Weekend

Заң мен мораль қайшылығы жайында білгіңіз келе ме?

«Высокий блондин в черном ботинке» фильміне алғашқы қазақ рецензиясы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


«Высокий блондин в черном ботинке»– кино әлемінің алтын қорынан ойып тұрып орын алатын Франция елінің кезекті жауһар туындыларының бірі.

Бар болғаны 90 минутқа созылатын бұл кинокартинаның жанға сыйлар рақаты мен эстетикалық ләззаты шексіз. Әрине, күлкі өз алдына, бұл фильмді тамашалай отырып күллі адамзатқа тәлім тәрбие берер тұстарының аз емес екендігін аңғаруға болады. 

 «Высокий блондин в черном ботинке» фильмін көріп, мен болашақтың тірегі болар бірнеше сабақ алдым. Мәселен, Бернар Миланның билік үшін өз бастығына жалған жала жауып, опасыз, лас әрекеттерге баруы адам жиренерлік үлкен қателік.Бұл мен ұққан бірінші сабақ. Екіншіден, фильмнің басты кейіпкері Франсуа Перренді «ақымақтарға арналған тұзақ» ретінде пайдаланған Тулуз бен Перраштың бұл әрекеттері ақтауға келмейді. Менің ойымша, ешбір адамның өмірін жеке бас пайдасы үшін ермек етуге болмайды. Міне, фильмдегі заң мен моральдың қайшы келген тұсы осы деп білемін. Және үшіншіден, менің алған ең үлкен сабағым – адам баласына сенуге болмайды екен. Бұл сөздерді кез келген ата-ана баласына мейлінше түсіндіріп, құлақ қағыс етеді, білем. Міне, фильмдегі Миланның өз бастығы Тулузға жасаған сатқындығы ата-анамның айтқан ақылын тағы бір мәрте дәлелдеп бергендей болды. Жақыныңнан өзгеге сене беруге болмайды екен...  Фильмдегі мені таң-тамаша еткен тұстар да аз болмады. Мәселен, бас кейіпкер Франсуа Перреннің образы мені қалың ойдың шырмауында қалдырды. Полковник Тулуз айтпақшы: «У него жизнь без особой истории». Расымен де, қарапайым скрипкашы, композитор, жүріс-тұрысы қолайсыз, іс-қимылы езуіңе күлкі үйірер бұл кейіпкер фильмге бастан аяқ қуат берген, оны әрлеген, өң берген адам дер едім. Мұндай елден ерек тылсым образдарды қазіргі кинолардан көре бермейтініміз рас.  

Қорыта келе, «Высокий блондин в черном ботинке» фильмі маған көл-көсір эмоция мен керемет көңіл күй сыйлады. Бір фильмнен детектив, комедия және кішігірім мелодрама жанрларын қатар көру өте сирек жағдай. Бұл фильм мені осы қырынан баурап алды.  Фильмнің соңы Францияның қылмыстық кодексінде айтылған мына бір сөздермен аяқталған екен: «Кез келген адам жеке өмірге құқылы. Ол адамның жеке өміріне қол сұғуға ешкімнің де құқы жоқ!» Менің ойымша, бұл сөздер күні бүгінге дейін өз мағынасын жоймаған, болашақта да жоймайтын асыл сөздер болмақ.