Weekend

Мультфильмнің 1 минутын жасауға 2 ай уақыт кетеді

Оқушы кезінен өнертапқыш атанып, электронды тоғызқұмалақ идеясын іске асырған қызылордалық өрен Бағлан Төлебай бүгінде жас аниматор ретінде көпке танылып жүр. Оқи жүріп, ізденіске бет бұрған оның идеясынан шыққан жобалар республикалық байқауларда жүлдегер атануына жол ашып беруде. Алматыда оқу мен қызметті қатар атқарып жүрген Бағланды әңгімеге тартып, анимация саласындағы бүгінгі бетбұрыстарды сұрадық

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

- Бағлан, бұрын оқушы ретінде сұхбат беріп едің, енді жас аниматор ретінде әңгімелесуге келіп отырсың. Бала кезінен компьютерге қызығып, ани­мация саласына жастайынан құ­мар­тқанынды білеміз. Қазір оқуынды аяқтауға бір жыл уақытың қалыпты. Нендей жобалармен айналысып жатырсың?

- Қазіргі уақытта Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 4-курсының "Ақпараттық жүйелер" мамандығында білім аламын. Оқу процесі кезінде әртүрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, қабілетімізге қарай жүлдегер атанып жүрмін. Microsoft-тың Қазақстандағы жары­сына қатысып, бас жүлдені иеленіп қайттым. Ол байқауда соңғы техноло­гиялар арқылы ойын жасадық. Өзіңіз білесіз, оқушы кезімде тоғызқұмалақ ойынының электронды нұсқасын шы­ғарған едім. Соның енді ани­ма­циялық топ­тамасы ойын ре­тінде құрастырып шықтым. Ойын қашықтықтан бас­қару арқылы әртүр­лі қи­мыл-қоз­ғалысты рет­тейді.

Оқуымнан бөлек, бү­гінде "Қазақфильм" кино­студиясында қыз­мет етіп жатырмын. Анимациялық мультфильмдердің 3Д аниматоры әрі продюсері ретінде бақ сынап жүрмін. Қазақфильмде тәжі­рибе жинай жүріп, "Мұзбалақ" атты жаңа мультфильм шығаруға атсалыс­тық. Жақын күндері Қызылордаға та­ныстырылымын өткізу жоспарда бар.

- "Мұзбалақ" мультфильмі несі­мен ерекше? Жанры қандай?

- "Мұзбалақ" толық метрлі көркем анимациялық фильмі адам мен бүркіттің достығын баяндайды. Тұрдыбек Майдан пен Тілек Тілеу­қазы ағаларымыздың идеясынан шыққан тұңғыш фэнтези жанрын­дағы туынды. Шытырман оқиғалы анимациялық мультфильмде қазақ­тың саятшылық өнеріндегі бүркіт пен адамның байланысы жақсы түсірілді. Мен фильмнің менеджері ретінде осы "Мұзбалақтың" қазақ анимациясына жаңа жол салады деп есептеймін. Себебі бұл фильм "Диснейленд" сту­дия­ларының технологиясы негізінде жасалды. Кейіпкерлердің әрбір эмоциясы, қимыл-қозғалысына жіті мән берілді. Бұл бұрындары шыққан "Тарзан" мультфильмінің сапасына сай келетін туынды болмақ. 65 ми­нут­­ты құрайтын мультфильмнің басты ерекшелігі - оның саундт­рек­пен шығуы. Оны елге белгілі музы­кант Ұшқын Жамалбек деген ағамыз жазып шықты. Негізінде отандық мультфильмдерге саунтректер жа­зыл­­майтын. Бірақ "Мұзбалаққа" 3 бірдей саунтрек жазылды. Бұл әлем­дік стандартқа сай келетін жанрға тән дүние деп есептеймін.

- Бағлан, өзің тәжірибелі аниматорлардың бел ортасында жүрсің. Осы саланың ішкі әлеміне ниет білдіріп жүрген жастарға мультфильм жасаудың қандай кезеңдерден тұратынын айтып берсең. Жалпы бір мульт­фильмді экранға шығару үшін қанша уақыт кетеді?

- Әрине, біз жаспыз. Осы салаға тереңірек бара қойған жоқпын. Десе де жұмыс барысындағы кезеңдерді көзбен көргеннен кейін, анимация жасау ісі оңай шаруа емес екенін айта аламын.

