Білім және ғылым

Ғалым, ұлағатты - ұстаз Сәлима Әбдіраманқызы мерейлі жаста!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Университетіміздің филология факультетінің кафедра доценті, белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. Қалқабаева Сәлима Әбдіраманқызы алпыс деген асқардың шыңына шықты. Сәлима Әбдіраманқызы 25.11.1961 жылы туылған. Ғылыми атағы мен дәрежесі – филология ғылымдарының кандидаты, доцент. 1985 жылы Е. Букетов атындағы ҚарМУ-ды, 1994 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аспирантурасын, 2005-2007 ж.ж. докторантурасын бітірген. 1995 жылы 10.01.02 – қазақ әдебиеті мамандығы бойынша «Ә. Нұршайықов шығармаларындағы адамгершілік ізденістер» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. 2005 жылдың 15 қазанында ҚР БҒМ-ң қадағалау және аттестаттау комитетінің шешімімен әдебиеттану мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілді.  Жалпы еңбек өтілі – 40 жыл, педагогикалық өтілі – 35 жыл, ҚазҰУ-дағы ғылыми-педагогикалық еңбек өтілі – 22 жыл. 1995-1998 жж. ҚР ҒА  М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты  әдебиет теориясы бөлімінде ғылыми қызметкер болып істеді. 1998 жылдан бері ҚазҰУ-дың филология факультетінде оқытушылық қызметін атқарады. 1998-2003 жж. қазақ тілі кафедрасында оқытушы; 2003-2006 жж. Әдеби шығармашылық және көркем аударма теориясы кафедрасына доцент; 2006-2011 ж.ж. Әдебиет теориясы және фольклористика кафедрасында доцент. 2011 ж. қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасының доценті,  2011 жылдан бүгінгі күнге дейін Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасында доцент, профессор м.а. қызметтерін атқарады. С.Ә. Қалқабаеваның ғылыми зерттеулері «Ә.Нұршайықов прозасындағы адамгершілік ізденістер» (- Алматы, 2OO4) мен «Көркем шығарма поэтикасы» («Қазақ университеті», 2019) атты екі монографиясында көрініс алады. Web Science, Scopus базасында – 2 мақаласы жарияланған. Әдебиеттің өзекті мәселелері қамтылған ғылыми мақалалары ҚР БжҒМ Бақылау  комитеті бекіткен басылымдарда, мен  халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми-методологиялық конференция материалдарында, ұжымдық ғылыми еңбектерде («Әйгілі Әзаға», «Майтанов әлемі», «Өнегелі өмір. Ә.Нұршайықов» т.б.), республикалық журналдар мен газеттерде жарық көрген. Көптеген ғылыми-әдістемелік мақалалары «Әдебиеттану ғылымының методологиялық мәселелері», «Қазіргі гуманитарлық ғылымдарының өзекті мәселелері», «Аударма теориясы мен тәжірибесінің және салыстырмалы әдебиеттанудың өзекті мәселелері», «Қазіргі әдебиеттану мен фольклористиканың теориялық және методологиялық мәселелері», «Әуезов және әлем әдебиеті», «Қабдолов оқулары», «Әдеби-рухани мұра: мәдениетаралық коммуникация контексінде», «Әдеби мұра – рухани жаңғырудың қайнар бұлағы», «ХХІ ғасырдағы филология ғылымдары: ұлттық код және көркемдік таным», «Әбіш Кекілбаев – заманның заңғар тұлғасы», «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық, методологиялық конференция материалдарының ғылыми жинақтарында жарияланды. С.Ә. Қалқабаеваның мақалаларында әдеби процесс, әдебиеттану ғылымының әр түрлі мәселелері, көркем шығарма поэтикасы, қазақ әдебиеті мен тілін оқытудың әдістемелік жайлары  сөз етіледі. Ғылыми еңбектерінің негізгі тақырыбы көркем шығарма поэтикасы, көркем прозадағы шығармашылық тұлғалар, көркем шығарма және деректілік мәселелеріне арналады. Оқу процесінде дәрісті базалық, теориялық пәндерден оқиды: бакалавриатта – «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы», «Әдебиет теориясының негіздері»; магистратура мен докторантурада – «Әдебиеттанудың өзекті мәселелері», «Әдебиет поэтикасының өзекті мәселелері», «Қазақ әдебиеттануындағы өзекті мәселелер», «Қазақ әдебиеттануындағы жаңа бағыттар» т.б. Сонымен қатар көптеген элективті пәндерден дәріс оқып, семинарларды жүргізу барысында инновациялық әдістерді меңгерген  білімді де тәжірибелі маман екендігін көрсетті.  

С. Қалқабаева бірнеше  әдістемелік-оқу құралдарының авторы. Әр жылдары жарық көрген «Қазақ тілінде ресми-іс қағаздар үлгілерін оқыту» («Қазақ университеті»,1999), «Қазақ тілі сабақтары» («Қазақ университеті», 2003), «Әдеби жүздесу. Әзілхан Нұршайықов» (2015), «Әдеби жүздесу. Исраил Сапарбай» (2015), «Әдебиеттану пәні бойынша тест жинағы» («Қазақ университеті», 2019) т.б. әдістемелік-оқу құралдары оқу процесінде, мамандану пәндерінде қолданылып жүр. Ғалым өзінің зерттеушілік ізденісін көркем шығарма табиғатын, оның көркемдік болмысы мен тәрбиелік мәнін ұғындыруға бағыттағандығын дәлелді негіздейді. Қарастырып отырған қаламгер шығармаларының поэтикалық даралығын айқындайтын амал-тәсілдерді жете зерттеп, аналитикалық талдауларды тереңнен пайымдап, теориялық сауаттылықпен қарастыратынын ғалым қарымын нақты танытады. Қаламгерлік шеберлік, суреткерлік тіл, тарихи деректер жүйесі, кейіпкерлер болмысы, психологиялық талдау, көркемдік детальдың қызметі сияқты  мәселелерді  ғылыми ізденістерінің нысаны етіп алуы ғалымның эстетикалық танымы мен  сыншылдық талғамының жоғарлығын көрсетеді.  

Міне осындай алпыстың асқар асуында Сәлима Әбдіраманқызы қомақты ғылымдағы жеткен жетістіктеріне таң қалуға да болмайды. Ұстаз ғалымның әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің табылдырығын аттағанынан бастап алдына қойған мақсаты осы ғылым жолы мен шәкірт тәрбилеу болатын. Білім беру жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан ұстазды әріптестестері, студент, магистрант шәкірттері абырой мен сыйға бөлеген.  Сәлима Әбдіраманқызы тағы бір қыры ол - ақындығы. Біршама өлеңдеріне сазгерлер ән жазып, радио толқынындарында беріліп, той-томалақтарында билетіп  жүргенін көп әріптестері де, достары да біле бермейтін жайт. Осындай орасан зор педагогикалық тәжірибемен үйлесетін  терең теориялық ғылымы бар Сәлима Әбдіраманқызы филология факультетінің ғана емес университетіміздің мақтанышы екені сөзсіз.

 

Жалғас Иманалиев

Әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университеті.

Аға оқытушы.