Teacher.kz
Қазіргі таңда педагогика саласына, мұғалімдікке бет бұрып жатқан жастардың саны артып жатқаны көңіл қуантады. Солардың бірі – Жансая Сексенбай. Ол – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сұхбатта оның педагогикалық философиясы, Z ұрпаққа білім беру үдерісінде қолданатын тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
- Ұстаздық жолды неге таңдадыңыз?
- Бұл жолды таңдауыма ықпал еткен менің алғашқы ұстаздарым мен ата-анам деп есептеймін. Ал саналы түрде таңдауымды мектепте педагогикалық практикада жүргенде жасадым.
- Педагогикалық философияңызды айтып беріңізші
- Жалпы бір философиямды қалыптастырып үлгердім деп ойламаймын. Бірақ ұстанатын өзіндік қағидаттарым бар. Маған басында сабақ қызық әрі белсенді болу керек сияқты көрінетін. Тәжірибе жинақтала келе, сыныпта не болып жатқанын терең түсіну, оқушылардың жеке прогресін бақылау маңызды екенін түсіндім. Бүгінде педагогика оқушыны жетектеуші, білімді санасына «құйып беруші» жағынан да кең түсінікті қамтиды. Ол бағыттаушының, жаттықтырушының рөліне көбірек келеді. Мен үшін ұстаздық ұзақ жол сияқты. Нәтижесін, сапасын уақыт өте келе бағалай аламыз. Сондықтан көп жылдан кейін артымда анық із, даңғыл жол қалғанын армандаймын.
- Z ұрпаққа білім беру үдерісінде өзіңіз қолданатын тиімді әдіс-тәсілдер мен технологиялар туралы айта кетсеңіз
- Ұрпақтар теориясы бойынша бұл ұрпақтың құндылығы да, танымы да бізден, ата-анасынан мүлде өзгеше. Оны түсіну керек, қабылдау керек. Оқытудың стандартты, классикалық әдістері арқылы да бұл ұрпақты тиімді оқытуға болады. Ескеретін дүние – олардың жан-дүниесі, олардың ақпарат әлемі болу керек. Өзектілігін жойған мәтіндер мен ресурстар оларға еш пайда әкелмейді. Сондықтан олардың қажеттілігін анықтағаннан кейін оқыту әдісін де, технологиясын да таңдау жеңілірек болады. Оқушылар креативті, өте сапалы визуалды жақсы қабылдайды. Мен сабақтарымда оларға таныс көрнекіліктер мен мысалдарды алуға тырысамын. Әсіресе визуал материал ретінде кроссенс, комикс сияқты әдістерді қолданамын. Оқушылар ережені жақсы көреді: сабақта, үзілісте, топтық жұмыстарда. Оларды жұмыс істету үшін ойын элементтерін, ойын ережелерін көптеп қолданамын. Бұл оқушылардың назарын ұстап тұруға ықпал етеді. Қазір мен өз тәжірибемді жүйелеу үстіндемін: не жұмыс істейді, қайсы әдіс ыңғайлы, пайдалырағын таңдау деген сияқты. Біреуге бірдеңе үйрету үшін өзіңе үйренуден қол үзбеу керек.
- Ал қай әдістер практикаңызда тиімсіз болды?
- Әдістердің сан түрі болған сияқты, оқушылар да сан түрлі. Бір сыныпта өте жақсы болатын техника келесі сыныпқа өтпейді. Барлық әдісті тиімді пайдалануға болады деген ойдамын. Ол үшін оқушыларды әбден машықтандыру керек. Бір сыныптарда ұйымшылдық жоқ болса, ол сыныпта топтық жұмыс ұйымдастыру сабақтың жартысын зая қылады. Оқушылардың қарым-қатынасы, психологиясы мен мәдениетін арттыратын әдістерді қолдана келіп, топқа біріктіруге болады.
- Дұрыс-бұрыс ақпарат көп заманда жасөспірім жастағы баланың психикасының бұзылмауына мұғалім қалай әсер ете алады?
- Бұл жерде балаға көп ықпал ететін отбасы деп есептеймін. Ал мұғалімдер өз кезегінде барынша ақпараттық сауаттылықтың негіздерін үйрету керек. Ең бастысы оны өздері де сақтау керек. Бұл өте өзекті мәселе. Өткен айда мен әріптестеріммен осы тақырыпта тәжірибемді бөлістім. Тегін ресурстар арқылы оқушыға ақпараттық сауаттылықты үйрету және чаттарда қарым-қатынас мәдениетін ережелер арқылы қалыптастыру, сыни ойлау дағдыларын дамыту мәселесін бірге шешуіміз керек.
- Жансая Сексенбай үшін «идеал мұғалімнің» бейнесін үш сөзбен сипаттап берсеңіз
- Ұстамды, білімді, қамқор.
- Әңгімеңізге рақмет!
Самал ҚҰРМАНБАЙ