Қоғам

Nur Otan ТЖ кезінде өңірлердегі азаматтарға көмектесіп жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Еліміз бойынша депутаттар, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері және Nur Otan жастар қанатының белсенділері коммуналдық қызметкерлерге, полицияға көмек көрсетуді және азаматтардың өтініштеріне ден қоюды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды bugin.kz порталы партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәселен, жасотандық еріктілер жергілікті билікке қалаларды тазарту мен ғимараттарды қалпына келтіруге көмектесуде. Өңірлердегі партия мүшелері тәртіпсіздіктерден зардап шеккендер үшін қан тапсыруда.

Осы күндері филиалдар мен белсенді партиялықтар полиция мен әскери қызметкерлерге қала көшелері мен блокбекеттерде ыстық тамақ ұйымдастырды. Тек Алматының өзінде нұротандықтар қаланың барлық ауданы бойынша мұқтаж азаматтарға 125 млн теңге көлемінде көмек көрсетті. Бірқатар өңірлерде алғашқы күндері қоғамдық жасақтар құрылды.

Мәслихаттардағы фракция мүшелері мен Nur Otan бастауыш партия ұйымдарының басшылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында қойған міндеттерін халық арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, Nur Otan қоғамдық қабылдау бөлмелері де жұмысын жалғастыруда. Биыл 1 қаңтардан бастап 622 адам жүгініп, оның 283-і 1111 шұғыл қызмет1 байланыс орталығына хабарласқан. Азаматтарды толғандыратын негізгі мәселелер – әлеуметтік қамсыздандыру, жұмысқа орналасу және еңбек құқықтарының бұзылуы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық сынды мәселелер.

Депутаттар, партия мүшелері – мемлекеттік органдардың басшылары 67 қоғамдық қабылдау өткізіп, 136 адамның мәселесі қаралды.