Weekend
Қазақстан
1. Каспий теңізі
2. Балқаш көлі
3. Зайсан көлі
4. Алакөл көлдер жүйесі
5. Ертіс өзені
Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерi аймағындағы шаруашылық қызметке қойылатын талаптар.
1) санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық жағдайды сақтау мен жақсартуға бағытталған қызмет түрлерiнiң басымдығы;
2) су объектiлерiнiң экологиялық жүйесiне шаруашылық қызметтiң әсерiн ұдайы азайту;
3) тұрақты даму принциптерiнде әлеуметтiк-экономикалық мiндеттердi шешудiң және ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерiн қорғаудың баланстылығын көздейдi.
Каспий теңізі қазаншұңқырларының бедеріне қарай үшке бөлінген. Солтүстік бөлігінің шегі Маңғыстау түбегі бойымен өтеді. Ортаңғы бөлігі содан Апшерон түбегіне дейін созылған, қалған жері оңтүстік бөліктің үлесіне келеді. Солтүстік бөлігі таяз, көп жерінде 5 м-ден аспайды, ең терең жері 26 м, жалпы теңіз ауданының 24%-ын алады. Орталық Каспийдің орташа тереңдігі 200 м, ең терең жері 788 м, жалпы теңіз ауданының 36%-ын қамтиды. Оңтүстік бөлігінің орташа тереңдігі 345 м, ең терең жері 1025 м, теңіз ауданының 40%-ын, ал теңіз суының 66%-ын алып жатыр. Қазақстанға жататын солтүстік және орта бөлігінің солтүстік анағұрлым тайыз болып келеді. Аралдар саны аз, жалпы ауданы 2045 км2. Қазақстан жерінде олардың 88%-ы орналасқан. Ең ірілері Төленді аралдар тобындағы (архипелаг) Құлалы және Морской аралдары. Каспийге шығыс жақтан Маңқыстау, Түпқараған, Бозашы сияқты үлкен түбектер сұғына еніп жатыр, шығыс жағалауында шығанақтар да көбірек кездеседі. Олардың қатарында Маңқыстау мен Қазақ шығанақтары бар. Ауданы 376 000 км2. Меридиан бағытында 1200 км-ге созылған, орташа ені 300 км. Жағалау сызығының Ұзындығы 7000 км.
Теңіз деңгейі үнемі өзгеріп тұрады. 1830-1929 жылдары 25,5 және 26,6 м көрсеткіштен айнымалы. 1929 жылдан 1977 жылға дейін деңгейдің күрт төмендеуі байқалды. 1978 жылдан бастап Каспий қайта көтерілді, 1995 жылдың басында - 26,5 м-лік көрсеткішке жетті. Жағалауды теңіз суы қайта басты.
Балқаш — Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл.
Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі үшінші орында. Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының шегінде, Балқаш-Алакөл ойысында, теңіз деңгейінен 340 м биіктікте жатыр.
Ауданы құбылмалы: 17 – 22 мың км², ұзындығы 600 км-ден астам, ені шығыс бөлігінде 9 – 19 км, батыс бөлігінде 74 км-ге жетеді. Суының көлемі шамамен 100 – 110 км3. Су жиналатын алабы 500 мың км²-ге жуық. Орташа тереңдігі 6 м, ең терең жері 26 м. Балқаштың батыс бөлігіне Іле (жер бетімен келетін судың 78,2%-ын береді), шығыс бөлігіне Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендері құяды. Солтүстіктен ағатын Аягөз, Бақанас, Тоқырауын, Жәмші, Мойынты, т.б. өзендер әдетте көлге жетпей сарқылады. Көлдің солтүстік жағалауы Сарыарқаның ұсақ шоқылы тау сілемдерімен ұштасып жатқандықтан, биік жарқабақ болып келеді және көптеген жыра-жылғамен тілімденген, ал оңтүстік жағалауы – суы біртіндеп тартылған кезде жиналған шөгінділерден пайда болған құмды ойпат. Көлдің көптеген шығанақ, қойнаулары бар, аралдары аз, үлкендері: Басарал, Тасарал. Балқаш туралы алғашқы жазба деректер 13 ғасырдан белгілі. Көлді тиянақты зерттеу 17 ғасырда басталды.
Зайсан көлі — Қазақстанның көлдерінің Оңтүстік Алтай және Сауыр, Тарбағатай жоталары арасындағы тектоникалық ойыста жатқан тұщы көл. Көл теңіз деңгейінен 395 м биіктікте. Жағалауы жайпақ. Тектоникалық бөген көлдер типіне жатады
Суының минералдануы 100 мг/л-ден артпайды, түсі көкшіл, мөлдірлігі 1,3 м. Химиялық құрамы жағынан хлоролы-натрийлі. Жоғарғы деңгейі мамыр айы мен маусым айының бас кезінде, төменгісі қыста байқалады. Қараша - сәуір айларында мұз құрсанып жатады.
Зайсанға Қара Ертіс, Көкпекті, Жарма, Кендірлік өзендері құяды да, Ертіс (Ақ Ертіс) ағып шығады. Өзеннің жалғасы көл табанындағы ені 2 км, тереңдігі 10 м-ге дейін баратын ұзынша ор түрінде байқалады. Су режимі Қара Ертіспен байланысты.
Алакөл — Қазақстандағы Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан тұйық көл. Аумағы 20 мың гектардан асатын бұл өлкеге денсаулығын түзеткісі келетіндерден басқа, теңдесі жоқ көлде шомылу мен балық аулағанды ұнататындар келеді.
Орта ғасырларда "Гургенор", кейін "Алактогол", "Алатеңіз", "Алакта" деп те аталған. Алакөл — Жетісудың Балқаштан кейінгі үлкен көлі. Ол Алакөл ауданының солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Көл ағынсыз, солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Теңіз деңгейінен 247,3 м абсолюттік биіктікте орналасқан. Көлдің аралдарымен қоса есептегендегі аумағы 2696 км2, ұзындығы 104 км, ең шығыңқы ені 52 км, жағалауларының ұзындығы 384 км, орташа тереңдігі 22,1 м, ең терең жері 54 м, көлдің су көлемі 58-60 км3. Су жиналатын алабы 47859 км2. Алакөлдің ең ірі шығанағы — Алакөл шығанағы. Ол көлдің оңтүстік-шығысындағы тау аралық ойыста орналасқан.
Ертіс — Солтүстік Мұзды мұхит алабында жатқан өзен, Обь өзенінің сол жақ саласы.
Қазақстан жерінде Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары арқылы ағады. Жалпы ұзындығы 4248 км, оның 1698 км-і Қазақстан жерінде. Су жиналатын алабы 1643 мың км2.
Алтай тауларының сілемі Бесбоғда тауынан алады. Зайсан көліне дейінгі бөлігі – Қара Ертіс, көлден төмен қарай Ақ Ертіс немесе Ертіс деп аталады.
Арнасы бастау жағында, негізінен, қар, мұз суымен, орта және төменгі ағыстарында қар, жаңбыр және жер асты суымен толығады. Алабы Алтай тауларының оңтүстік-батысын, Тарбағатайдың солтүстік-батыс баурайын, Сарыарқаның солтүстік-шығысын, Ресей жерінде Батыс Сібір жазығы мен Шығыс Орал етегін қамтиды.