Bugin

Үрімхан Исаева: «Еден жусам да, медицинаны таңдаймын»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Көз алдымда қолын қимылдатып, онысын анасына қайта-қайта мақтанышпен айтып кетіп бара жатқан балаға қарап отырғанымда «Марғұлансыз ба?» деген дауысқа елең етіп, ақ халат киген дәрігердің артынан еріп, кабинетіне келдік.

Алматы қаласындағы «Альнур-Мед» дейтін реаблитация орталығының негізін қалаушы, отыз жылдық тәжірибесі бар, бір емес, бес жүз адамның өмірге қайта бейімделіп, аяқ-қолдарының қимылдауына сеп болған Исаева Үрімхан ханыммен әңгімелестік.

Мақаланы оқымастан бұрын бірден ол кісінің жұмысын қарап, пікірлерді оқимын десеңіздер, дәл осы аккаунтқа өтсеңіздер болады: @alnur_med 

Неге дәл осы кәсіпті таңдадыңыз?

Бала күнімде ауруханаға түсіп, бірнеше рет операция жасаттым. Сол кезде арманым әрі мақсатым ретінде медицинаны таңдаймын деп шештім.

Ата-анам менің филология факультетіне түскенімді қалады. Мен еден жусам да медицина саласын таңдаймын деп тұрып алдым. Ақыры өзім таңдаған мамандықты 1980 жылы бітіріп, Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына жұмысқа орналасып, тәжірибе жинадым.

Ол кездегі жетекшілер нақты білімге ғана мән беретін. Бұл жерде жүріп үлкен тәжірибе алдым. Қазір тәжірибе жинақтау уақыты екі аптаға созылса, ол кезде бір жарым айға дейін баратын. Бәрін түсіндіріп, көрсетіп беретін. Тегін тәжірибе алмасуға әріптестерімнің көбі бармады. Оларға өздері алған білім жеткілікті болса керек, мен үшін әр тәжірибе құнды көрінді. Меніңше, дәрігер болудың өзі махаббат пен жігерді талап етеді. Мен осыған дайын болдым.

Өткен жылы студентімді осы тәжірибеден өткізуге жібердім. Тек екі апта ғана болып қайтты. Келе салып, ондағы тәжірибеден өтіп жатқандары өзінің жетекші болып, білмегендерін үйретіп қайтқанын айтты. Ол қыз менің шәкіртім. Одан «Қай жерде істейсің?», «Білімді қайдан алдың?»деп сұрақ та қойыпты. Бұдан шығатын ой, мен оқыған, тәжірибе алмасқан жылдары білімді нақты беретін.

1983 жылы Қазақстанда алғаш рет осы Сызғановта микрохирургиялық операция жасала бастады. Сол кезде мен микрохирургиялық операция жасалған пациенттерді оңалту жұмыстарымен айналыстым.

«Менің істеп жүрген тәсілдерім кітапта жазылмаған»

Менің дәл қазір істеп жүрген, науқастарды емдеп жүрген әдіс-тәсілім (авторлық) кітапта жазылмаған. Себебі бұл қаншама жылға созылған білім мен тәжірибенің арқасында пайда болған өз алдына жеке, пайдасы мол әдіс. Авторлық әдіс деуге де болады.

Бұрын айтылған деректерді интернеттен іздеп көрсеңіз, сол жерде сіңірі үзілген адамға операция жасалғаннан кейін, оны қайта оңалту мүмкін емес деп санаған. Әрине, бұл оңай емес. Күрделі жұмыс. Алайда ынта мен өз ісіңе деген махаббат науқасты аяғынан тұрғызып жіберуге септігін тигізеді.

Бір науқасқа кем дегенде 3-4 сағат уақыт кетеді. Уқалау, қыздыру, басқа да жұмыстары бар. Осы әдісті 2017-2018 жылдары өзіме патенттеп алдым.

Қиын әрі күрделі деп есептеген бір оңалту жұмысы туралы айтып берсеңіз?

Кез келген науқастың қайта оңалтуға келгендегі жағдайы біз үшін қиын және күрделі. Дегенмен біреуін айтайын.

Бір жігіт келді. Көлік апатынан кейін қолы мүлде қозғалудан қалып, ештеңеге жарамай қалған. Себебі әйнек кірген, басқа да жарақаттар болған. Ол науқасқа Шымкент қаласында бірнеше рет операция жасалған. Кейін Сызғановқа алып келген. Келгеннен кейін осындағы профессор хирургтар жігіттің қолына оңалту жұмыстарын жасау керек екенін айтып, оны маған тапсырды. Біз үшін өте ауыр әрі қиын тапсырма болды, бірақ жігіттің қолын аман алып қалдық. Олай болмағанда, кесіп тастауға дейін барар еді. 80% жұмыс нәтижелі болып, әлгі науқас кейін жұмысқа кірісіп кетті.

 «Науқастың сөзі дем берді»

Қазақта  «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген бар ғой. Мен өзім сынды да, мақтауды да қабылдап, көтере алатын адаммын. Бала күнімнен сондай болдым. Сынға керісінше жүріп, жетіліп, сабақ алдым. Әлгі емделіп шыққан науқастың бір-ақ ауыз жылы сөзі маған дем берді. Ол маған келіп: «Үрімхан ханым, өзіңізді бағалаңыз!» деді. Осы сөзден кейін мен бұл салаға нақты кірістім.

