Экономика
Бүгінгі күнде «стартап» сөзін теледидар, интернет, газет-журналдар мен жарнамаларда жие естіп, көріп жүрміз. Аталмыш сөз бизнес және экономика саласында жұмыс істейтін адамдардың арасында танымалдылыққа ие
Қазіргі таңда стартап сөзін көп адамдар мен кәсіпкерлер тек қана IT-технология (мысалы: интернет, компютерлік және ұялы телефон бағдарламалары) саласындағы бизнеспен байланыстырады. Әрине мұндай көзқарас қате емес. Өйткені осы күні тез әрі қарқынды дамып келе жатқан негізгі салалардың бірі ол - IT-технология. Бірақ шын мәнінде стартап түсінігі кез келген саладағы бизнеспен байланысты.
Стартап бұл – дамуы мен өсуіне қолдауды қажет ететін жаңадан бастау алып келе жатқан жаңа бизнес жоба немесе жас компанияны атаймыз. Сондықтан да кез келген стартаптың өзіне тән ерекшелігі болуы тиіс. Ондай ерекшелік оның қайталанбастығы, яғни стартапшының өзіндік жеке тың идеясы болуы шарт.
Осыған байланысты, кез келген стартаптың мақсаты –тауар немесе қызмет көрсетудің жаңа түрін тауып, оны нарықта ұсынып, сату арқылы пайда табу.
ҚР-да стартап компанияларға қолдау көрсетуші атқарушы орган - Автономды кластерлі фонд (АКФ) болып табылады. Ал әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті де жыл сайын жастарды бизнеске баулып, стартап бағдарламалар санын көбейту мақсатында студенттік бизнес инкубаторларға арналған байқау өткізеді. Байқауда әртүрлі факультеттен жиналған талантты жастар өздерінің жаңа идеяларын көрме-конкурста көрсетуге мүмкіндік алады.
Негізінен университет бойынша Стартап "Drive” және Стартап "Russiar” бағдармалары бар.
Стартап "Drive” жобасының мақсаты: студенттерге уақытша / тұрақты жұмысқа орналасуға, оның ішінде оқытушылық қызмет мүмкіндіктері туралы ақпарат беруге көмек көрсету; университеттің оңтүстік кореялық компаниялармен және түлектермен байланысын нығайту; студенттердің корей тілі бойынша білімін жетілдіру. Жоба ешқандай техникалық шығындарды, жеке үй-жайды талап етпейді, өйткені базада материалдық-техникалық жабдықтау түрінде қажетті ресурстар бар.
Ал стартап "Russiar " аясында Өткен жылы жапонтану бөлімінің Қиыр Шығыс кафедрасының студенттері бос уақытында жапон бизнесмендерін орыс және қазақ тілдері бойынша онлайн режимде оқыған. "Russiar" онлайн сервисіне жүздеген жапон студенттері тіркеліп, олардың 60-ы бағдарлама арқылы орыс тілін толық оқып шыққан.
Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, жыл сайынғы қолға алынып жатқан стартап бағдарламалардың 70%-ы бірінші жылы-ақ жұмысын тоқтатады. Оның негізгі себептерінің бірі - жаңа идеялардың жетіспеушілігінде. Жаңашылдыққа қарай бет бұрған жаһандану заманында ақпараттық-коммуникациялық теxнологиялардың маңызы зор. Егер осы саланы бизнеске айналдырар болса, стартап бағдарламаның жемісті болары сөзсіз.