Білім және ғылым
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы өз мәресіне жетті.
Бес күндік сапар NIS зияткерлеріне шалқар шабыт пен жаңа идеялар сыйлады – жүздеген тарихи-мәдени орын, табиғи мекен, өндіріс ошағы мен білім-ғылым ұйымы «Туған елге тағзым» экспедициясының бағдарына енді.
Туристік жорық барысында елордадағы физика-математика бағытындағы NIS оқушылары қазақ руханияты мен мәдениетінде айрықша орны бар Күлтегін ескерткішінің көшірмесімен танысты, ал өр тұлға Қабанбай батыр кесенесіне барған Халықаралық Бакалавриат мектебінің оқушысы Шәкірт Әли Ринатұлы Minecraft ойынына кесененің макетін енгізген:
– Бұл саяхат бізді жігерлендірді, ал батырдың рухы қанаттандырды. Қабанбай батыр кесенесін замандастарыма таныстыру мақсатында Minecraft ойынында мемориалдық кешеннің үлгісін жасадым, бұл бір жағынан туған өлкенің тарихи жерлерін насихаттауға да арналады.
Оралдық экспедиция мүшелері облыс орталығынан 140 шақырым жердегі Сырым ауданына жолға шықты. Сапар барысында Байбақтының бала биі атанған Сырым Датұлы туралы тың деректер жинап, «Алаш» мұражайын аралаған Аружан Самиғуллина жобасын жаңа ақпараттармен толықтыруға әзір:
– Үйдің үлкендері әрдайым Сырым батырдың туған жерін, тұлғасы мен ерліктерін айтып отырады. Бүгін осы өлкені өз көзіммен көріп, көптеген қызықты мағлұматтар алғаныма шексіз қуаныштымын.
Ақтөбелік NIS оқушылары қаһармандықтың символына айналған Қобыланды батыр кесенесіне барды. Қазақстанның киелі жерлері тізіміне енген мемориалдық кешен жыл сайын мыңдаған туристерді, батырдың рухына тағзым етуге келушілерді кабылдайды.
Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мұражайына экскурсия жасады. Биыл ақынның 175 жылдық мерейтойы – рухани кешенде ұлы тұлғаның киелі домбырасы, жеңіске үндеген жырлар жинағы, жеке «М1 МК» маркалы автокөлігі, танымал суретшілердің кескіндемелері, ретротелефон, жұмыс кабинетіндегі жәдігерлер, айтыстарда киген шапандары сақтаулы тұр.
Ал Көкшетаудағы NIS оқушылары жазушы әрі Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдулиннің мұражайын аралады. Ғалымның әдеби және ғылыми еңбектері, соғыстан кейінгі марапаттары, құжаттары жас зерттеушілерге жігер сыйлады.
Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебі өлкетанушыларының экспедициялық бағыты ортағасырдағы ойшылдардың еңбегімен танысу, флора және фауна әлемін зерттеуден басталды. Олар «Ғылым ордасын», «Табиғат мұражайы» мен «Археологиялық мұражайды», Сирек кездесетін кітаптар және Қазақстан ғылымы тарихы музейін аралады.
Атыраудағы Зияткерлік мектеп зерттеушілері сыр тұнған Сарайшық сапарында XIII ғасырдың мұраларына куә болды. Ұлы Жібек жолындағы ескі қалада археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан оқушылар тұрмыстық бұйымдар мен жануарлардың қалдықтарын тапты. Сарайшық қорығының ғылыми жетекшісі Жүніс Байғалиев бұл мекеннің әдемдік деңгейдегі ғалымдарды қызықтыратынын атап өтті:
– Жуырда өткен «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясыда Қазақ хандығының астанасы болған өлкенің тарихы көптеген зерттеушілерді таңқалдырды. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан Сарайшық мұрасын қайта жаңғырту, археологиялық және тарихи-мәдени зерттеулерді жүйелі ұйымдастыру үшін жыл сайын қолдау көрсетіліп келеді.
