Bugin

Отбасы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды қалыптастыру жолдары

Жаңа Қазақ елі үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, т.б. ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Отбасы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды қалыптастыру жолдары

 

Oтбaсы – барлығымыздың жүрегімізге ең жақын сөз. Ол – махаббат пен тыныштықтың, мейірім пен жарасымның, қуаныш пен мерекенің мекені. Адам баласының өсіп-өнетін алтын ұясы. Cыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай ғана Отан. «Oтан – отбасынан басталады» дегендей отанды сүю – отбасынан басталатыны рас! Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы баспалдағы. Оның ер жетіп, бойжетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік қасиеттерінің белгілері отбасында қалыптасады. Барлығымызға белгілі –  әлемдегі біздің ең шынайы байлығымыз – ол, әрине біздің отбасымыз. Тек қана отбасы бізге күш пен өзімізге деген сенімділік береді, өмір үйрететін сабақтардан сүрінбей өтуге көмектеседі, ұлттық құндылыққа баулыйды. Бір сөзбен айтқанда, отбасы - барлық рөлдері бөлініп қойылған қоғамның шағын моделі болып табылады. Демек, отбасы – бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар бұлағы, бастауы. Әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні жоғары үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы тұрғыдан отбасын ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастыруға болады (1-сурет).

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1-сурет

 

Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, т.б. ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Жас ұрпақ тәрбиесінде үйлесімділік заңы салтанат құруы шарт. Яғни ол өзінің өсу, есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс. Сонда ғана тұлға бойында ұлттық рухани қасиеттер бірте-бірте қалыптасары сөзсіз. Тұлға бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырудың көзі, отбасы, әулет, әлеуметтік орта, мемлекет болса, ұлтық құндылық, ұлттық салт-сана, ұлт алдындағы міндет, парыз, намыс, ұлттық рух, ұлттық салт-дәстүр, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтың жоғары көрсеткіші. Ал ұлттық құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтар белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән, адами қадір-қасиет, яғни ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Оларға меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, сыпайылық, мәдениеттілік, шығармашылық, рухани байлық, махаббат сынды қасиеттер жатады. Кез-келген ұлттың сипаты бес қағидаға келіп тіреледі: Біріншісі – тілі, екіншісі – діні, үшіншісі – дәстүрі, төртіншісі – тарихы, бесінші – атамекені (2-сурет).

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2-сурет

 

Құндылықтар – шынайы ғана болады, ол адамға тәуелді емес, дей тұрғанмен ол ең алдымен адам санасында орын алады. Құндылықтарды сезім арқылы қабылдап, ал сана арқылы түсінуге болады, соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді, соған сай әрекет етеді. Өз ұлтын қадірлеп, қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» - дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі – өзім, екіншісі – халқым» - дейді. Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне келешек ұрпақты ел жұртқа ие болатын азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа?  Қазақ халқы баланы жамандықтан жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратындай болып өсуін ұлт тәрбиесінің негізгі қағидасы етіп ұстаған. Ұрпақ тәрбиесіне кешігу дегеніміз мертігумен бірдей емес пе?!

 

Тәрбие бала тумай тұрып, дүниеге келмей тұрып берілуі тиіс. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: – Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде, оларға жастайынан имандылық пен ұлттық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденуіне үлес қоса алатын азамат өсіре аламыз деген болатын. Сондықтан отбасы тәрбиесіндегі баланы толық қанды тұлғаға айналдыру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор (3-сурет).

 


              3-сурет

Ұлттық құндылығымыздың бастауы – тіліміз. Тіл жоқ жерде ұлт та жоғалады. Тіл – бөбектің үні, тіл – ананың әлдиі, тіл – бесік жыры. Ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келген асыл қазынамыз – ұлттық тіліміз, мемлекеттігіміздің тұлғасы, тәуелсіздігіміздің тұғыры. Аңызақ желге, сылдырлап аққан бұлақ суына құлақ тоссаң, бабалар үнін естисің, қобыз бен домбыра күйіне құлақ салсаң тағы да бабалар үнін естисің. Тіл арқылы тереңде жатқан тарихтың тағылымын, мәдениеттің, әдебиеттің ұлағатын танисың. Тіл – ар өлшемі. Тәлім-тәрбие тілден басталады. Олай болса тілге құрметпен қарау – рухы мықты, өткенімізді саралап, болашағымызды болжай білетін ұрпақ тәрбиелеу.

Жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Елбасымыз «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәселенің қоғам үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп берді. Отбасы тіршілігінде ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер үнемі сақталып отырса,баланың ұлттық сана-сезімі ерте оянады. Әр көкірегі ояу қазақ баласының ұлттық құндылықтарды меңгеруі оның отбасылық құндылықтарды меңгеруінен басталады. Егер адам отбасының үлкен құндылық екенін түсініп, ата-ана алдындағы парызын өтеуге бейімделген болса өсе келе ол бұл бағыттың біртіндеп Отан алдындағы борышымен, азаматтық парызына ұласатынын аңғарады. Сондықтан әр ата-ана баланың отбасылық құндылықтарды толық меңгеруіне мүмкіндік жасағаны абзал.Отбасындағы құндылықтарды бағалай алмаса,адам ұлттық құндылықтарды да құрметтемей өтуі мүмкін. «Ел боламын десең,бесігіңді түзе»деген қанатты сөз де осы ойдың дұрыстығын меңзейді. Отбасылық тәрбие арқылы қалыптасатын ұлттық құндылықтар балада ұлттық таным жүйелі қаланып, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан жағдайда ғана ол ұлт мүддесін ойлайтын,елжанды азамат бола алады [1]. Бірақ соңғы жылдары қазақ ұлтының төл тарихында байқалып отырған отбасылық тәрбиедегі олқылықтар мен кемшіліктер ауқымы үлкен ұлттық мәселеге айналуда. Сол мәселердің бірі ретінде ұлттың тіл тағдыры, ұлттық дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарымыздың дұрыс сақталмауы алаңдатады. Мәселен, ана тілін, ата тарихын, мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін білмейтін жастар; тастанды жетім балалар мен «қиын» балалар; отбасын құрмаған немесе ажырасқан жастар; ата-аналардың бала тәрбиесімен айналысуға жағдайы мен уақытының жетіспеуі т.б [2]. Бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы — қазақ халқының отбасындағы бала тәрбиесіндегі ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып тәрбие беру.

Тәрбиелі білім – қазына, тәрбиесіз білім – қасірет екендігі баршамызға мәлім. Сондықтан кез келген сатыда тәрбиелі білім беру – міндеттіміз. Тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында ұлттық салт-дәстүр, рухани адамгершілік құндылықтарын дамыта тәрбиелеуді ұстанамыз. Ұрпақ тәрбиесі бір күндік немесе бір уақытта аяқталатын әрекет емес, тәрбие отбасынан басталады және өмір бойы жалғасады. Бүгінгі таңдағы отбасы тәрбиесінде қоғам ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Бүгінгі тәрбие берудің негізгі міндеттерінің өзі ең алдымен дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, ар-ожданы мол, парасатты, еңбекқор бойында басқа да ізгі қасиеттері қалыптасқан адамды тәрбиелеу-деп көрсетілген Қазақстан Республикасының тәлім-тәрбие тұжырымдамасында Отбасы тәрбиесінің негізі мәні отбасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністік болып табылады [3]. Ұрпақ ата-анасының еңбектегі ісіне көңіл бөліп,оны түсінуге тырысады. Себебі бала тәрбиесімен айналысудан қиын, әрі маңызды, пайдалы әрі құнды еңбек бар ма?

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге-жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде отбасында атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің мектеп атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. «Тәрбиесіз берген білім қауіпті», – деген екен әл-Фараби. Технологияның дамып, әлемдік жаһандану үдерісі кезінде білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізу керектігін көпшілік мойындап отыр.

Біздің қоғам алдындағы мақсатымыз – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Әрине, тәрбие жалаң болмауға тиіс. Жалаң тәрбие қауқарсыз. Кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Тәрбиенің мақсаты – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Сондықтан тәрбиенің жүзеге асуының технологиясы қалай дегенде де ұлтымызға ұстын, болашағымызға тұғыр болатын ұлттық тәрбиеде жатыр деп нық сеніммен айта аламыз [4]. Тəрбиенің басты міндеттердің бірі – жас ұрпақты азаматтық пен отаншылдыққа баулу. «Отан» деген ұғым балаға дүние есігін ашатын туған жері, кең байтақ гүлжазира даласы. Балаға «Отан», «туған жер» дегеніміз — тарихи қалыптасқан əлеуметтік, саяси жəне мəдени орта. Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыз, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы жинақтаған өмір тəжірибесін, бай рухани қазынасын жас ұрпақты тəрбиелеуді пайдаланған бала тəрбиесіне ерекше мəн бере, үміт арта, сергек қараған. Жас ұрпақтың алдына асқарлы мақсат қойылып, келелі міндеттер жүктеген. «Болашақ ел қамқоры», «Отан қорғаушысы», «Шаңырақ иесі», — деп жақсы сөзін қазақ халқы баласына арнаған. Отанды сүю халық ауыз əдебиетінде, ақын жыраулардың шығармаларында, халықтың тəрбие-дəстүрлері, əдет-ғұрыптары, отбасындағы ұлттық тəрбие, халық ойындары мен мерекелері, музыкалық шығармалары, бейнелеу өнері, қол өнері туындыларында тəрбиелік мазмұнда көрініс тапқан.

Қaзір кімде-кімнен oның отбaсында қaндай дәстүрлер бар және олар қаншалықты маңызды деп сұрасаңыз, әрбірі басын шайқап, иығын көтереді. Не жауап берелерін білмейді. Ал соңғы кездері БАҚ-тарда отбасылық дәстүрлері туралы өте көп айтылып жүр. Бұл туралы дауыстап және шаттанып айтылуда. Отбасын нығайту және дамыту бойынша әр түрлі бағдарламалар туралы. Отбасылық мұраға ұқыптылықпен қарау туралы. Тек барлық отбасылық ұлттық дәстүрлер, әдетте, балаға түнде ертегілер оқумен ғана жинақталады.

