Саясат
Абай атамызды толық танисыз ба?
Қазақтың Абайы біреу ғана. Оның пәлсапасына терең үңілсек, бүгінгі бүтін сұрақтарымыздың жауабын табар едік. Абай хәкімнің «Қара сөздерін» парақтасақ, оған ой тастасақ, қазақтың халін, халықтық проблемаларын аңғару қиын емес. Тіпті, ең бірінші қара сөзі де әлеуметтік мәселемен басталады, біреу емес, бесеу. Олар:
Ел бағу?
Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!
Бұдан не аңғарамыз? Яғни ел билеудің айықпас дертке шалдыққандығын, орыстың отаршыл жүйесінің беки бастаған империалистік держава саясатының қазақ халқына өте ауыр тигендігін, ел билеушілердің орысқа жалтақ-жалтақ қарап, жағымпаздықтарын асырып, солардың қолшоқпарларына айналғандығын Абайдың «бізді құдай сақтасын» дегенінен-ақ байқамау мүмкін емес.
Мал бағу?
Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.
Ертеден-ақ мал аман болса, жан аман деп ғұмыр кешкен көшпелі қазақ халқының мал шаруашылығымен айналысуында да өзіндік проблемалары бар-ды. Бір-бірімен ырду-дырду қазақтардың, бай мен кедейдің арасындағы араздықтардың ортасында қалатын, тіпті, тып-типыл боп қырылатын ол – мал басы еді. Онысы – Барымта еді. Сол барымтаның кесірінен әкесі Құнанбай да бір көзінен айырылған деседі. Осыны түгел айтпай-ақ Абайдың «ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ» деп қысқа қайруынан-ақ түсінгеніміз абзал.
Ғылым бағу?
Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі - бір тез қартайтатұғын күйік.
Абай – ХІХ ғасырдың күн секілді шырағы еді. Осы жылдары қазақтың білімге ұмтылған зиялы қауым өкілдері саусақпенен санарлықтай-тын. Қазақтың көгін күн сәулесі түспестей қараңғылық жайлаған заман – Абайдың заманы болды. Сондай надан, қолындағы барын орыстың тиын-тебеніне, тіпті, қоқсық заттарына айырбастап жібере салатын сауатсыз қазақтар өте көп болатын. Өздері білімге ұмтылмаса да, ұрпағын білімді етуге тырыспай, өздеріне ұқсатып, ақылсыз қып шығарғысы келетіндері де қаншама еді. Бұны да Абай күйінішпен «Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың?» деп қысқа қайырады.
Софылық қылып, дін бағу?
Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық?
Қазақ ежелден – ақ діні хақ Ислам, мұсылман болатын. Алайда дінді өздерінше түсінетін. Абай заманында дінді толықтай ұғына алмаған дүмше молдалар да қаптаған болатын. Мұны көрген Абайдың да дінге көңілінің аса аумағандығын аңғарамыз.
Балаларды бағу?
Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен керерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.
Абайдың тағы қозғаған мәселесі – бала тәрбиесі еді. Қазақтың ежелден ер баланы биікке көтеріп, әспеттеп, ал қыз баласын қолындағы заттай сатып жібере салатын әдеті бар-ды. Бұған да Абай өз көзімен куә болған болатын. Қаншалықты білімді болып өсірсе де баланың мынадай қараңғы қапаста қалған халық арасында құсалықпен өмір кешетініні де мәлім еді.
Осы не бұған ұқсас өзекті мәселелер әлі күнге шешімін таба алмай келеді. Елдің басында кім қалай жұмыс істеп жатқаны беймәлім. Барлығы бір кеменің басын ұстап келеді. Халық жай-күйі қордаланған экономика, сыртқы саясат, энергетика сынды проблемалардан тысқары қалуда. Шыдамы шегіне жеткендер тізгінді өздері алып, жан-айқайын жасырмай жариялауда. Оған бүгінгі күнгі – көпбалалы аналардың үкіметке жеткізген базынасынан аңғаруға болады.
Ал елдің мал шаруашылығы тұйыққа тіреліп, етсіз ас ішпейтін халқымыздың қалтасына ауырлық салуда. Солтүстікке бармай-ақ, мал басын көп өсіретін Түркістан облысының өзінде сиыр етінің бағасы 1500 теңгені құрайды. Шетелге ет импорттауда рекордтық көрсеткішке жеттік деп кеудесін керген ауыл шаруашылығы халыққа сұраныстағы тауар бағасын асқақтатып жағдай жасап келеді. Отандық өнімдердің орнына Ресей, АҚШ сынды ұзақ жолдан сапасы сын көтермей келетін арзандау тауарды тұтынуға мәжбүр.
Білім мен ғылым саласы да шиеленіскен проблемалардан көз аша алмай келеді. Шетелге ілігеміз деп келешегіміздің түбіне жетуге дайынбыз. Шағымданған ата-ана, ұстаз, оқушылар саны артып барады. Ресейлік мектептеріндегі «Дневник» оқу системасының көшірмесі жұрт сынынан арыла алмай келеді. Сондай-ақ ҰБТ-ның нағыз емтиханға дейінгі 4 рет ұйымдастырылуы бюджетке , одан бері әр баласын оқытып отырған отбасы қаражатына ауырлық салмады ма? Сондай-ақ білім гранттарының табысталуы әлі күнге жүйелі реттелмей келеді. Оқыған, білімді жастар шетел асуға дайын тұрады. Шетелден білім алып, қайта оралмайтындары қаншама.
ХХ ғасырдағы алашордашылардың қабылдаған заң жобасынан бүгінгі Ата заңға енген «Дін ісі – мемлекет ісінен айры» деген тұсы баршаға мәлім. Алайда еліміздің әр дін басшылары мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда аянып қалмақ емес. Елімізден діни сауаттылықтары таяз жандар қару асынып, құрлық асып жатыр. Тоқтау салуға құлықсыздық танытып келеді. Қазіргі күні ресми мәліметтерге қарағанда 370-380 қазақстандық өзге елде жихадта-мыс. Жыл басында оның 47-сі қайтарылған болатын.
Бала тәрбиесі – ең өзекті мәселелердің басы. Себебі бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі келешегіміз. Балаларды балабақшамен түгел қамтуға шамамыз келер емес. Ал бала тәрбиелеу орталықтарының жай-күйі мардымды емес. Оған әлеуметтік желіні шулатқан Ақтаудағы балабақшадағы айқай дәлел болып отыр. Балаларын сеніп тапсырған ата-аналар бүлдіршіндеріне қысым көрсетілетінін айтып шағымдануда. Сондай-ақ екінші тәрбие көзі саналатын теледидардың жай-күйі анау. Жалаңаш тәнін жарияға жар салып жарналамаушы әртіссымақтар қаптап тұр. Бала түгілі өзің көруге жиіркенесің. Ал балалар қараусыз қалса, анайы бағдарламаларды тамашаламайтынына кім кепіл. Қазақи анимациялық фильмдер енді ғана бастарын көрсете бастағанмен ол да шикі.
Қызық, Абай атамыз осындай ең үлкен 5 мәселені ғасыр бұрын қағазға түртіп кеткенін оқып, таңғаласың да көреген ме дерсің. Сол кезден бастап қолға алғанда осы сынды әлеуметтік мәселелердің түйткілі ендігі шешіліп бітуі керек еді. Десе де, Жастар жылы деп бекітілген биылғы жылда бұл кем-кетіктер түзелеріне сенім артқанымыз жөн болар.