Weekend
Қ.Телжановтан А.Ғалымбаеваға дейін
Қазақ монументті кескіндеме өнерінің негізін салушылардың бірі, ірі қоғам қайраткері, педагог, даңқты суретші Қанапия Темірболатұлы Телжанов ағамызды білмейтін жан кем де кем болар. Оның әйгілі «Жамал», «Атамекен», «Бостандық үшін», «Көкпар», «Қарлығаш», «Күн сәулелі өлкеде», «Жеңіс» және тағы да басқа әйгілі полотнолары тек алты алашқа ғана емес, күллі Еуропа, Ресей, Америка елдеріне де кеңінен таныс.
Жеке басқа табынушылық кезеңінің қасіретіне алғашқылардың бірі болып қылқалам тартқан Қ.Телжановтың туындыларының барлығы да уақыт ағымына, заман талабына сай салынған. Сондай «өлмес» суреттердің бірі деп суретшінің «Атамекен» ұлы картинасын ауызға алуға болады. «Атамекен» полотносы- 1958 жылы, осыдан тура 60 жыл бұрын салынған әйгілі туынды. Ең қызығы, Қ. Телжанов ағамыз бұл суретті салу барысында тек суық түсті бояуларды пайдаланған екен. Ал картинаға қарасаң көңілің жылып сала береді. Көңіл неліктен жылиды дейсіз ғой? Себебі бұл картина бүтін бір ұлттың болмыс-бітімін, жүріс-тұрысын, кескін-келбетін барынша айқын жеткізе білген нағыз алаштың автопортреті. Суретке бір қарағаннан-ақ қазақтың иісі аңқып, туған жердің самал лебі маңдайыңды сипап өткендей күй кешесің.
Ал ат үстіндегі ардақтыға келер болсақ, суретте кәдімгі қазақтың нарқасқа ер азаматы бейнеленген екен. Алайда анықтап зер салар болсақ, бұл қазақтың көзінен әлде бір ұшқынды, әлде бір үнді, қалың ойды байқауға болады. Құдды бір: «Бұл менің елім! Мына жыртылған жер де, оны жыртқан ер де, мына алтын бидай да, көгілдір аспан да менікі! Бұл менің Атамекенім!»-деп, зілді ойын оқты көзімен жеткізіп тұрғандай. Жалпы алғанда, Қ.Телжанов Кеңес Одағының тұсында бір картинасымен-ақ ұлттық идеяны көтере білген бірден бір майталман. Дәл бүгінгі күні осы «Атамекенмен» сарындас, үндес полотнолар салынып жүр ме деген сұраққа келер болсақ, аз-кем ойланып, мүдіретініміз рас. Суретші көп, сурет аз. Бар болса да, іліп аларылығы жоқ. КСРО тұсында дүркіреп тұрған Суретшілер Одағы дәл Жазушылар Одағы сияқты іштен тынды. Жасап жатқан жұмыстары тек суретшілерге ғана аян болмаса, қалың көпшілік олардың қызметінен бейхабар. Дегенмен де, қазақ сурет өнерін жоқтатпай жұмыс жасап жүрген суретшілер де кездеседі. Мәселен қазіргі сурет өнерінің майталмандары деп Салихитдин Айтбаев, Бахтияр Табиев, Алмагүл Меңлібаева, Рысбек Ахметов, Абай Айтмағамбетов, Ә. Ысмайылов, А. Ғалымбаева, М. Кенбаев сынды көптеген суретшілердің есімдерін жіпке тізгендей атап шығуға болады.
Р. Ахметов– өз картиналарының басты кейіпкерлері етіп қазақ ертегілерінің жырларының қаһармандарын алып, олардың мінез-құлықтарын ашқан. Бүгінгі күні оның картиналарының арқасында қазақтың сурет өнерін күллі Еуропа елдері, әсіресе Англия жақсы танып, жоғары баға беріп отыр. Ә. Баяндин- қазақ елінің табиғатын айна-қатесіз бейнелеп, жұртқа паш етіп жүрген тағы бір майталман. Оның суреттері қазір Елордамыз Астана қаласының көшелеріне көрік беріп тұр. Ә. Баяндинді табиғатты бейнелеу өнеріне қарап Қ. Телжановтың ізбасары деп айтуға болады. А. Ғалымбаева-қазақ бейнелеу өнерінде натюрморт жанрын жаңғыртып жүрген жандардың бірі. Оның суреттерінен адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас бірлігін байқау қиын емес. Жалпы айта берсең, кеуде керіп мақтануға тұрарлық қазақ суретшілері өте көп. Олардың қажырлы еңбектері, жанын сала бейнелеген картиналары жетерлік. Алайда, сол суретшілеріміздің қалың қазаққа атағы жайылмай тұрған жайы бар. Себеп – қазіргі жастардың сурет өнеріне қызығушылық танытпауы. Егер де біз, бүгінгі күннің жас буыны, өз суретшілерімізді бағалап, оларға барынша қолдау көрсеткенде, арамыздан екінші «Мона Лизаны» өмірге әкелер Леонардо да Винчи шығар ма еді? Қалай болғанда да, қазақ даласында әйгілі Ә. Қастеев секілді сурет өнерінің «жілігін шағып, майын ішкен» майталмандар көбейе берсе, нұр үстіне нұр болар еді.