Teacher.kz

Қазақ әдебиетін комикс арқылы оқытып жүрген жас маман

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жас мамандар білім беру үдерісінде балалармен қалай тіл табысады? Олар сабақ барысында қандай жаңа технологияларды қолданады? ХХІ ғасыр мұғалімі өз имиджін қалай қалыптастырады? Бұл туралы бізге  жас педагог Назым Сапарова жауап берді.

- Ұшқыш қателігі жерге құлайды, дәрігер қателігі жер астына кетеді, ұстаз қателігі жер басып жүреді. Біз жердің бетіндеміз. Жол ұзақ, жүк ауыр. Ұстазға жүктелетін үлкен жауапкершіліктің кішкентай ғана ең ауыр жүгін қалай алып жүрсіз?

- Мен өзімді әлі «ұстазбын» деп есептемеймін. Өйткені менің мұғалімдік еңбек жолым басталып келеді. Сондықтан бірден өзімді «ұстаз» деп атауға ауызым бармайды. Бірақ мен тек сабақ беріп шектеліп қалатын педагог қана емес, оқушылардың шамшырағын жағатын, арманына қанат бітіретін жанашыры болғым келеді. «Менің атым – Қожа» фильміндегі Рахманов ағай мен Майқанованың арасында болатын мынадай диалог бар. Рахманов ағай «Мен Сұлтанның шырағын жаға алмадым» деген кезде Майқанов «Сіз Қожаның шырағын жақтыңыз ба?» деп мысқылдайды. Меніңше, фильмнің осы эпизодында ұстаздықтың ұлы миссиясы айтылған. Әрине, оқушы жүрегінен ойып алар ұмытылмас ұстаз болу – әр мұғалімнің арманы. Бірақ оның жүгін арқалап өту – үлкен жауапкершілікті талап етеді. 

- ХХІ ғасыр мұғалімі өз имиджін қалай қалыптастырады?

- Мұғалім десек, көз алдымызға шашын түйіп алып, үлкен көзілдірік тағып, тықылдаған топылайынан оқушылар қорқатын образ көз алдымызға келеді. Оған қоса, мұғалімробот. Сыныбынан шықпай, тек қағаздарымен айналысады. Оның қызығушылықтары, мектептен тыс өмірі бар екенін ескере бермейміз. Бірақ бұл бейнені бұзуға болады. Әлемді өзгерту үшін алдымен өзімізден бастау керек. Меніңше, ХХІ ғасыр мұғалімі алдымен мамандығын саналы түрде таңдауы керек. Тек университет тарапынан берілетін базалық біліммен ғана емес, біліктілікті үздіксіз арттырып отыруды ұмытпаған жөн. Ең бастысы балаларды жақсы көру. Бала жүрегі деген таза ғой. Бәрін сезеді, бәрін де біледі. Сондықтан оқушылармен бір толқында болған дұрыс. Өйткені дәстүрлі жүйедегі сабақ беру немесе балаларға ұрыспен бағындыру мүлдем мүмкін емес. Сабаққа кіргенімде оқушыларыма «Бері жақында да, ыңғайлан» десем, бір оқушым «Назым мұғалім, ninety one тыңдайсыз ба?» деп таңғалды. Оқушылармен бір толқында болу үшін мен де олардың қызығушылықтарымен санасуға тырысам. Сабақтарымды да солай икемдеп жоспарлаймын. Z ұрпақ деген ең креатив, өте ақылды екеніне көзім жетіп келеді.

- Ұлы педагог К.Ушинскийдің сөзінше: «Мұғалім үздіксіз ізденіп, жетіліп отырғанда ғана  мұғалім, ізденуі тоқтағанда мұғалімдігі де жойылады». Өзіңіз үлгі тұтар, көш бастап жүрген мұғалімдер арасында тұлғаға айнала алған жандар бар ма?

- Менің нағашы атам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, менің анам орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Мен де анамның өкшесін басып балаларды қазақ тілі мен әдебиетіне қызықтырып жүрмін. Менің өмірімдегі маман болу мен ана болу миссиясын орындап жүрген ең үздік адам анам. Кез келген сәтте қолдайтын да, көмектесетін де, менің кішкентай жетістіктеріме қуанатын да анам. Тек мектепте сабақ берумен шектелмей, өмір бойы сабақ беріп келеді. Ал ҚазҰУ-дың табалдырығын аттаған сәттен бастап Алма Қыраубаева есімді оқытушының есімін естіп жүрдім. Шәкірттері Алма апайды ауызынан суы құрып жиі-жиі еске алады. Мен де Алма апайдың ұстаздық ұлағатына қызыға бастадым. Содан филология факультеті мақтайтын Алма Қыраубаеваның «Жаным садаға» кітабын іздеп, былтыр 4-курсымның соңғы оқу семестірінде сол еңбек қолыма түсті. Меніңше, ең керек уақыт мен «Жаным садағаны» оқыдым. Мұғалімдік миссиямның қаншалықты маңызды екенін осы кітап ұқтырды. Күнде Алма апайдың кітабын парақтап қайталап оқимын. Филфакта Алма апайдай оқытушылар өте көп. Мен оларды көрмесем де, шәкірттерінен дәріс тыңдадым. Соған қуанам әрі олардай болуға ұмтылам. 

- Смартфонға байланған дәуірде балалардың сабақ оқымауы ата-анасы мен ұстазын алаңдатары сөзсіз. Әсіресе жас жеткіншектердің смартфонға тәуелділігі оның ой санасымен қоса денсаулығына да зиянын тигізеді. Бұл жағынан өзіңізге үстемдік берер қандай шараларды қолданып жатырсыз?