Мульфильм жасау үшін ең алдымен идея керек. Одан кейін суретші мультфильм идеясынан туындаған ойларды жеткізу үшін түсірілім зоналарын салып шығады. Яғни, оқиға қайда өрбиді, орманда, бақта яғни қоршаған ортаны таңдайды. Соған сәйкес кейіпкерлерді салып, оның қимыл-қозғалысын арнайы программа көмегімен басқарады. Бір мультфильмге мыңдаған анимациялық суреттер салынады. 1 се­кунд­та 24 кадр алмасады, ал жалпы жасалым 85 мың суретті қажет етеді. Одан кейін раскадровка деген дүние бар. Ол кейіпкерді көзге елестету арқылы кейіпкердің отырғаны, тұрғанын жасап шығарады. Осының барлығын біріктіре отырып мультфильмнің жұмыс тілінде черновой вариантын әзірлейді. Барлығы дайын болғанда ғана түрлі-түске ен­діріп, түрлі эффектілермен көркемдеп, дайын етіп шығарады. Ең мықты аниматордың өзі мультфильмнің 1 минутын 1,5-2 айда бітіріп шығады. Міне, сондықтан да мультфильм жасау ісі ұзақ процесті қажет етеді.

- Біздің елде анимация саласында қолдау, оны жарыққа шығаруда қандай да бір проблемалар бар ма?

- Көрерменге ұсынылғалы отырған "Мұзбалақ" мультфильмін жасауға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы ерекше. Анимациялық фильмнің басты сценаристері жаңа бағытта, жаңа жанрда жұмыс істегендіктен, биліктің қаржыландыруы жеткілікті. Дегенмен, мен отандық туындыларды қолдау мәселесін айтар едім. Мәселен, Қытайда өз мультфильмдерін теледидар, БАҚ арқылы насихаттау өте жоғары. Олар шетелдік өнімдерді өз анимацияларынан биік қоймайды. Ал, бізде соңғы жылдары өз туындыларымызды прокатқа шығару шегеріліп қалды. Оның орнын "Дисней", "Марвел" студияларының мултиктері басып тұр. Әрине, бұл ретте көрермендердің де қолдауы керек. Өз өнімдерімізді қолдап, касса жинай алсақ, бұл келесі сапалы мульт­фильмнің жарыққа шығуына мүм­кіндік береді. Бізде анимация саласынан гөрі шоу-бизнеске сұраныс көп. Себебі халық әншілердің өмірі мен оның басынан кешкен оқиғаларына қызығады. Сондықтан анимация саласы шоу-бизнесті басып оза алмай жатыр.

- Аниматор болу үшін мультфильм шығаруда арнайы бағдарламаларды қолданатындарды білеміз. Демек, аниматор болу үшін де ағылшын тілін білу маңызды ма?

- Әрине, маңызды. Қазақстанда тұратындықтан орыс тілін білу керек шығар, бірақ ғылым мен анимация ағылшын тіліне байлаулы. Себебі барлық техникалық құрал-жабдықтар, материалдар ағылшын тілінде. Оны қолдану үшін тілді меңгеру керек. Ал, анимация бағытында қазақ тіліндегі оқулықтар, құралдар жоқтың қасы деуге келетін шығар. Мен осы себепті келешекте анимация түсіру туралы арнайы портал ашқым келеді. Онда елімізге танылып үлгерген, тәжірибесі бар аниматорлардың жұмысын көрсету мақсатымда бар.

- Тағы да қандай жоспар бар?

- Негізінде анимация саласы Кеңестік кезеңнен бастау алады. Тәуелсіздік алған жылдары анимация түрлі сүрлеуден өтті. Бірде құлдырап, қайта қарқын алған кездерден өтті. Мен осы жанданған кезде осы лекке қосылып жатырмын. Өзімнің ортам өте жақсы. Аға­ларымның қолдауымен біраз дүние­лер жасауға талпындық.

Қараша айында "Күлтегін" мульт­фильмін жасап шығармақшымыз. Ол 3Д мультик болып енеді. Түркі халықтарының сол кездегі өмірі, қиындықтары туралы баяндалады. Мұнан бөлек, жаңа жобаларымыз да бар. Оның трейлері шыққан кезде хабарлаймын, әзірге құпия болып қалсын. Өзім Сыр елінде туғандықтан, Қорқыт ата туралы жобалар жасасам деген жоспар жоқ емес. Оны алдағы уақыт көрсетеді.

- Өз ортаңда биікке жетуіңе тілектеспіз. Сырдың атын шығарады деп сенеміз.

Сұхбаттасқан

Абай ТАҒЫБЕРГЕН