Ал бүкіл жер бетінде теңдесіз табиғатымен ерекшеленетін Бурабайға Петропавл қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушылары аттанды. Ал Талдықорғандағы NIS оқушыларының сапары сұлулықтың қайнар көзі – Кайыңды мен табиғаттың інжуі – Көлсай көлдері және әлемге әйгілі Шарын шатқалына ұласты. Жас зерттеушілер өз өңірінің көрікті жерлерін тамашалап қана қойған жоқ – флора және фаунасын зерттеу мен сақтау шараларын талқыға салды.
Қызылордалық NIS оқушылары дүниежүзіне әйгілі Байқоңыр ғарыш айлағы туралы танымдарын кеңейтті. 15 мыңнан аса экспонат қамтылған мұражайда зияткерлер ғарыш алаңының құрылуы, қазіргі өмірі мен даму болашағы жайында жаңа ақпараттарды меңгеріп, аспан әлеміне жол салған тұлғалар, көрнекті ғалымдар мен құрылысшылар, зымыран-ғарыштық техника сынаушыларымен танысты.
Қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев отырғызған өсімдіктер Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушыларының назарына ұсынылды. 1993 жылы ашылған «Қысқы бақ» әлемнің шөлді, тропикалық және субтропикалық жерлерінде өсетін 120-дан аса өсімдік түрін қамтиды. Ал өскемендік NIS оқушылары Ұлан ауданындағы туннель типті жылыжай-оранжереясының жұмысымен танысты:
– Өсімдіктердің алуан түрлігі таңқалдырды – жемістер, көкөністер, гүлдер. Оларды күту мен баптаудың қыр-сырын меңгердік. Экскурсия барысынды салмағы 1,5 кг болатын лимонды көрдік, кейбір жемістердің дәмін де таттық, - дейді 8-сынып оқушысы Дильназ Мұратқанова.
Павлодарлық NIS зияткерлері Қазақстандағы ең ірі электр станциясы ГРЭС-1 және Гиннес рекордтар кітабына енген ГРЭС-2 кешендерінің жұмысымен танысса, Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Burnoe Solor-1» күн электр станциясын, «ЦАСК» Тараз қант зауытын және «Депо» локомотивін аралады. Ал Шымкенттегі химия-биология бағытындағы NIS өлкетанушылары отандық фармацевтика саласының көшбасшысы, 135 жылдық тарихы бар «Химфарм» компаниясында қонақты болды. Жас зерттеушілер еліміздің өнеркәсіп саласындағы жаңалықтардан хабардар болды.
Маңғыстаулық зерттеушілер Қазақстандағы ірі аммиак қышқылын өндіретін «КазАзот» мекемесінің жұмысын бақылап, селитра алу процесін тамашалады. Ал отандық кен өндірісінің флагманы саналатын Рудныйдағы «Соколов-Сарыбай» тау-кен байыту комбинатына Қостанай қаласындағы NIS оқушылары барып қайтты. Кен базасының ел экономикасындағы маңызы жас өлкетанушыларға үлкен ой салды, себебі «Соколов-Сарыбай» өндірістік бірлестігі әлем бойынша ірі кеніштер қатарында тұр. Сондай-ақ еліміздегі автокөлік шығаруда көш бастап тұрған «СарыарқаАвтоПром» компаниясында болған қостанайлық зияткерлер көлік құрастыру процесімен танысып, жаңа цехтарды аралады.
Семейлік зияткерлер Юность ықшам ауданындағы «Новостройка», «Цементшілер», «Жоламан» кенттеріне барып, қала тұрғындарымен сұхбат жүргізді. Басты мақсат – экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларға зерттеу жүргізіп, ақпарат жинақтау.
Айта кетейік, NIS-тің «Туған елге тағзым» экспедициясы 2021 жылы қараша айында өткізіліп, еліміздің әр өңірінен 800-ге жуық зияткерге зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік берді. Экспедиция аясында әзірленген жобалар LibGuides платформасында жарияланады, сондай-ақ желілік және республикалық ғылыми жобалар байқауына жолданады.