- Мектепте «мұғалім» болған күннен бастап оқушылардың қолынан кітап емес, смартфон түспейтінін байқадым. Телефоннан пайдалы дүние көрсе жақсы ғой. Керісінше, миға қисынсыз ойындар ойнап жүреді. Содан үзілісте оқушыларды сапқа тұрғызып кітапхана алып барып, кітап оқытамын. Демалысқа оқуға шығармалар беремін. Содан «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушыларға кітап оқытқызуды қолға алдым. Бастауыш, орта және жоғары буынға шығармаларды таңдап, оны оқытқыздым. Оқыған шығармасын тест, эссе және комикс түріндегі жұмыстарын оқушылар тапсырды. Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» повесі бойынша оқушыларым комикс жұмыстарын көргенде өзім де қатты қуанып кеттім. Осылайша, олар құр мазмұндаудан гөрі шығармашылық жұмыспен айналысты. Комикс бойынша жұмыстарға орын емес, номинациялар ұсынып, демеуші арқылы кітаптарды сатып алып марапаттадым. Келесі кітап «Жабайы алма», бұған сахналық қойылым дайындайды.

- «Қазақ әдебиетін комикс арқылы оқыту» идеясы қалай пайда болды? Оның тиімділігі қандай?

- Идея бұрыннан болды. Мен комикстерді жақсы көремін. Өкінішке орай, қазақ тіліндегі комикстер өте аз. Сондықтан қазақ әдебиетіндегі көркем туындыларды насихаттайтын қазақ тіліндегі комикстердің болғанын қаладым. Сол арқылы оқушыларымның кітап оқуға деген құштарлығын арттырғым келді. Меніңше, әр сабақ – бір шығармашылық үрдіс. Кітапты тек мазмұндаумен, оқумен шектелмей, шығармашылық қырын, дағдыларын дамыту арқылы қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын оятуға тырыстым. Ол тапсырма балаларға өте қызықты болады. «Келесі комиксті қашан жасаймыз?» деп асыға күтіп жүр. Бұл әдістің тиімділігі – баланың ойлауын, шығармашылық дағдысын, сурет салу қабілетін, қабылдауын, сондай-ақ кітаптағы кейіпкерді елестету арқылы оның қиялы дамиды.

- Білім беруге арналған онлайн платформалар туралы ойыңыз қандай? Оның оқушыға пайдасы бар ма? Сіз қандай онлайн платформаларды білім беру үдерісінде пайдаланасыз?

- Қашықтықтан оқу – білім беру платформаларының қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сондықтан платформаларды тек жетілдіру керек. Өйткені білім алуға ешбір кедергі болмауы керек. Ауылда жатса да, баланың білім алуға мүмкіндігі бар. Тек интернет мәселесі бойынша ауытқулар болуы мүмкін. Ал былайша мен білім беру платформаларының көп және сапалы болғанын қалаймын. Қазір білім беру жүйесі де ақша табу көзіне айналып кеткені өкінішті. Саны көп, сапа жоқ. Бірақ бәсеке арқылы ең үздіктері қалады. Мен сабақтарыма Bilimland платформасын қолданамын. Оған қоса, cep.nis.edu.kz Назарбаев зияткерлік мектептерінің білім беру орталығы сайтынан оқулықтар мен ресуртарды пайдаланамын. Біліктілігімді арттыру үшін sdo.cpm.kz сайтындағы ақылы курстар оқимын. Сонымен қатар Сүлеймен Демирел университетінің жанында құрылған мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру орталығының курстары да әр мұғалімнің кәдесіне жарары сөзсіз.

- Ынтасыз оқушының білімге құштарлығын қалай ұштаймыз?

- Алдымен оқушының қызығушылығына мән беремін. Одан кейін өзіміздің де бала болғанымызды, өзіміздің де кейде сабаққа ынтамыздың болмағанын, сабаққа кешіккенімізді, қателескенімізді ұмытпауымыз керек. Сосын балаға мүмкіндік беріп, сенген дұрыс. Сонымен қатар мен әр баланың қызығушылығын білу үшін «Заттар салулы сөмке» әдісін қолдандым. Ол әдіс бойынша оқушылар бірдей дорбаға өзін сипаттайтын 5 зат салып келді. Әркімде өзінің қызығушылығына қарай әртүрлі зат болды. Кейін мен оның барлығын араластырып, дорбадан бір-бірден шығарып отырдым. Оқушылар әр заттың кімді сипаттайтынын тапты. Осы ойын арқылы олар бір-бірін жақын тани түсті. Мен де оқушыларыммен етене танысып, олардың қабілеттері мен қызығушылықтарына қарай жұмыс істей бастадым. Сыныбымда бір оқушының мазмұндама айтудан гөрі сурет салуға қабілеті бар. Ал екіншісі жазудан гөрі мазмұндама айтуды ұнатады. Қазір әрбірінің жеке ерекшеліктеріне қарай тапсырма беремін.

- Назым Сапарова үшін «идеал мұғалімнің» бейнесін үш сөзбен сипаттап берсеңіз

- Назым Сапарова үшін «идеал мұғалім» ол: мейірімді, білімді, шығармашыл

- Әңгімеңізге рақмет! Өзіңіз сипаттаған «идеал мұғалім» болуыңызға тілектеспін!

 

Самал ҚҰРМАНБАЙ