Білім және ғылым

Шәкәрім: «Қазақ тілінде ай аты жоқ»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ елінің ұлт болып сақталуына Алаш қайраткерлері барын салды. Ұлт қамы мен болашағы туралы олардан артық алаңдаған адам болмағаны хақ. Ендеше, жиырмасыншы ғасырда қазақ ұлтының аспанына жарық болып көтерілген Алаш қайраткерлерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің болашағы туралы жазған жанашыр тілегін назарларыңызға ұсынсақ. Бұл туралы Bugin.kz платформасы жазады.

Қазақша ай аты жоқ. Біздің ай аты деп жүргеніміз жұлдыз аты. Жұлдызға қойған атты сол кездегі туған айға қоя саламыз да, оны ай аты деп ұғынамыз.

Сол себепті кейде «бұл ай пәлен ай» деп таласамыз. Мысалы: декабрь жұлдызының 15-інде туған айды жартымыз қаңтар, жартымыз ақпан дейміз.

Менің ойымша, біздің ескі тұқымда (ескі түрікте) ай аты болса керек. Бірақ ол ескі аттар не біржола ұмытылды, не жұлдыз аттарына араласып кетті-ау деймін.

Осы айтылған ескі ай туралы білетіндерін ескі құлақты кәриялар, оқымыстылар «Сарыарқаға» жазса екен. Ескі түріктерде ай аты болмай қоймаса керек дегеніміз: олар 12 жұлдызға ат қойып, бір жасап, 12 жылға ат қойып, бір жыл мүшел жасап, 5 мүшелге 5 түрлі ат қойып, алпыс жылдық бір айналыс жасап отырған түрік жаңа ай, ескі ай, толған ай деп отырған түрік нағылып айды ескерусіз қалдырсын.

Енді келейік жұлдыз атына: біздің қазақтың әр жерінде жұлдыз аты әр түрлі. Мысалы, 1916 жылғы 173 нөмер «Қазақ» газетінде ардақты Хасенғали Байеке молдадан жазып алған ай (жұлдыз) атын қараңыз: әз март отжақпас, көкек, шілде, сарша, қыркүйек, мизам, қараша, қазан, қаңтар һәм ақпан. Енді біреуінің атын білмейді. Ал, біздің жақта көкек (март), мамыр, маусым, шілде, тамыз, мизам, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан һәм бірдің айы.

Көрдіңіз бе, атында қанша шатақ! Ретінде қанша шатақ! Және бұл екеуін естіген басқа түрлі ат қоюшы қазақтар мұны қандай таңырқар екен. Онан соң жоғарғы жұлдыз аттары бір қатары арабшадан алынғаны көрініп тұр. Мысалы, мизам, мамыр – мағмұр, маусым – мосом үшеуі де арабша. Мақалдағы «қараша, қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» дегендегі қауыс; «сәуір болмай тәуір болмас» дегендегі сәуір арабша. Тағы сондайлар толып жатыр.

Мақсұт – қазақша ай атын ескі түрікшесін іздеп таппақ. Ол табылмаса, амалсыз арабша ай атына халықты жаттықтыру керек деп білемін һәм жұлдыз атын тамам қазақ бір-ақ атпен ретін бұзбай атау керек деп ұғамын.

Шәкәрім