Bugin
Оңтүстікке белгілі қаламгер Зылиха Тұрарқызымен сұқбат.
"Адамзат ақыл-ойы талай ғажайыптарды ойлап тауып жатыр ғой. Алда да небір ғаламат жаңалық ашылар. Бәрібір ең ұлы жаңалық – жазу. Одан асқан жаңалық болған емес. Жазудың ойлап табылуы мәңгіліктің біржола мойындалуы. Жазу Адам нәсілін ақылды, айлалы етіп қана қойған жоқ, иманды да ибалы, парасатты да етті. Шын мәнінде Ғылым, Дін, Мәдениет жазудың арқасында пайда болды. Осы арқылы өткен ұрпақтардың құндылықтарымен сусындады, кемелденді" дейді Әбіш Кекілбаев.
Расында да, жазушылық – ұлы өнер. Том-том кітаптарды оқи отырып, саналы оқырман өзіндік ой түйеді. Көркем шығарма арқылы өмірге қалыптаса алады.
Біздің бүгінгі сұқбатымыз Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, "Жылдың үздік жазушысы" номинациясының иегері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жантасова Зылиха Тұрарқызымен болмақ.
- Қайырлы күн, Зылиха Тұрарқызы! Сұқбатымызды талайлардың санасын жаулап, терең ойға батырған "Тағдыр биі" атты туындыңыздан бастасақ. Шығарма шынайылығымен ерекшеленеді. Шығарма неліктен осылай аталған? Туындыда жазылған оқиғалар өз өміріңізде орын алған ба? Жалпы, шығарманың идеясы қалай пайда болды?
- "Тағдыр биі" шығармасы шынайы өмірден алынған. Туындыны жазудағы басты мақсатым – қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жайттарды айта отырып, оқырманды жақсылыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеу. Осыдан бірнеше жыл бұрын қарттар үйіне барып қайтқанбыз. Сол жерде орын алған кейбір жайттарды ашына отырып жеткізгім келді. Мекеме қызметкерінің ақ жаулықты аналарды, ақ сақалды қарияларды қас-қабағымен басқарып отырғанын көру біз үшін оңайға соққан жоқ. Қариялардың жай-күйі, екі көздері мөлдіреп, өз балаларын келеді деп сарыла күтіп отыруы шығармада ашық жеткізілген. Сол себепті де туындымды "Тағдыр биі" деп атадым. Оны шығармамен танысқан оқырман да түсінген болар деп ойлаймын.
- Шығарманы жазудағы басты мақсатыңыз қоғамдағы мәселелерді қалың оқырманға жеткізу ме?
- Негізгі мақсатым – сол жайттарды ашып, мәселенің шешімін табуға шақыру. Қазақтың салтында қарияларды бір есікке қамап, телміртіп қою, жаңа туған нәрестелерді көшеге тастап, өз шаранасынан бас тарту деген жайттар орын алмаған. Бүгінде заман емес, адам өзгерді. Кейде мені "Неліктен біз сонша қатал болдық?" деген сауал мазалайды. Біздің бар жағдайымызды жасап, асты-үстімізге түсіп, тілеуімізді тілеп отыратын жандарға қалайша қиянат жасауға болады? Әрине, бұл ой көпшілікті мазалайтын шығар. Сол себепті біз жұдырықтай жұмыла отырып, қиындықты бірге жеңуге міндеттіміз.
- Жас қаламгерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
- Біріншіден, шынайы болу керек. Шындықты бұрмалап жазуға болмайды. Бабалар қазынасын сақтап, руханият пен мәдениетті ұлықтауға, салт-дәстүрді қадірлеуге тиісті. Кезкелген ақпаратты дәлелмен ұсыну қажет. Жазушының басты мақсаты – танымал болу емес, оқырманның ыстық ықыласына бөлену. Оқушының уақытын зая кетірмей, пайдалы дүниелерді көркем түрде жеткізу білу керек.
- Пайдалы ақпараттар айттыңыз. Осы тұста тағы бір сауал туындады. Сіздің жолыңызды қуған шәкірттеріңіз бар ма?
- "Мынау менің шәкіртім" деп айта алмаймын. Университет қабырғасында көптеген студенттер ақыл-кеңес сұрап жатады. Қолдан келгенше көмек беріп, кем-кетігін бірге түзеп тұрамыз. Әрине, жас қаламгерлердің талпынысы мені ерекше қуантады. Меніңше, өмірдің өзі – ұстаз. Жазушылар да бастан кешкен оқиғаларын қалың оқырманға жеткізеді. Шындығында, өзімді әлі де шәкірт тұтамын. Қаламгер ретінде Мырзагелді Кемел ағаны құрметтеймін. Белгілі ғалым Мырзагелді Кемел ағаның бойындағы тазалық, өз ісіне жауапкершілік сынды асыл ұғымдарды үлгі тұтып, әлі күнге дейін ағаның шығармаларын оқып тұрамын.
- Керемет! Кімді үлгі тұтасыз? Неден шабыт аласыз?
- Біздің елімізде халықтың қамын жеп, ертеңгі ұрпақ үшін күрескен әйел кісілер аз болмаған. Отбасының ұйытқысы атанып, биік тұлғалы азаматтарды тәрбиелеген аналарды үлгі тұтамын. Кейде қоғамдағы әділетсіздікті, теңсіздікті көрген сәтте түрлі хикаялар жазамын және бұл жағдай өте сирек қайталанады. Ерекше қуаныш орын алған кезде де шабытым шарықтайды. Ой саларлық дүниелерді өмірге әкелу үшін де жазушы бойында рух болу керек. Мұқағали Мақатаев та "Өмір деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта" деп айтады ғой. Сондықтан да шығармашылық та осындай қайшылықтан туындайды деп білемін.
- Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымды айтамын! Сізге шығармашылық табыстар тілеймін!