он бес жылдың ішінде Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік сипатқа ие бола алған жоқ. Қазір осы тіл мәселесі ұзақ жылғы үнсіздіктен кейін қайта-қайта қозғалып, қоғамдық ортада үлкен пікірталас туғызып жатыр. Кеңес заманында қазақ тілінің омыртқасын опырып, бұғанасын үзіп, оны қалай жарымжан еткенімізді тәптіштеп, өткен күнге өкпе айтып қарап отырудың реті жоқ. Алдымен өзімізге «Қазақ тілін дамыту үшін, оны толыққанды мемлекеттік тіл ету үшін не істеу керек?» деген сұрақ қоюымыз қажет. Біз қазір, әсіресе, ұлттық интеллигенция мен журналистер көп күшімізді тіл туралы дау-дамайға арнап, пікірталаспен уақыт өткізіп жатқан сияқтымыз.
... Демек, қазақ халқы ауылда тұрып, ауылда қалыптасты. Оларды қалаға белгілі бір шектеулер арқылы біртіндеп жіберу қазақ тілін ассимиляцияға түсірудің амалы еді. Мысал үшін, 100 мың адамның 1 мыңы қалаға көшіп келді делік. Осы келгендер толық орыс тіліне көшіп болғаннан кейін ғана келесі мың адам қалаға жіберіліп отырды. Ал қалалардың барлығында орыстілді мектептер, орыстілді қарым-қатынас. Ауылдан келген бір лек тілінен айрылғаннан кейін барып, олардың орнын келесі лек басып отырды. Егер сол кезде қазақтар қалаға жаппай көшіп келсе, онда тілді де өздерімен бірге ала келер еді. Оларға мұндай мүмкіндік жасалған жоқ. Осы саясаттың салдарынан қазақ халқы өнеркәсіпте жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылды. Мұның екі зияны болды. Біріншіден, технологияны игеруден артта, комбаин мен «ГАЗ-53»-тің айналасында қалып қойды. Екіншіден, материалдық жағдайы төмен болды. Себебі, қазіргі жағдайды былай қойып, КСРО-ның кезін алып қарасақ, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағылардың табыс айырмашылықтары жер мен көктей болатын. Қазақ халқы бұйығы ауылдарда қалуы салдарынан, өз мүддесін жоқтайтын ықпалды саяси күш ретінде қалыптаса алмады.
...Өкінішке қарай, қазір тек қалтасы қалыңдарға арналған элиталық үйлер ғана салынып жатыр. Егер қазақ халқы қалаға лек-легімен келіп, қоныс теуіп, тұрмысын түзеп жатса, бұлар өздерімен бірге тілді де ала келеді. Ал қазақ тілі қалаға келді деген сөз - оны мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруде шешуші қадам жасалды деген сөз.
Өзіңіз-ақ ойлаңызшы, грузиндер, әзірбайжандар, армяндар, Балтық бойы халықтары өз тілдерін неге сақтап қалды? Себебі, оларда қалыптасқан қала халқы болды. Тбилисидің - 90, Ереванның - 95, Бакудың - 80 пайыз халқы жергілікті ұлт өкілдерінен тұрды. Сондықтан, оларда мемлекеттік тіл сақталып қалды.
Қазақ ұлтының алдындағы үшінші үлкен мәселе - экономикалық әлеуетті арттыру жайы. Қазақ халқының басым бөлігі көбіне шөлейтті, қалалардан шалғайда орын тепкен, жерінің құнары төмен өңірлерді қоныстанған: Арал, Семей, Ақтөбе, Атырау, Созақ және тағысын тағылар.
...Бүгінгі жағдай мүлдем бөлек. 15 жыл ішінде қазақтың тұрмыс-тіршілігінде көп өзгеріс болмағаннан кейін қазақ ойшылдары да, зиялы қауымы да, баспасөзі де демократиялық процесске еркін араласа бастады. Бұл - қазақ баспасөзіндегі ең үлкен оңды құбылыс. Екіншіден, бізде әрқашан қазақ және орыс баспасөзін бір-бірімен салыстыру әдісі бар. Бұл дұрыс та шығар, өйткені кез келген нәрсе салыстырумен өлшенеді ғой. Өткенімізге сәл назар аударайық. Мәселен, тоталитарлық кезеңде орыстілді баспасөзге тек саяси адалдық жөнінен ғана бақылау болды. Ал қазақ басылымдарын бұдан әлденеше ауыр цензура батпаны басып тұрды. Бұлар саяси мәселені былай қойғанда, өзінің ұлтына қатысты, ұлттық ойды дамытатын бірдеңе жіберіп қоймады ма екен деп екі есе қырағылықпен бақылап отырды. Қазақ тілінде газет шығару, қазақ ұлтының ой-арманын айту күдік тудыратын әрекеттердің қатарына жатқызылды. Тіпті «Қайрат» футбол командасының құрамында неге қазақ жоқ деген сұрақты қою үшін Ғабит Мүсірепов сияқты Еңбек Ері, не болмаса атағы зор қайраткер керек болатын. «Ұлт тілінің жағдайы қиын» дегенді айтқызбас үшін қазақ баспасөзін зіл батпан салмақ басып тұрды. Ақселеу Сейдімбековтер кезінде «Білім және еңбекті» қалай шығарғандарын жазса, көздің жасын сүртіп отырып оқуға тура келер еді. Осы себепті біздің баспасөзде белгілі бір бәсеңдіктің болғаны рас. Қазақ журналистикасы «үшінші сортты» журналистика ретінде қабылданды, оларға экономика, халықаралық саясат тақырыптарында, қоғамдық-әлеуметтік мәселелер жөнінде жазу міндетті деп есептелінген жоқ. Қазақ журналистикасы ауылдағы малшының, егіншінің жай-күйі сияқты белгілі тақырыптардың шеңберінде қамалып қалған-ды. Біз сол шеңберден шықтық. Енді ол қалыптасып, орыс журналистикасымен иық теңестіру үшін біраз жыл керек. Қалыптасу, жетілу кезеңінен өтуі керек. Біз қазір қазақ баспасөзінде елдің ең бірінші қажеттілігі - күнкөріс мәселесін, яғни, экономиканы, Қазақстандағы компаниялардың жағдайын, төлемдердің түрлерін нақтылап, нарыққа сараптама жүргізіп, жүннің, еттің, мұнай-газ бен металдың бағасында қандай өзгерістер болуы мүмкін деген болжам жасауымыз керек. Сонда қазақ басылымында өмір сүруге көмектесу функциясы пайда болады. Сонда қазақ басылымының да жағдайы жақсарады.
... Қызметке ерте араласқанымнан болар, менің көп адамға көмегім тиді. Көп адамға қолғабыс жасадым. Бірақ, мен олардың бірде-біреуіне «Менің қарауымда бол! Менің қасымда бол! Менің айтқаныммен жүр! Менің дегенімнен шықпа! Өйткені мен кезінде саған жақсылық жасап едім ғой...» деген емеспін. Демеймін де. Егер біз осылай ойлайтын болсақ, онда артта қалғанымызды көрсетеміз. Біз өткен тірліктерді еске түсірумен емес, елге, қоғамға пайдалы істермен айналысуымыз керек. Өткенді қоздату - өресіздіктің белгісі.
Едіге БЕКТАС
"Түркістан" газеті