Саясат
Қоғамдық мәселе
Қазiр жұрттың көңiлiн аулайтын iс көп. Болмағаны мексикалық фильмге елiгiп, елiтiп отырып, қорасындағы сиырын емiзiп алады. Саясат таласы, дiн дауына кiрiскендер бiр дастархан басында отырып бiр-бiрiнiң жағасын жыртуға әзiр. Жұрт әйтеуiр санасына орнығып алған ойлардың ырқымен олай бiр теңселедi, былай бiр теңселедi.
Ендi гендерлiк саясат деген күш алып келедi. Астарында ешқандай жаманшылық жоқ. Ағылшын тілінен аударғанда әйелдер мен еркектердiң арасындағы әлеуметтiк айырмашылықты жiктеп, жiлiктеп беретiн ұғым. Қазаққа таңсық емес. Оның өткелiнен өтiп қойған. Қыз баланы үй тiрлiгiне, ұлды сырттың жұмысына қалыптастырудың несi жаман екен деп қолды бiр сiлтеп жүре беремiз.
Қол сiлтеп демекшi, осы тақырыптардағы жиналыс, конференцияларға қатысып отырғанда баяндамашының сөзiн ұғып алу емес, ауылдағы ағайымның қылығы есiме түседi де отырады. Мен келiн болып түскенде ата-енем жекешенiң малын бағатын. Ауылдан бес-алты шақырым жерде. Екi ортада бейiт, төбешiктер бар. Күндiз қаздаңдап барып келгенiңмен, кешкiлiкте жалғыз жүрiп кетуге жүрегiң көп дауалай бермейдi. Кейде бару керек болғандықтан барасың. Қой қоралайтын уақыт таянғанда солай бет алдым. Аяғым аяғыма iлеспей келедi. Алдымдағы құлама жардың етегiнен ербеңдеген бiреу көзiме шалынды. Тоқтап, көзiлдiрiгiмдi сүртiп тағы қарадым. Билеп тұрған адам секiлдi қол мен аяғын кезек-кезек көтерiп секiредi. Көзiм бұлдырады ма десем, бұрқ-бұрқ еткен шаңды да анық көретiн секiлдiмiн. «Шайтан! Албасты!» деп дiңкелеп отыра қалдым. Тағы қарадым. Тағы сол ербең-ербең. Маған жақындамайды да, менен алыстамайды да. Жүрек атқақтап аузыма тығылып, қол-аяғымнан дәрмен кеттi. Қандай ой ойлап үлгергенiмдi де бiлмеймiн, құлағыма мылтықтың тарс-тұрс етiлiп атылғаны келетiн секiлдi. Әлде жүрегiмнiң дүрсiлi ме... Жоқ, мылтық екенi анық. Жастық қой, қазiр болса бас амандығын ойлап келген iзiммен керi қайтар ма едiм, әйтеуiр шайтан емес екенiне көзiм жеткен соң, алға жүрдiм. Көршi ауылдың жекеше малын бағатын көршiмiз. Қолында мылтық. Әйелiн көз көрер жерге тұрғызып қойып нысаналап атып жатыр. Оқ жетер, жетпес жерге түсiп, жердiң шаңын аспанға бұрқ еткiздi. Әйелi ол кезде бiзге кемпiр болып көрiнедi, қазiр ойласам елудiң о жақ, бұ жағындағы ғана адам екен. Үстi басы шаң мен терге малынып тұр. Ол кездегi үлкендердiң иманы басым ба «Әй, оңбаған-ау, келiннен ұялсайшы, тым құрыса!» дегеннен кейiн мылтығын лақтырып жiберiп, атына қарғып мiнiп, отарына қарай шаба жөнелдi. «Жеңеше!» - деуiм мұң екен, қойшының әйелi ебiл-дебiлi шығып бiр жылады-ау. Бағанадан берi, денеме оқ тигiзiп алмасам» деген ойдан басқа ешнәрсе ойламаса керек, ендi, қауiп алыстағаннан кейiн қырық жылғы қоясын ақтарып бiр еңiредi. «Бiздiң үйге жүрiңiз!» дедiм. Жылап келедi, сөйлеп келедi, күйеуден көрген қорлығын айтып келедi. Бұл дүниеде еркектерден артық ақымақ, миғұла болмайтындығын айтады. Менiң бүгiн ойламаған жерден үстерiнен түсiп қалғандығым болмаса, күйеуiнiң мұндай қылығын ешкiмге, соқталдай-соқталдай болып қалған жетi баласына да айтпайтындығын жеткiздi. «Балаларыңызға неге айтпайсыз? Бiр күнi мерт етiп жүрмей ме?» десем, «Балалар әкесiн жек көрiп кетпесiн деймiн де» - дейдi. Мен үндемеймiн. Бiр жағынан түсiнбеймiн. Өзiн қорлаған адамды балаларының жек көргенiн қаламайды. Түсiнiксiздеу екен деймiн де қоямын.
