Bugin
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының төрағасы өкілеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратындығын мәлімдеген болатын. Бұл Қазақстанда болатын әлдебір саяси өзгерістің нышаны ма? Осы сауал негізінде саясаттанушы Дос Көшім мен Айдос Сарымның пікірін білген едік.
Дос КӨШІМ, саясаткер:
- «Тоқаевқа тапсырдым деген нәрсесі не заңға, не логикаға, не демократияға жатпайды. Себебі, партияның басшысын жалпы жиналыс, конференция ғана шешеді. Бір адам шешпейді. Ол хандық емес мұрагерге тастап кеттім дейтін. Сондықтан, мен бұл жағдайға таңқалдым. Жоқ әлде мүмкін жарғыларында солай жазылып па? Мысалы, бірінші басшы өзінің орнын біреулерге өзі тапсырады деген. Сондықтан, менің қатты қарным ашып қалды осындай жағдайға жеткенімізге. Демократия құрамыз деген уақытта. Мүмкін ертең конференция Тоқаевты қабылдамайтын шығар. Кім біледі? Екіншіден, Тоқаев Президент болып келген уақыттарда Назарбаевтың ісін әрі қарай жалғастырамын деді. Сабақтастық деген сөзді айтты. Мұны бәріміз білеміз. Бұл экономика, саяси мәселе жөнінен жалғастырады. Сондықтан партияның басында Назарбаев бола ма, Тоқаев бола ма ешқандай айырмашылық жоқ. Егер ол әрі қарай сол істі жалғастыратын болса. Партияның сол бағыт, сол курсы әлі күнге дейін ұсталатыны анық. Тек адамдардың ауысуы саяси бағыттың ауысуына әкелмейтінін көріп отырмыз. 8 премьер ауысты, әр министрліктен 10-15-тен ауысты, Білім министрлігіне 12 адам келіп кетті. Одан бірдеңе өзгерді ме? Одан қоғамда дамудың басқа жолы таңдап алынды ма? Жоқ. Сондықтан бір адамды бір адаммен ауыстыру ешнәрсені өзгертпейді».
Айдос САРЫМ, саяссаттанушы, Мәжіліс депутаты:
- «Өзгерістердің болатыны анық, бүгіннің өзінде, мәселен, Алматы облысының әкімі ауысып жатыр. Алдағы уақытта "Нұр-Отан" партиясының құрылтайы өтуі тиіс. Онда, кешегі тарихи өзгерістер рәсімделуі шарт. Құрылтайдың өтуі белгілі бір заңдық және жарғылық процедуралардың өтуін талап етеді (аймақтағы конференциялар, делегаттарды сайлау т.с.с.). Сондықтан кемі бір ай уақытқа дейін созылуы ықтимал. Оның үстіне ел Тәуелсіздігінің 30-жылдығы келе жатқанын, оның аясында көптеген шаралардың өтетінін де түсінуіміз қажет. Сонымен қатар партия құрылтайының тек қана бір шешім үшін ғана жиналмайтыны да анық екенін ескеру қажет. Кемі белгілі бір саяси, әдістемелік, стильдік тұрғыдағы құжаттар дайындалып, олар құрылтай делегаттарына табысталуы қажет. Партияға төрағалық ең алдымен жауапкершілік, сондықтан да партияның жаңа төрағасы, мемлекет басшысы еліміздің жаңа саяси және стратегиялық жоспарлау жүйесіне өтуіне байланысты әкімдер мен министрлерге нақты талаптар, тапсырмалар беруі ықтимал. Кеше Елбасы айтқандай, мемлекеттік апппарат, ел элиталары президент жанына топтасып, оның реформалары мен модернизациялық жобаларын іске асыру тұрғысында жұдырықтай жұмылуы міндет. Олай болатын болса, алдағы уақытта осы мақсаттардан туындайтын кадрлық өзгерістер жалғасуы бек мүмкін».