Bugin

Тіс еміне қатысты миф пен шындық: Тіс дәрігері жауап берді

Халық арасына кеңінен таралған пікірлердің анық-қанығына көз жеткізуге тырыстық. Be smile стоматологиялық орталығының негізін қалаушы, тіс дәрігері Біржан Мұхтарұлы сауалдарымызға жауап берді.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ораза кезінде тісті емдеуге бола ма?

Анестезия тек жансыздандыру міндетін атқаратындықтан оразаңызды бұзбайды. Ол дәрумен немесе тағам қуатын алмастырушы емес. Сондықтан, тіс емдемес алдында егілетін анестезияның ешқандай кедергісі жоқ. Және де ауыздан тым көп қан кетпесе, оны жұтып жібермейтіндей болсаңыз оразаны ұстай беруге әбден болады. Егер де бәрі тым күрделі болса, онда уақытша үзіліс алуға мәжбүрсіз. Қысқасы, «рамазан айында тіс емдеуге мүлде болмайды» деген дүние жоқ. Дәрігермен кеңесуіңіз керек. Тіс дәрігері анестезияның көп мөлшерін қолданатындай жағдайда сізге ескертуі керек. Себебі, аш қарынға оны көтере алмай, естен танып қалуыңыз ықтимал.

«Ақыл тістен» арылу керек пе?

Біріншіден, бұл тісті «сегізінші тіс»  деп атай бергеніміз дұрыс шығар. Бұл тіс ақыл тоқтататын уақытымыз 18-25 жас аралықтарында шығатындықтан халық арасында сондай атауға ие болып кеткен. Шын мәнінде, ақылымыздың бар-жоғына түк те қатысы жоқ деп ойлаймын. Одан арылу мәселесіне келер болсақ, көбіне жұлдырып тастауға кеңес береміз. Себебі, сегізінші тіс әдетте қисайып шығады. Өзін былай қойғанда, өзге тістерге кедергісі көп. Олардың да орналасу ретін бұзып, ұсқынсыз кейіпке алып келеді. Тіс щеткасы жете бермейтін жерде орналасқандықтан, кариес пайда болып, тағы да жанындағы тістерге залалын тигізеді. Осы сынды себептермен ақыл тісті жұлуға тиіс болып жатамыз. Егер тіс дәрігеріне  6 ай сайын қаралып тұрсаңыз, мұның бәрінің алдын ала аласыз. Рентген арқылы дұрыс өспей келе жатқан сегізінші тісті ертерек байқауға болар еді. Жалпы тіс саулығын сақтаудың да төте жолы осы. Асқынғанда келсеңіз, ауырсынудан қиналғаныңыздан бөлек, қаржы жағынан да көп шығындаласыз.

Тісті құрт жей ме? Ол неден пайда болады?

Тіс кариесінің себебі – стрептококк бактериясы. Ал, ол гигиенаны дұрыс сақтамағандықтан пайда болып жатады. Күніне 2 мезгіл тісті жуу, тамақтанғаннан соң міндетті түрде ауызды шаю сынды қарапайым қағидаларды елемеуіміздің нәтижесі деуге де болады. Тәттіні мөлшерінен тым көп жеу де тіске өте зиян. Күнделікті рационыңызда көмірсу көп болып, белок, витамин, кальций және фосфор тұздарының жетіспейтін болса тіс зақымдана бастайды. Ұдайы күтім жасап тұрыңыз. Тіс түсіп қалғанша жүре беріп, протез салдыру үшін стоматологияның есігін қағып келетіндер қаншама?!

Тісті кәсіби тазарту қаншалықты пайдалы?

Жарты жыл сайын стоматологияда кәсіби тазартудан өтіп тұрғаныңыз жақсы. Оның көп көмегі бар. Әсіресе, кариестің алдын алуда таптырмас амал. Күнделікті тісті екі мезгіл жуғанның өзінде әсері кәсіби тазартудай болмайды.

Тіс ауруын асқындырып жүре берудің бірден-бір себебі қаражат жағына да келіп тіреледі. Көбі стоматологиядағы ем-дом қымбат деп ойлап, қолда бар ақшасы жетпей қалудан қысылатын сияқты. Шын мәнінде, тіс емдеудің құны соншалық қымбат па?

Нақты жауап бере алмаймын. Баға көрсетілетін қызметке сай секілді. Мүмкін қателесетін де шығармын. Алайда, әбден асқынғанда емес, алдын ала келіп қаралып жүру арқылы біршама қаржы үнемдеуге болатынын айта аламын.