«Бүйтiп оқтан қорқып дiрдектегенше ажырасып кетпейсiз бе?» деймiн сол кездегi ұғымымның өлшемiне салып. Жеңешем ендi маған таңырқай қарады. «Жынды болса да аман болсын, одан ажырасқанда шекем қызар деймiсiң?» деп күйеуiне өкпелеуiн қойып, менi жақтырмай қалды.
«Мына әйелдiң өзi ауым-сауымдау ғой деймiн, күйеуi атады, күйеуiн жамандайды, сөзiн сөйлеп жақтасаң, жақтырмайды» деп мен де қылт ете қалдым. Сөйлемейiншi өзiне дедiм. Үйге келдiк. Жуынып-шайынып, шайға отырдық. Жеңешем оқ астынан келген адамдай емес, әңгiмесiнiң тиегiн ағытып отыр. Iзiн ала мана ғана өзiне мылтық кезеген күйеуi келдi. Оны бiздiң үйдегiлерден гөрi әйелi бәйек болып төрге шығарып жатыр. «Ағаңа лағманыңды ащылап, шайыңды қызылдап құй» деп маған нығарлап қояды.
Мен ашығын айтқанда екеуiн де жақтырып отырған жоқпын. «Екiжүздiлер!» деймiн iшiмнен. Жаңа ғана бiр-бiрiн өлтiруге әзiр тұр едi, ендi сыйласа қалуын қарашы. Жаным күйiп, өз-өзiме сыймай отырмын. «Бұл жақтың адамдары да қызық екен ғой,» - деп ауылымды, ауылымның адамдарын сағынып, көңiлiм кiлт бұзылды.
Арадағы аз уақыт өткенде төркiнiме келдiм. Ауылдың шетiнен автобустан түсiп, үйге келе жатырмын. Ру жағынан маған жезде болып келетiн кiсiнiң үйiнiң алдында бiраз адам топырлап жиналып қалыпты.Адамның басына әп дегенде жаман ой сап ете түседi емес пе, бiр түрлi қорқа-қорқа жиналған топқа жақындадым. Жаманшылық болмағанымен бiр түрлi үрей бар секiлдi. Әпкем теректiң басына қарап: «Айтқаныңның бәрiн iстейiн, түсшi!» дейдi жалынып. Биiк теректiң ұшар басында жездем отыр. Өзi толық адам. Отырған бұтағы әнi сынып кететiндей, мiне сынып кететiндей былқылдайды. Егерде құласа, жездемнiң мына жерде сүйегi шашылып қалатыны анық. Теректiң түбiнде 2-3 жолдасы қолдарына арақ ұстап: «Ой, басқаны қайтесiң, кел стақаныңа құйып қойдық, сенiң денсаулығың үшiн алып қояйық!» деп «гуiлдескенсидi» Жездем: «Осы жерден секiрiп өлемiн, содан кейiн үйдегi барлық арақты құшақтап жат!» деп әпкеме қоқиланып қояды.
