Қоғам
Сауыр мен Сайхан тауларын қақ жарып ағып жатқан өзеннің бойында құз жартас бар. Сол жерде алып құс ұясының орны жатыр. Әбден сарғайып, көнеріп кеткен үлкен ағаш бұтақтарынан және шөп қалдықтарынан жасалған ұяны халык «Құмай ұясы» деп атайды. «Ұя осындай үлкен болғанда, құмайдың өзі қандай болды екен?!» деп жұрт таңғалады екен. Ел арасында осы ұя туралы мынадай аңыз бар көрінеді.
Ерте заманда Малай деген қойшы болыпты. Бір күні оны құмай деген алып құс көтеріп, қалың кұз жартастың ішіндегі балапанының қасына әкеліп тастапты. Сол кезден бастап Малай балапанмен бірге құс әкеліп берген аң-құстың етін жеп, күн көреді. Шыңыраудан қалай шығудың амалын ойластырады. Өзі талғажау еткен аң мен малдың тарамысын есіп арқан жасайды.
Күз келіп, балапан өсіп, қанат қағады. Бір күні Малай құстың екі аяғына арқанды байлайды. Өзі сол арқанға асылып жатады. Біраздан соң енесі келіп, балапанын ертіп жоғары көтеріледі. Арқанға белінен асылып жатқан Малай да бірге ұшады. Екі құмай қатар ұшып, Сайхан тауының басына қонады. Малай болса, құстың аяғындағы арқанды шешіп қала береді. Құмайлар ұшып кетеді. Осылай бір жаз жоғалып кеткен Малай еліне оралады. Оны көрген жұрт тапқырлығына риза болады. «Малай, тасқа түсуің қалай?» деген мәтел осыдан қалған екен.