Экономика
Биыл 123 нысанды сату көзделіп отыр
Былтыр «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акциялары ІРО-ға шығарылған болатын. Оған қатысты сауда-саттық 2018 жылдың 14 қарашасында ұйымдастырылды. Осылайша, акциялардың 2 пайызы «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында, ал 13 пайызы Лондон биржасында сатылды.
«ҚазАтомӨнеркәсіп»-тің акцияларын 49 шетелдік және 17 отандық заңды тұлға сатып алды. Сонымен қатар, 2 700 ел азаматы да кәсіпорын акциясына қол жеткізді. Мәмілелердің жалпы сомасы 168 млрд теңгені құрады», – деді «Үкімет үйіндегі» баспасөз мәслихатына қатысқан қаржы министрі Әлихан Смайылов.
Министрдің дерегінше, жекешелендірудің кешенді жоспарына енген 898 нысанның 530-ы сатылымға шығарылған. Оның 473-і 470 млрд теңгеге сатылды. «Республикалық меншіктегі 47 нысан 44 млрд теңгеге, коммуналдық меншіктегі 246 нысан 64 млрд теңгеге, ұлттық холдингтің 102 нысаны 356 млрд теңгеге, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының 78 нысаны 6 млрд теңгеге сатылды. Бұдан бөлек, 280 нысан қайта құруға және таратуға жіберіледі. Оның 170-і қайта ұйымдастырылып, жойылды. Осылайша, жекешелендірудің кешенді жоспары 84 пайызға орындалды. 2018 жылдың қарашасында жоспарға қосымша 48 нысан енгізілді», – деді қаржы министрі.
Биыл 123 нысанды сату көзделіп отыр.
2020 жылға қарай сатылатын нысандар тізімінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 22 ірі нысаны ғана қалмақ. Әлихан Смайыловтың баяндауынша, былтыр бюджеттің барлық деңгейі бойынша жоспарланған кіріс мөлшері артығымен орындалған. Атап айтқанда, шоғырландырылған бюджет 102,6 пайызға, Ұлттық қор 102,3 пайызға, республикалық бюджет 102,3 пайызға, жергілікті бюджеттер 102,8 пайызға орындалған. «Мемлекеттік бюджет кірістері 8 трлн 208 млрд теңгені құрады.
Республикалық бюджет 5 трлн 849 млрд теңгемен толықты. Бұл жоспардан 130 млрд теңгеге артық. Сондай-ақ 2017 жылмен салыстырғанда 836,3 млрд теңгеге көп. Негізінен жоспар мұнайға арналған экспорттық кеден бажы (214 млрд теңге) есебінен, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (46 млрд теңге) есебінен артығымен орындалды», – деді министр. Оның сөзінше, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру жоспарлы түсімдерді артығымен орындауға мүмкіндік берген. «Біздің есеп бойынша бұл шаралардың нәтижесінде 410 млрд теңгеден астам түсім көрдік. Бір ғана цифрландырудың есебінен қосымша 100 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Сондай-ақ тексерулер есебінен бюджетке қосымша 45 млрд теңге түсті. Дегенмен, біз бизнеске деген қысымды біртіндеп төмендетеміз.
Мысалы, 2016 жылы 77 мың тексеру өтсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 42 мыңға, 2018 жылы 38 мыңға азайды. Яғни, тексеру шаралары екі есе төмендегенін байқауға болады», – дейді Әлихан Смайылов. Мемлекеттің бюджеттің 99,7 пайызы игерілген. Яғни, жоспар бойынша 11 трлн 793 млрд теңге игерілуі керек-тін. Соның 11 трлн 758 млрд теңгесі кәдеге жаратылған. «Республикалық бюджеттің игерілуі 99,99 пайызды құрады. Жоспардағы 9,7 трлн теңгенің 1,5 млрд теңгесі игерілмеген. Дәлірек айтсақ, шұғыл және күтпеген шығыстарға арналған Үкімет резервінің қалдығы 17 млрд теңгеге тең болды. Үнемделген қаржы көлемі – 300 млн теңге. Ал 1,5 млрд теңге жеткізу шарттары талаптарының өзгеруі және жұмыс кестесінен қалыс қалу есебінен игерілмен қаражат», – деді министр. Бюджетті игере алмаған мемлекеттік органдар қатарында қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (310 млн теңге), білім және ғылым министрлігі (255 млн теңге), қорғаныс министрлігі (214 млн теңге) бар.
Өңірлер арасында Маңғыстау (7,2 млрд теңге), Қарағанды (2 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан облыстары (1,7 млрд теңге) бөлінген қаржыны толықтай жаратпаған. «2018 жылы бюджет шығыстары негізінен әлеуметтік салаға бағытталды. Шығыстардың басым бөлігі халықты ауызсумен қамтуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, шағын несие беруді кеңейтуге жұмсалды», – деп толықтырды сөзін Әлихан Смайылов. 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 14,5 трлн теңгеге тең. Оның 75,6 пайызы немесе 11 трлн теңгесі – үкіметтік қарыз.
Фархат Әміренов