Саясат

Соғыс – романтика емес!

Біз соғысты көрген жоқпыз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Соғысты романтикаға айналдыру– қылмыс". Атақты майдангер, жазушы Виктор Астафьев осылай деп еді. Бірақ, ақпанның 15-і қалай туады, солай мектеп біткен жарысып Ауған соғысының ардагерлерін кездесулерге шақырып бастайды. Телеарна, сайт біткен, олардың ерлік дастандарын жырлайды. Қарап отырсаң, құдды Ауған соғысын сағынатындаймыз ба? Сондай бір романтикалық күй көбейіп кетеді әйтеуір... Неге? Себебі, біз 30 жыл өтсе де, бұл соғысқа нақты саяси баға берген жоқпыз... Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Ауған соғысы әлі күнге шейін, өзінің дұрыс саяси бағасын алған жоқ. Әлі де болмаса, бұрынғы сарын, бұрынғы Кеңес Одағының, Ресейдің сесі байқалып тұрады. Ал шын мәнісінде, бұл қалай болғанда да басқыншылық соғыс болып табылады. Ауғанстанға баса көктеп кіргені, ол елге саяси үстемдік құрғаны, барлығына да белгілі. Және оның дәл осындай сипатын мойындау керек. Бұл енді тарихи шындық» - дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

Ауған соғысы қателік болса-дағы, оған қатысқан сарбаздардың кінәсі жоқ. Ол соғысқа қатысқандар сөй дейді. Әрі: Ауғандықтар өскелең ұрпақтың бойына әскери борыш пен антқа деген адалдықты, үкіметке мүлтіксіз бағыну қасиеттерін қалыптастырып отыр,-деп отыр.

«Біз қазір автобуста тегін жүрмейміз. Бұрын Ауған соғысы ардагерлеріне мемлекет тегін үй беретін. Қазір бұл мүлдем жоқ. Ауған соғысы ардагерлерін ұмыту жүріп жатқандай» - дейді «Боевое братство» ауған соғыс ардагерлері ұйымының төрағасы Сергей Пашевич.

Ауған соғысына қатысқандар, әне мемлекеттен әлі күнге статус ала алмағандарына шағымданып жүр. "Ауған ардагерлерінен қаһарман көрудің қажеті жоқ" дейтіндер де көп. Әрине, ол соғысқа қатысқандар кінәлі емес. Сол кезде саясат солай болды. Бірақ оларды төбеге көтеру қаншалықты дұрыс?

«Меніңше оларды интернационалист жауынгер деп атамауымыз керек. Кеңес Үкіметінің теріс саясатының құрбандары деп, қабылдау керек. Оларға белгілі деңгейде Үкіметтің жәрдемақы төлеуі дұрыс. Бірақ та, әңгіменің тағы да мынадай шеті бар да. Мәскеу үнемі ТМД құрамындағы мемлекеттердің басын жасақтап, «боевое братство», «ардагерлер одағы» деген сияқты ұйымдарды құрып, осындай насихат жұмыстарын жүргізеді» - дейді жазушы Қанат Тілеухан.

Жазушының айтпағы мынау. Мысалға, соңғы бірнеше жыл бойына: Ресей ЖЕҢІС мейрамын КСРО-ны тірілтіп алу ритуалына айналдырып жатқанын көріп отырмыз. Дәл солай, ертең «интернационалист сарбаздар» қайдасыңдар,- деп афганецтерді де бір шаруасына пайдалануы ғажап емес?!

Қысқасы, абайлау керек. Бірақ, байқау керек дегенде, Ауғанстан соғысына амалсыз қатысқандарды сөгу керек деген сөз емес. Оларға «соғысқа неге бардың», «мен үшін соғысқан жоқсың» деген сөздер айту, жұмсартып айтқанда дұрыс емес.

«Яғни оларды бүгін дәттеу, оларды қаралау адами тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да қаралау дұрыс емес» - дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

«Енді олардың кінәсі неде? 19-20 жастағы ұрпақтың не кінәсі бар? Өмірді танымаған, дұрыс ұстанымы қалыптаспаған. Ол заманда тоталитарлық билік, қазіргідей еркіндік жоқ. Жоғарғы жақ айтты, барасың! Ол жастардың көбісі қай мемлекетке, қай соғысқа бара жатқанын білген де жоқ. Осы алғашқы боп барғандардың біразымен сөйлестім. Оларды бір тактикаға Өзбекстанға барасыңдар деп айтты дейді. Сосын бірден Ауғанстанға кірген. Олар соғыс боларын да білмейді. Көп адамдар сол жерде мерт болды. Сондықтан Ауғанстан соғысы Совет одағының ашқан соғысы» - дейді мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтай.

Рас, көптеген қазақстандықтар Ауғанстанға не үшін барғанын түсінбеді. Олай болса, ол соғысқа барған сарбаздарда кінә жоқ. Сол себепті де оларды "Кремль жүргізген империялық саясаттың құрбаны" деп атау керек.

Естеріңізде болса, 1991-ші жылғы СССР халық депутаттары бұл соғысқа "әділетсіз соғыс" деген баға беріп еді. Бітті. «Ауғанстан соғысы» жайлы, егемен Қазақстанның да ұстанымы осы болуы керек.

«Жалпы ерлік, дастандар, жеңістер ешқандай соғыста болмайды. Соғыс ол азап, соғыс ол трагедия. Осы Ауған жерінен Совет әскерінің шыққан күнін біз мүгедек боп қалған, өмірі талқан болған, Ауған соғысының ардагерлерін көрсетуіміз керек. Әкесінен, ұлынан, бауырынан айырылып қалған, қара жамылған жандарды көрсетуіміз керек. Совет Үкіметінің бұрыс саясаты кесірінен қырғын тапқан ауған солдаттарының рухына құран бағыштауымыз тиіс деп ойлаймын» - дейді жазушы Қанат Тілеухан.

Ауғанстан соғысы, ол жайындағы естеліктер айтылуы керек. Бірақ, ала-көк мәйкі киіп, «үйтіп жібергенбіз», «бүйтіп жібергенбіз» деген кеудемсоқ райда емес... Ауған соғысы туралы іс-шарада ешқашан милитаристік яғни соғыс тіленген мазмұнын болмауы керек. Жеңісатыс-шабыс тұрғысынан емес, жекелеген адамдардың тағдыры арқылы түсіндірулі керек... Осы керектерді жасағанда ғана, бұл бәлекет соғыстың трагедиясы, зауалы көрінеді. Қайыра айтқанда: Соғыс болмасын!