Не керек бiр кезде жездем отырған бұтақ сынып, гүрс етiп құлады. Қораның төбесiне, одан оның жанында тұрған машинаға, одан домалап жерге түстi. Еш нәрсесi қалмаған шығар деп сiлейiп тұрмыз. Не iстерiн бiлмей жұрттың бәрi бiр сәт абдырап қалып, ес жиғандары жездеме қарай жүгiрiстi. Жездем бұл кезде өзi де домаланып тұрып келе жатқан. Құдайдың құдiретi шығар, сырт киiмдерiнiң далба-дұлбасы шыққанымен еш жерi еш нәрсе болмапты. Тұра салысымен әпкеме бас салды. «Өлтiрем, қырам, жоям» дейдi. Айналасындағы адамдардың көмегiне сендi ме, әпкем жездемнiң алдында мөндi-мөндi болып тұр. Өзi әбден жылаған. Ара-арасында: «Балалардың әкесi, сен аман болсыншы!» деп күйеуiнiң үстi-басын ретке келтiрiп қояды. Оқиға дұрысымен аяқталып жатқан соң мен өз жөнiммен кеттiм. Бiрақ ойланып келемiн. Еркектер туралы көзқарасым өзгерген. Қызық деймiн, 1917 жылы да, 1937 жылы да ерлiктi де, сатқындықты да осылар жасаған. Қазiргi саясатта да, тiршiлiкте де солай. Не сұмдық, өз әйел-бала шағасын осынша зарлатып, жылатып-сықтатып, қолдан жүйкелеткенi. Жеңге, әпкелерiме де қайран қаламын. Шеттерiнен кешiрiмшiл, кешiре салады. Өбектеп жүргенi. Не құпиясы бар. Ашылмайтын кiлтсiз қара құлып секiлдi.
Өмiр жылжытып бiздi солардың жасына жеткiздi. Азды-көптi тәжiрибе жинақтатты. Жастық шақтағы көңiл олқы тартып туратын бiраз нәрсеге қазiр күле қарайсың. Еркек пен әйелдiң терезесi тең екендiгiн де, бiрақ перделенген бiр айырмашылықтың бар екендiгiн де мойындайсың. Қазақта еркектiң десi басымдығының ақиқатына көз жеткiзесiң.
Бiздiң зиялыларымыз әйелдiң көзiн ашуды, әйелдi оқытуды көп айтып кеткен. Олар адамшылықтың негiзi әйелде жатқанын ұғып, ұрпаққа жақсылық тарап, адам баласына пайдасы тисе екен деп тiлеген. «Әуелi ана балаға байлық, барлықтың өзiнде болғандағы бағасы, дәмi қандай, өзгеде болғандағы бағасы, дәмi қандай, өзгеде болғандағы көзге күйiктiң пайдасыздығы қандайын үйретедi», ( М. Әуезов) - деп осыдан аулақ болу үшiн, әйелдi парасаттылыққа жеткiзетiн ортаға тарту керек, бесiктi түзеу керек деген болса, қазiргi гендерлiк саясатты ұстанушылар ер мен әйелдiң жазылмаған шуақты тепе-теңдiгiне суық су шашып шошытатындай ма? Қанша еркек мұғалiм, қанша әйел мұғалiм, неше әйел директор, неше депутат, неше әйел министр. Олар осы орынға келгенде қоғамдағы тепе-теңдiк орныға қалатындай. Мәселе олардың қызметке келуiмен, қызмет атқаруымен емес iшкi дүниесiндегi кеңдiк арқылы ұрпақ тәрбиелеуiнде болса керек. Менiң жоғарыдағы жеңгем мен әпкем: «Ой, бiздiң әйелдiк құқымыз бұзылды» деп щәк-шәлекейi шығып ажырасып жатқанда не ұтар едiк? Оларға гендерлiк әлеуметтiк теңдiк деген саясаттың қажетi жоқ. Ұлы аталарының, ұлы аналардың өнегесiнен таймаса болды.
Жалпы теңдiк деген дұрыс ұғым. Табиғи үйлесiмдiкпен болып жатса, әрине. Бiзде 2006-2016 жылдарға арналған гендерлiк теңдiк стратегиясы бекiтiлдi. Онда негiзiнде әйелдердiң әлеуметтiк, моральдық мәртебесiн көтеруге көбiрек маңыз берiлген. Бәрiн керiсiнше iстейтiн менiң көкелерiм ендi еркектер қозғалысын ұйымдастырып, еркектер партиясын құрамыз демесе болды. Олардың өздерiне тартып туған балалары гендерлiк теңдiктi желеу етiп әскерге барудан бас тартса ше... Менiң көкелерiмнен бәрi шығады.