Одан бөлек сәтті бір өткен оңалту жұмысынан кейін науқастардың бірі жеке орталық ашуымды, үйретерім бар екенін айтып, ұсыныс білдірді. Бәлкім, осы емделіп шыққан жандардың әсері де болар, осылай жеке орталық ашып, науқастарға көмек көрсетіп жатқаным.

Авторлық әдісіңіз туралы кеңінен айтсаңыз

Әрине, мен жаңадан автокөлік ойлап тапқаным жоқ, тек оны дұрыс жүргізуді үйрендім. Яғни, емдік дене шынықтыру, емдік массаж, физиотерапиялық процедуралар, сондай-ақ озокеритотерапия (парафин) секілді оңалтуға қажетті барлық методикаларды жүйеледім.

Операциядан кейін науқасқа ультрадыбыс арқылы ем береді. Бұл өте жақсы әдіс. Ол 4-5 см-ге дейін барып, теріні ыдыратады және жұмсартады. Алайда, оны ерте жасауға болмайды. Адамның терісі бірнеше қабаттан тұрады. Оған пышақ тигеннен кейін, міндетті түрде жасушаларға зақым келеді. Оған орташа оңалту жұмыстарын, алғашқы кезеңді бастау керек. Ал көп жағдайда науқастар бірден ультрадыбысқа жүгінеді.

Қайта оңалту жұмысын жасау кезінде біз теріні де, сіңірді де бос ұстауға тырысамыз. Егер қатып қалса, қайта үлкен операция жасауға тура келеді. Бұл операцияны «Тенолиз» деп атайды. Күрделі операцияға жатады. Сіңірді ажыратып, босатып, қайта тігеді. Ал біздің методика бойынша, соған жеткізбей тұрып, қайта оңалту жұмыстарын жасаймыз.

Жылқының іш майын пайдалану

Бала күнімде аяғыма операция жасағанын айттым. Гипсте болған аяқ операциядан кейін қатайып қалған. Сол кезде марқұм шешем жылқының іш майын алып, аяғыма жағып, уқалайтын. Ол жұмсартатын.

Осыдан кейін мен де өз әдіс-тәсілімде жылқының іш майын пайдалана бастадым. Бұл туралы микрохирургтер жақсы біледі. Жалпы бұл әдісті 3 жыл бойына дайындап, жазып шықтым.

Сізге келетін науқастардың дені кімдер?

Түрлі ұлт өкілдері келеді. Әсіресе, орыстар өздерінің денсаулығына жақсы қарайды. Сенің айтқаныңды бұлжытпай орындайды.

Өзіміздің қазақтардан да келетіндер бар. Тек олар уақыт создырып келеді немесе «бір саусақ қой, ештеңе етпес» деп жүре береді. Негізі 30% жұмыс хирургтен болса, 70% жұмыс қайта оңалту жұмыстарына байланысты.

Қайта өңдеу, ем-дом жұмыстарын науқастың қалыс қалдыруына болмайды. Мен мұны тіпті бірінші орынға қояр едім. Себебі бұрын 80-жылдары дәрігерлер операция жасағаннан кейін науқасты барып қарап, оған массаж жасап беретін. Егер науқас операциядан кейін ұзақ уақыт жатып қалса, оның пневмонияға шалдығуы мүмкін.

Германияға барып төртінші операциясын жасатқан бір науқас келіп қаралды. Оның айтуынша, ол жақта операциядан кейін сол жердегі реабилитолог бірден келіп, науқаста қарайды екен. Бұл бізде де болған негізі. Тек қазір ауруханалардағы жағдайдың қандай екенін білмеймін.

науқасқа бірдей жаттығу жасауға болмайды

 Алдыңызға үш бірдей қолынан жарақат алған науқас келіп тұрса, үшеуінің де жарақты бір екен, бір жаттығуды жасай беріңдер деп айтуға болмайды. Бұл профессионалдың әрекеті емес. Әр науқасқа жеке-жеке жаттығу тағайындау керек. Көбінесе осы жерден қателесіп жатамыз. Яғни емді дұрыс жазу керек.

Сіздің кездегі және қазіргі шәкірттер арасында айырмашылық бар ма?

Өте үлкен айырмашылық бар.

Жауапкершілік жоқ.

Оқуды бітіріп келген студент бірден нарықтағы бағаны алғысы келеді. Ол әлі тәжірибеден өтіп, соның ыстығы мен суығына түспей жатып, көп ақша сұрайды. Мәселен, маған жұмысқа тұруға жастар келеді. Олар бірден ақшасын сұрайды немесе «маған осындай ақша керек» деп ашып айтады.

Менің өзім осы салада 30 жыл жүрдім. Әлі үйреніп келемін. Осы орталықты ашқаныма 8 жыл болса да, әлі де оқимын, әлі де тәжірибе жинап жүрмін. Орыстардан курстарды сатып алып, онлайн оқып жатырмын қазір. Оларда бұл сала жақсы дамыған.

Кітап бар, ізденіс жоқ.

Күйік шалу мен сіңірді қайта қалпына келтіруде қандай қиындық бар?

Екеуі де күрделі жұмыс. Әсіресе, күйік шалған науқастың қайта оңалту жұмыстары ұзақ уақыт алады.

Балаларға қарағанда үлкендермен жұмыс күрделі жүреді. Балалардың терісі тез жетіліп, тез бейімделеді ғой. Үлкендерде қиындау.

Осы уақытқа дейін 500-ден астам науқасты емдеп, жақсы өмір сүрулеріне көмектестім деп айта аламын.

 Пайдасы мол әңгімеңізге рақмет!

 Марғұлан АҚАН