Білім және ғылым

ҰБТ-ға дайындық қандай болу керек?

Кез келген талапкер үшін ұлттық біріңғай тестілеу – өте маңызды, алынбаған қамал. Ендеше, сол қамалды сәтті алу үшін жас түлекке дұрыс бағыт-бағдар қажет

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұлттық біріңғай тестілеу – жас жеткіншекке жауапкершілікті сездіретін алғашқы сынақ. Сынаққа дайындық барысында талапкерлер түрлі қателік жібереді. Мәселен, жалқаулық, қорқыныш, немқұрайлылық, тағысын тағы. Осындай оқылықтардың орнын дайындықты тиімдірек ететін тәсілдермен толтыруға болады. Әрбір жас түлек мына заттарды ұғынуы тиіс:
 

  • Мақсат

Талапкерде жоғарғы балл алудан бөлек нақты мақсат болуы керек. Мәселен, бұл армандаған мамандық не көздеген оқу орны болуы мүмкін.  Адамды арман мен мақсат алға жетелейді, сондықтан талапкер үшін бұдан асқан мотивация жоқ.

«Жас түлек! Егер дайындығың әлсіресе, бұл әдемі арманыңды ұмытып, жалқаулыққа ерік бердің деген сөз. Егер жалқаулық жеңсе, армансыз адам боласың. Арманыңды ҰБТ-мен байланыстыр! Әрбір дайындығың арманыңа жақындата түседі, сондықтан арманыңа қарай жүр! Тоқтама!»
 

  • Таңдау

Түлектердің көпшілігіне грант ұту ең басты нәрсе болып көрінеді. Осы үшін өз қызығушылығын ескермей, мейлінше шектік балы аз мамандықты таңдайды. Бұл – әрине, қате. Талапкерлер бейіндік пәнін де, мамандағын да қызығушылығына байланысты таңдауы керек. Мәселен, бастауыш сыныптан бері қызыға оқитын, басқа пәндерге қарағанда көп білетін пәнді таңда. Өзің білетін нәрсені толықтыру, жаңа нәрсені үйренуден жеңіл. Әрі өзіңе қызықты пән болса, дайындыққа деген ынта да артады. Мұндай таңдау сынақ кезінде сенімділікті арттырып, сәтті нәтижеге кепілдік береді.  

              Нақты мақсат пен дұрыс таңдау жасағаннан соң, талапкер өз дайындығына қарқынды кірісе алады. Ал енді дайындықты өнімді ететін тәсілдермен танысайық:
 

  • Күнтізбе

Жоспарлы әрекет ету тек ҰБТ-да ғана емес, өмірдегі кез келген жағдайда жақсы нәтиже береді. Демек, әрбір талапкер күнтізбе құрып, барлық іс-әрекетін, дайындығын белгілі уақытпен орындауы керек. Деректерге сүйенсек, жоғарғы нәтиже көрсеткен талапкерлердің көпшілігі жүйелі күнтізбеге үйренген, әрбір дайындығын жоспарлы түрде орындаған.
 

  • Демалыс

Жоспарлы дайындықтың ішінде демалысқа аз көңіл бөлінбеуі керек. Түлектер жіберетін тағы бір қателік – үзіліссіз дайындық. Бұл қателіктің орнын уақытылы демалыспен толтыру керек. Үзіліссіз дайындық есте сақтауды әлсіретіп, еңбекті өнімсіз етуі мүмкін. Сондықтан уақытында демалу өте маңызды. Демалыс деп біз ұйықтауды, серуендеуді айта аламыз. Сүйікті іспен айналысу да демалыс. Мәселен, музыка тыңдау, фильм қарау, т.б.
 

  • Есте сақтау

Талапкерлердің көпшілігі есте сақтаудан қиналады. Оқыған, жаттаған ақпаратты біраз уақыттан соң ұмытып қалу, немесе мүлде оқығаны санасына сіңбей жататын жайттарды жиі кездестіреміз. Дегенмен, түрлі тәсіл арқылы есте сақтау қабілетін жақсартуға болады. Бұл үшін ең бастысы – тамақтану мен ұйқыны реттеу, яғни дұрыс тамақтанып, мезгілімен ұйықтау. Ал тәсілдерге келсек, «ассоциация», «миды алдау» сияқты трюктармен ақпаратты тез жаттауға болады. Адамның жады көрген затты жақсы сақтайтындықтан,  стикерлерге жазып, іліп қою да өте тиімді тәсіл. Сондай-ақ, жалғыз дайындалғанға қарағанда, екі- үш адамдық компания дайындықты өнімдірек етеді.
 

  • Тәртіп

«Айту оңай, іске асыру қиын», көп адамдар күнтізбе құрып, жоспарлап, бірақ орындауға келгенде немқұрайлылық танытады. Иә, расымен де бұл үшін жауаптылық керек, өз болашағына деген жауаптылықты сезінетін талапкер жалқаулыққа бой бермейді.

Өмірде кездесетін көп сынақтың алғашқысын жеңуде жеткіншектерге жалқаулық, сылтау, немқұрайлылық, қорқыныш сияқты заттар кедергі болады. Оларды тек өз табандылығы мен мақсатының беріктігінің арқасында жеңіп шыға алады. Ал талапкер сынақтан өте алмаса, бұл көп сынақтың бірінен сәтсіздікке ұшырау ғана. Әрі қарай жігерді шыңдап, нақты мақсатпен әрекет етуге ешқашан кеш емес. Өзгелердің артық сөзі мен сенімсіздігі сендегі ұлы мақсаттан бейхабар, сондықтан артық сөздерге мән бермеу – әрдайым дұрыс шешім.

Кішкентай сынақтан сәтті өту тек өзіңе байланысты, жас түлек! Біз саған сенеміз, сен де өзіңе сен!