Міне, біздің әжелеріміз бен аталарымыз ұлттық салт-дәстүрлердің мағынасын білген! Әсіресе, бұл ауылда дүниеге келгендерге тән. Онда өмір салты ерекше. Онда отбасылар ерекше өмір сүреді. Өйткені, ауыл – бұл жер, өріс, су, ағаштар және үй жануарлары. Себебі салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар мен салт-жоралар арқылы уақыт байланысы одан басқа еш жерде білінбейді. Әрине, бұл көбінесе егін егумен байланысты. Қашан егіс және жинау маусымы басталғанда, барлық аулалар бұл оқиғаларды тойлайды. Бұл жерде  отырыстар да, өлеңдер де, серуендер де болады. Дәстүрлер рухы түрлі мерекелеулер мен құпияшылдықтар арқылы жеткізіледі. Үйлену той, қоныс той, баланың туған күні және басқа да осыған ұқсас құбылыстар шулы және кең көлемде тойланады. Шын жүректен! Иә, отбасы ішінде балалар біздің аталарымыздан келе жатқан ұлттық дәстүрлер арқылы тәрбиеленуде. Рас, соңғы кездері көптеген отбасылық ұлттық дәстүрлердің өшуі байқалады. Қалалану өз ісін істейді! Білесіз бе, ал Сіздің балаларыңыз оларға Сіз құрып берген әлемде өсіп келеді. Оны қызықсыз және тартымсыз етіп, сондай-ақ жарқын және толыққанды етіп жасауға болады. Болады! Жай ғана жұмыс істеп,  мәңгі уақыт таппауға да болады. Шаршап келіп, теледидар алдында отыруға да болады.Түсініңіз, отбасылық дәстүрлерді өзіміз құрып, оны сақтауға және жалғастыруға болады. Отбасында ұлттық салт-дәстүрлер болғаны қандай жақсы! Өйткені, олар өзінің қайталанбас және бірегей әлеміңді құруға мүмкіндік береді. Отбасылық ұлттық салт-дәстүрлер бүкіл ата-бабалық ұрпақты біріктіреді. Ал сіз үшін отбасындағы ұлттық дәстүрлер мен салт жоралар қандай мағынаны білдіреді? Сіз отбасылық тұрмыс салттың сақталуымен мақтана аласыз ба? Ең болмағанда, бір минутқа ойланып көріңізші... Әрбір отбасының қалыптасқан әдет-ғұрпы, ата дәстүрі болады. Сонымен бріге жалпы қазақ отбасына ортақ ұлттық дәстүрлер де бар. Оларды атап өтсек мыналар: жасы кішілер үлкендердің атын атамай, ата-әже, әпке,аға, әке деп сыйлап қарым-қатынас жасауы, сондай-ақ жасы кішілер үлкендердің, әсіресе қариялардың алдын кесіп өтпеуі, отбасы мүшелерің бірін-бірі ренжітпеуі, әрқайсысының шама шарқынша іс атқаруы.

«Ұлдың ұяты-әкеге, қыздың ұяты-шешеге» деп қараған халқымызда ұл баланы тәрбиелеуді аталар мен әкелер өз қолына алса, ал қыз баланы тәрбиелеу әжелер мен аналардың міндеті болып саналған.

Ұлы Абай атамыз былай деген екен: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан». Сондықтан қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де, ата-ана бала тәрбиесіне мән берулері тиіс. Ұрпақтар сабақтастығы тек осылайша жалғасын таппақ. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік. Ата-ана, ұстаз, қоғам – үшеуі, тәрбиеге болар басты өлшем. Бір тұтасып, біріктірсе күштерін тәрбиенің үш мектебі адамның мінез-құлқын қалыптастырып, адамгершілік болмысын жетілдіреді. Тұғыры берік елдің отбасы да берік болады, отбасы қазығы нық қағылса, шаңырағы берік тәрбиеленер ұрпағы да өнегелі болмақ дегім келеді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет», деп атап көрсетті. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туа бітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық [5]. Ендеше, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, ел болып, ұлт болып қаламыз десек, «Ұлттық тәрбие» бастауын отбасы ошақ қасынан бастауымыз қажет деп есептеймін.

 Қай қоғамда өмір сүрмейік, ұрпақ – ол біздің болашағымыз,жарқын күндеріміз.Сондықтан болашағымызды қазіргі сәттен жақсы тәрбиелесек, ертеңгі күнімізге сеніммен басуға болады деп нық айта аламыз.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:


1. Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1994.

2. Бөлеев Қ. Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау. – Алматы: Нұрлы әлем, 2004.

3.«Тәрбиенің тұжырымдамалық негізі» - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылдың «22» сәуірдегі № 227 бұйрығымен бекітілген.

4. Мұқанова Б., Ильясова Р. Этнопедагогика. – «Фолиант» Астана, 2008.

5. Пірәлиев С. Ұлттық тәрбие және жаһандану // «Егемен Қазақстан».