Мұрағат

«Арай» журналының тарихы

Оқырманның ойындағысын тауып, сыр пернесін тап баса білген басылымдардың бірі – «Арай» журналы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

1987 жылдың сәуір айында көзі қарақты оқырманға жол тартқан республикалық қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журнал жастар арасында үлкен беделге ие болды. Жастар арасында беделді болуының да өзіндік себебі бар. 1987 жылдары Колбиннің кезінде жастарды жақтап үн қататын басылым қажет болғанда жарыққа шыққан «Арай» журналы алғашқы санынан кейін-ақ көпшіліктің көңілінен шыға білді.

Бұған 86 жылғы оқиғадан кейін бой көтерген жариялылықтың нышандары ерекше әсер етсе керек. Қазақстанның Баспасөз және Бұқаралық ақапарат министрлігінде 229 болып тіркелген журнал 2 баспа табақ болып шығып, таралымы 4100-ден 34 мыңға бір-ақ жетті. Журналдың алғашқы редакторы болып Әшірбек Көпішев тағайындалған жылдан бері «Арайдың» басты мақсаты – шындықты бұлжытпай жазу. Шындықты шымылдықтамай ашық айтатын басылымның абыройы ақиқатты айта білуінде. Бұған Жарылқап Қалыбайдың: «Арай-Заря» журналына мақала тапсыруға келіп жүрген күндердің бірінде басылымның бас редакторы Көпішевті жолықтырдым...Баспасөздің қыр-сырына әбден қаныққан журналистер секілді редакцияның ішкі цензурасы, жоғары жақтың түрлі тыйым-сиымдарына қарамай, көңілім қалаған тақырыпты қозғап, жазғым келген мәселелерді жаза бастадым. Журнал еркін ойдың мінберіне айналып, бағыт-бағдары айтарлықтай өзгерді. Оқырманнан келетін хаттар көбейіп, кері байланыс жанданды» деген сөздері бірден-бір дәлел болмақ.

Әшірбек Көпішев бастаған ұжымда белгілі саясаткер-журналистер: Алтынбек Сәрсенбаев, Сейдахмет Құттықадым; аудармашы – журналист Ақас Тәжутов; белгілі ақындар: Есенғали Раушанов, Мейірхан Ақдаулетов, Гүлнәр Салықбаева сынды қазақ баспасөзінің жанашырларынан құрылған топ аянбай еңбек етті.  Бір топ өлеңін құшақтар барған жас ақынға Мейірхан Ақдаулетовтың «Қазақстанда кемi 1200 ақын бар. Бәрiн жариялау «Арай» журналының мiндетi емес»,– деген бiр ғана ауыз сөзінен сол кезеңдегі ұжымның өз жұмысына жауапкершілікпен қарағанын байқаймыз. Бұл да бір «Арай» журналының дүркіреп тұрған шағында оқырман үшін тек сапалы дүние ұсынуға деген ұмтылыстың бір көрінісі.

«Арай» журналының «1001 пікір», «Ашық әңгіме алаңы», «Жеті перне», «Айналайын, «Поэзия», «Проза», «Қызға қырық үйден тыйым», «Ақ шымылдық», «Дәстүр» сынды бірқатар айдарларында оқырманға ой салар мақалалар жарық көріп тұрды. Кейінірек 1995 жылы редакторлыққа Асқанбай Ерғожаев келуіне байланысты «Үлпершек» қосылып, «Арайдың» айдарлары толысты.  Әсіресе, «Айналайын» 14 пен 16 жастағы жасөспірімдерге арналған айдар ерекше ықыласқа ие болды десек болады. Жастардың сырласу отауына айналған «Айналайынға» толасыз хаттар келіп, редакция мүшелері жауап жазып үлгере алмай жатты. 

Демограф Мақат Тәтімовтың «Тесік моншақ жерде қалмасын десек...» атты мақаласында мүмкін болса отырған қыздарды 2-ші әйел етіп алу керегін жөн деп санаған автордың пікірі үлкен пікірталас тудырған. «Арайда» осындай пікірталас тудыратын мақалалар жиі жарияланып отырған. Редакцияның бұл айласы оқырман санын көбейтіп, қызықтырып қойғаны анық.

«Арай» Қазақстанның КСРО-дан бертін келе орын алған барлық оқиғаның куәсі десек те болады. Мәселен, қайта құру, КСРО-ның ыдырауы, инфляция, реформалар, жекешелендіру  болған жылдары журналдың өмір сүрген кезеңімен тұспа-тұс келеді. Жалпы, журналдың өмірін шартты түрде 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның алғашқы екеуі Көпішевтің редакторлық еткен жылымен сәйкес келеді.

Біріншісі – лениншіл коммунистік саясаттың сойылын соққан уақыттағы кездескен қиыншылықтар.  Журнал өмірінің екінші кезеңі де қиыншылыққа толы болды. Егемендігімізді енді жариялап жатқан, көп нәрсе беймәлімдеу тұс еді. Мемлекетіміздің әлем алдында айқындаған алғашқы қадамы жасалды. Елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси тынысы өзгерген сәт болатын.  

Үшінші кезең – тоқырау кезеңі. Елдің хәлі мүшкіл, журналдар жаппай жабылып жатқан уақыт. Сол кездері қос тілді болып басылып шығып жатқан басылымдардың құрылтайшысы, редакторы өзгермей-ақ  өмірін тоқтата бастаған болатын. Бұл қиын сәт «Арайды» да айналып өтпеді.  Өкінішке қарай, «Арай» журналы жарыққа шыққан сәттен бастап орыс тілде басылып шыққан «Заря» журналы 5 жылдан соң тоқтап қалды. Оның басты себебі, сол кездегі барлық журналдарды басып шығаратын «Дәуір» мемлекеттік газет баспаханасы «300 мыңнан таралымы кем басылымдарды шығарылмайды» деп шарт қоюына байланысты орыс тілді басылымға таралым санын көбейту аса қиындап кетіп,  «Заря» журналы өмір сүруін тоқтатты.

Осындай қиындықтарға, бөгеттерге төтеп беріп, алауы өшпеген «Арай» кейінірек 4-5 санын басып шығарып, қаржы тапшылығының әсерінен шықпай қалды. Жалпы, жастарға арналған журналдың тыныс-тіршілігі осындай болған екен.