Білім және ғылым
Қазақстанмен тарихи байланысы тереңде жатқан Түркия бүгінде еліміздің Еуразия құрлығындағы маңызды әрі сенімді әріптесі болып табылатыны бәрімізге белгілі. Екі ел арасындағы екіжақты қатынастардың қарқынды дамуы, Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылым мен білім және студент тәрбиелеудегі орасан зор тәжірибемен алмасу, мәдени іс-шараларға қатысу да биылғы жылы ойдағыдай өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға куратор эдвайзерлері мен оқытушылары Анталия Білім университетіне «Түрік жоғары білім беру жүйесі» біліктілігін арттыру курстарына барып қайтты.
Antalya Bilim University ректоры, профессор Исмаил Юксель Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушыларының алдында құттықтау сөз сөйлеп, QS рейтингі бойынша 175-ші орында және әлемнің үздік 200 университетінің қатарына кіретін жетекші қазақстандық университетпен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Ректор қатысушыларды университет қызметімен таныстырып, оқу үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері бойынша тренинг өткізді. Профессор Исмаил Юксель өз сөзінде инновациялық әзірлемелер тақырыбына кеңінен тоқталып, пікірталас барысында заманауи білім беру саласы жаңаша көзқарасты, оқытудың тың әдіс-тәсілдерін қажет ететінін айтып өтті.
«Классикалық білім беруді сақтап, оны әр оқушы қолданатын озық технологиялармен байланыстыру керек. Сапаны жақсарту үшін әрбір студентке жеке көзқарас қажет, барлығынан бірдей шешімдерді талап етуге болмайды», – деді профессор Исмаил Юксель. Тренингте Antalya Bilim University проректоры Хамза Кандур Түркияның жалпы ғылым мен білім саласындағы жаңалықтарынан хабардар етті.
Тәжірибе алмасу іссапары жоғарғы дәрежеде өткенін делегация мүшелері Facebook парақшаларында ағынан жарылып жазып жатты.
Қаншайым Байдәулет: «Жансейіт Қансейітұлы Білім және ғылым министрі, Түркістан облысының әкімі кезінде оқытушы-ұстаздарды жеке идеясымен, демеушілер қолдауымен Түркияның бірнеше қаласына тәжірибе алмасуға жіберген еді. Бұл игі үрдіс ҚазҰУ-да да жалғасын тауып, оқу орнының 50 оқытушысы Анталия университтерінде біліктілік арттыруға кірісті».
Mara Beey: «Біздің профессорлық-оқытушылық құрам университет басшылығына, оны ұйымдастырушыларға шексіз алғысын білдіруде. Мұндай шара бұрын соңды болмаған. Бұл деген университет басшысының көрегендігін, қамқорлығын білдіреді. Өйткені, өзі де ұстаздық жолын өткендіктен, мейірімділігін танытып келеді».
Міне осындай біліктілікті арттыру курстары арқылы студентті оқыту мен тәрбиелеудегі ауқымды табыстарға қол жеткізетінімізге сеніміміз мол. Бұған Қазақстан мен Түркия арасындағы тәжірибе алмасу практикасы айқын дәлелі болып отыр. Тіліміздің, дініміздің, тарихымыздың және мәдениетіміздің ортақтығынан қуат алатын бұл бағыттағы қатынастар университет қызметінің тиімділігін арттырып, дамуына үлес қосады.
Жалғас Иманалиев,
Абай Садуақасов.
Аға оқытушы