Teacher.kz

Гүлнұр Кәдірхан: «Ақпараттық технология дамыған заманда онлайн платформалардың маңызы зор»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шәкіртсіз ұстаз тұл! Қандай мамандық иесі болсын әуелі ұстаздың алдынан өтті. Мектеп екінші үйіміз болса, ұстазымыз екінші анамыз бола білді. Алғаш мектеп табалдырығын аттап, әліппені ашқан тұста 42 әріпті танытып, олардың басын қосып сөйлем құрауға баулыған - ұстаз. Осы орайда, Педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-модератор, орыс тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Гүлнұр Кәдірханмен сұхбат жүргізген едік! 

- Неліктен мұғалім болуды таңдадыңыз?  

- Мұғалімдікке келген себебім аудиториямен жұмыс жасаған ұнайды. Мектептің жақсы болмағы, шәкірттің білімді болмағы, болашақта сол алған білімін өмірде өзіне және қоғам игілігіне жұмсай алатын азамат болып шығуы тікелей ұстазына байланысты. Сол себепті, болашақ ел іргесін ұстар нағыз азаматтарды тәрбиелеп, пайдалы білім беру ұстаздың борышы деп санаймын. Жалпы, ұстаз - таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз - Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы. Сол себепті, әрі қарай ізденіп, осы мұғалімдікті таңдап, оқуға түсіп, білім алып міне болашақ ұрпақты тәрбиелеуге өз үлесімді қосуға тырысып жүрмін. 

- Жалпы қазір ақпараттар ағыны мол,  жаһанданған заман. Сіз ХХІ ғасыр оқушыларын қалай оқытасыз, қандай технологияны қолданасыз және оқушыларды жаһандық азамат болуға қалай жетелейсіз?  

- Осыдан 3-4 жыл бұрын білім жүйесі дәстүрлі оқыту форматы бойынша жұмыс істейтін еді. Міне, бүгінде жаһандану заманына аяқ бастық. Ақпарат көзі көп, ізденісті талап ететіндіктен жаңартылған білім бағдарламасы іске қосылды. Балаларға дұрыс бағыт беріп, креативті ойлауға үйретіп, өз ойын анық жеткізе алатын саналы ұрпақ тәрбиелеу мақсатында жаңартылған оқу бағдарламасы негізінде ХХІ ғасыр ұрпақтарын тәрбиелеп жатқан жайымыз бар.  

Әр сабақтың тақырыбына қарай түрлі көрнекіліктер пайдаланамын.  Жаңа технологияны қолдану арқылы презентация, сабаққа қатысты роликтер дайындап көрсетіп отырамын. Одан кейін менің жақсы көретін әдісім сұрақ-жауап. Себебі, адам сөйлеген сайын ойлау қабілеті де дамиды. Сол себепті, баланы көп сөйлетуге тырысамын.  

– Өзіңіздің мамандығыңызды екі сөйлеммен сипаттап беріңізші?  

- Мұғалімдік барлық мамандықтың анасы. Білгенімізді жеткізіп, келешек ұрпақ, жас мамандарды, ұлтымыздың болашағын сеніп тапсыра алатын азаматтарды тәрбиелеп жүрмін. Сол себепті мамандығымды сүйемін. Оқу ешқашан көптік етпейді. Заман ағымына ілесіп, бір жерде тоқтап қалмай, әрі қарай өсіп-өнуге тырысып жатырмыз. Білгенімізден, білмегеніміз әлі де бар. Сол себепті алға қарай жүре береміз.   

- Білім беруге арналған қандай онлайн платформаларды білесіз? Оның оқушыларға пайдасы бар ма? Қандай онлайн платформаларды қолданасыз? 

- Екі жыл бұрын елімізде пандемияға байланысты алғаш рет қашықтықтан оқыту жүйесі іске қосылған еді. Мұны да тәжірибе жүзінде көрдік. Жалпы қазір онлайн платформалар жеткілікті. Оның ішінде тиімділері, тиімсіздері, қолданысқа енгені мен енбегені бар. Платформалардың ішінде daryn online, classroom, bilimland-ты айтуға болады. Бүкіл Қазақстанның мектептері жұмыс істеп жатқан соң оларды платформа емес үлкен база деп айтуға болады. Қазір ақпараттық технология дамыған заманда онлайн платформалардың болғаны өте тиімді. Себебі, қағазбастылықтан арылудың бірден бір жолы осы. Соның есебінде әр бала өзінің логин, паролі арқылы кіріп,  бағаларын, күнделікті тапсырмаларын біліп, ағыннан қалмай, жаңалықтарға ілесіп өз бетімен оқуға дағдылануына мүмкіндік бар. Оның бір септігі осы деп білемін. 

- Халық арасында орыс тілі болашақта өзектілігін жоғалтады, орыс тілі мамандары қажет болмай қалады деген ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпаратқа сіздің көзқарасыңыз қалай? Жалпы Қазақстанда орыстілділерге қарсы ксенофобия бар ма?  

- Ксенофобия басқаға байланып қалма деген сияқты ой. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан ана тіліміз қазақ тілі мемлекеттік тіл, орыс тілі мен ағылшын тілі де қолданыстағы тілдер болып есептеледі. Жеке ойым, Ресейдей алып мемлекет тұрғанда орыс тілі қажеттілігін жоғалтпайды. Толық сенімдімін. Көп ұлтты ұланбайтақ жерімізге сыйдыра алғандығымыз қонақжайлылығымыздың, бауырмалдығымыздың белгісі. Екінші тілді ысырып тастап ана тілінің мәртебесін көтеруге қарсылығым жоқ, бірақ дамып, өсіп, алға жылжу керекпіз. Себебі, балаларымыз шет елге шықса  тілді қажет етеді. Ол тілді білмесе ойын жеткізе алмайды. Сол себепті орыс тілі қажеттілігін жоғалтпайды деп сеніммен айта аламын. 

- Өзіңіз айтқыңыз келген, осыған дейін айта алмаған сөзіңізбен сұхбатымызды түйіндесек! Қандай сөзді айтуға кеш қалғыңыз келмейді?  

- Болашақ жастарға мамандық таңдауда қателеспеңіздер деген сөзді айтуға кеш қалғым келмейді. Себебі, мамандықтың адам тағдырына тікелей әсері бар. Ол дәлелденген тәжірибе. Өзіңіздің айналысатын кәсібіңді, жаныңа рахат сыйлайтын мамандықты сүйе біліңіз!  

Сұхбатыңызға рақмет!