МӘДЕНИЕТ

Балам "тұлға" болсын десеңіз...

Балаңызды «тұлға» ретінде дамытып, таным көкжиегінің аясын кеңейткіңіз келеді ме? Онда біз ұсынған бес әдіске құлақ түріңіз!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бала тәрбиесі – кез келген ұлттың болашағына тікелей байланысты. Отбасынан бастау алатын Отанның іргетасы зерделі ұрпақтың арқасында ғана берік болады. Осы орайда ұл-қызыңызды тәрбиелеуде жаңа және дәстүрлі әдістерді назарыңызға ұсынамыз.

Баланы ертегі, аңыз, әңгімелермен сусындату

Жастайынан ұядан ілгенін, жас ұрпақ ұшқанда іледі. Құлағына құйылған алтын бұлақ, өскенде өскелең елдің өрісіне айналары сөзсіз. Бала тәрбиесіндегі ең бірінші әдіс – оны рухани әңгіме-ертегілерді оқуға немесе тыңдауға баулу. Ертегілердегі оқиғалар бүлдіршіннің ойында саналы түрде сақталмағанымен, түпсанасына әсер етіп, есейгенде маңызды шешім қабылдауда септігін тигізеді.

Балаға үлгі – өзіңіз

«Әкеге қарап, ұл өсер, шешеге қарап, қыз өсер». Дана халықтың осынау түйінді ойында бір терең түсінік жатыр. Демек, бала естіп емес, қарап тәрбиеленеді. Әуелі адам тәрбиені өзгеден емес, өзінен бастауы қажет. Бұл әдіс балаға да, басқаға да тең дәрежеде әсер етеді.  Ата-ана мен бала бір-бірінің айнасы.

Зиялы ортаға үйрету

Балаңызды өзіңіз араласатын «зиялы» ортаға жиі апараңыз. Жоғарыда айтылған ертегілерден бөлек, балаға көпшілікте қозғалып жүрген мәселелер де әсер ете алады. Бұл әдіс тұлға болып қалыптасу жолында, ұл-қызыңызды өзі өмір сүріп жүрген қоғамға бей-жай қарамауға үйретеді.

Өзіңіз де араласып жүрген ортаңызды сүзгіден өткіңіз. Себебі бала ортаны сізге қарап таңдайды.

Көңіл бөлу

Көп жағдайда ата-аналар «баламды ешкімнен кем қылмай өсірсем болды» деген жалаң ойдың жетегінде жүр және көбінесе перзентінің материалдық жағына басымдық береді. Дегенмен балаға ата-анадан ең бірінші кезектегі қажеттілік, ол – тәрбие. Сондықтан балаңыздың жүріс-тұрысын, көзқарасын аңғару үшін, күніне ең болмағанда бір-екі сағатыңызды бөлуді әдетке айналдырыңыз.

Саябақтар мен табиғат аясына шығып, ұл-қызыңызды ойнатып, көңілін көтеруді де ұмытпаңыз. Себебі, бала ең бірінші жылуды кімнен алса, өскенде жақсылығын соған төгеді.

Досындай бол

Қазіргі таңда көп балалар әке-шешесіне барлық сырын ашып айта алмағандықтан, қолдау мен тіреуді тыстан іздейтін болды. Санасының сүзгісі қалыптаспаған жеткіншек, сырт өмірдің жақсысын да, жаманын да ажыратып білмей, сөйлегенді - ұстазы, ұстағанды – жанашырындай көреді. Ал бұның соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі.

Балаңыз қандай сөз айтса да, жаға ұстатар іс жасаса да «сабырлық» техникасы бойынша шешім шығарыңыз. Балаңыз сіздің айнаңыз. Қателік тек баладан кетті деу ақымақтық. Сондықтан, істің байыбын байсалдылықпен талқылап, салқынқандылықпен таңдау жасаңыз.

Балаңызға ешқашан «бұның дұрыс емес» деген сөзді айтпаңыз. Бұл оны сізге «ашыла сөйлеу» әрекетінен тияды.

Адамның бір қызығы бала деген... Өз қызығыңыздың өмірін құндылыққа толтырып, жарқын болашақ сыйлаңыз!