Білім және ғылым
Италиялық түлектердің үлгі алартық тұсы мен американдық бітірушілердің талқыға түскен салтанаты.
Мектеп түлектері үшін соңғы қоңырау салтанаты биыл карантин талаптарымен өтті. 9 және 11 сынып оқушылары үшін мерекелік шара ашық алаңда өтілуі тиіс.Аттестат табыстау кезінде арақашықтық сақталып,қол алысуға тыйым салынады.Бұл оқу жылында 154 мың түлек алтын ұяларымен қоштасып отыр.
Ал әлем елдерінде соңғы қоңырау салтанаты қалай тойланады? Мысалы Германияда түлектерге барынша еркіндік беріледі.Барлық емтихандар аяқталған соң оқушылар мерекелік кешкі ас пен балға өз туыстарымен бірге жиналады.
Польшалықтар бұл мерекеде «полонеза» деп аталатын ұлттық билерімен қатар,кеш өтетін арнайы орынға да жіті назар аударады.Жігіттер қауымы смокинг кисе,қыздар кешкі көйлектерін әзірлейді.Ал италиялықтардың мектеп бітіру салтанаты үлгі аларлықтай.Оқушылар мұғалімдерін кешке асқа шақырып,есепті өздері төлеуі тиіс.Ескере кететін жайт,ол үшін ақшаны ата-анадан алуға рұқсат жоқ.Түлектер ақшаны өздері табуы тиіс.Бұл олардың үлкен өмір талап ететін ережелерге дайын екендіктерінің дәлелі.
Голливудтық фильмдерден тамашалайтын мерекелік салтанат барлығымызға таныс болар.Арнайы бал ұйымдастырылып,оған түлектер жұбымен бірге келуі керек.Ал шара соңында кеш ханшайымы мен ханзадасы белгілі болады.Бұл педагогтардың түрлі талқысына түсіп жүрген жайттардың бірі.Дегенмен,американдық түлектер өздерінің жас екендіктерін алға тартады.
Жоғарыда аталған мемлекеттердің өзіндік ерекшеліктері болғанымен,барлығын біріктіретін- мектеп.Сондықтан,алтын ұя тоғыстырған естеліктер мен алғашқы әсерлерді әркез жадымызда сақтайық.