Қоғам

Әскердегі суицидтің себебі не? – психологтар жауап берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жақында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы әскери бөлімнің офицері өз-өзіне қол салды. Қайтыс болған жігіттің өлер алдында жазған хаты да табылған. Бұл әскерде болған суицидтің алғашқысы емес... Бұндай оқиғалар жиі орын алуда. Халық үшін де «әскердегі суицид» қалыпты нәрсеге айналып бара жатқан секілді. Себебі, көп жағдайда іс қозғалып, ақпарат ел арасына тарағанымен, оқиғаның мән-жайы жабық күйінде қалып кетеді.

Әскер – суицидті туғызатын орта болмауы керек. Әскерге, әдетте, физикалық және психикалық жағынан сау адамдар алынады.

Ал бейбіт күнде әскердегі азаматтардың өз-өзіне қол салуының себебі неде? Әскерге барған жігіттің психологиясында қандай өзгерістер болады?

Бұл сұрақтардың жауабын Bugin.kz порталы іздеп көрді.

Жанар ОСПАНОВА, психоаналитик:

«Суицид – өмірге деген құштарлықтың жоқ болуынан туындайды. Адам бойында өмірге құштарлықпен қатар өлімге құштарлық та болады. Әрбір адам өмірінде өлім туралы ойлайды. Ол, әсіресе, жасөспірімдерде көп болады. (қазір 23 жасқа дейінгі адамдарды «жасөспірімдердің» қатарына жатқызамыз) Адам ұзақ депрессия кезінде өлім туралы ойлана бастайды. Көп жағдайда махаббат көрмеген балалар ұзақ депрессияда болады. Бірақ депрессия әскерге барғанда бірден пайда болмайды. Ол бала кезден бері жиналған реніштерден, жанындағы жаралардан туындайды.

Депрессия – жоғалту. Суицидтің тағы бір себебі, сарбаздардың өздерінің бостандығын жоғалтуында. Олар өз қалауларын істей алмай, біреуге тәуелді болады. Бұны көп жасөспірім дұрыс қабылдай алмауы мүмкін.

Меніңше, әскерге дейін әрбір әскерге баратын жігіттің өзін-өзі бағалау деңгейін тексеріп көру керек. Сол арқылы «әскердегі суицидтің» алдын ала аламыз»

Шұғыла ДУАНАЕВА, психолог:

«Суицид бірден қабылданатын шешім емес. Кез келген адам суицидке бірден бармайды. Біріншіден, адам бойында жылдар бойы жиналған травмалар, комплекстер тығырыққа тіреген күйге келтіреді. Адам тығырыққа тірелген кезде өзінің субъективті әлемінен шыға алмай, шынайы өмірге тіке қарай алмай қалады. Ол бір мәселе. Екінші мәселе, әскердегі қарым-қатынасқа да байланысты. Біздің қоғамымызда психологиялық сау, тұрақты, стресске төзімді адамдар аз. Әскердегі қысым онсыз да психологиялық әлсіз адамды «сындырып» тастайды.

Суицид туралы жасөспірімдер немесе психологиялық жасы жасөспірімдік жаста қалып кеткен адамдар жиі ойланады. Бірақ өз-өзіне қол жұмсауына адамның өзі ғана кінәлі емес. 50 де 50. Иә, адамның ішінде уайымы мен жан жарасы болуы мүмкін. Алайда ол уайымның қоздырушы триггері – қоғам»