Денсаулық

Шыжың (энурез) дертінің емі қандай?

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Энеурез ауруына шалдыққан науқас түнде қатты ұйқыға кеткенде байқамай, кіші дәретін жіберіп қояды. Мұны халқымыз «шыжың» деп атап келеді. Көбінесе, бұл ауру кішкене балалар мен кәрі адамдарда жиі кездеседі. Көп жағдайда тұқым қуалаумен де байланысты. 

Шыжың ауруы науқастың ми қосалқысының тума сипатты немесе түрлі сыртқы жарақат себебінен қабынудан, өспе пайда болу әсерінен, несеп айдауға қарсы гормонның бөлініп шығуының азаюынан пайда болады. Сонымен қатар түрлі бүйрек аурулары да кіші дәретке жиі баруға себепші. Мұндай аурулар бүйрек сипатты шыжың деп аталады. Психикалық тұрақсыздықтың әсерінен, немесе суды мөлшерден тыс көп ішетіндерде «рухани сипатты шыжың ауруы» пайда болады. Бұл дерт көбінде әйел адамдарда жиі кездеседі. 

Шыжыңның пайда болу жолдары. 

Бүйрек жұмысының нашарлауы себебінен осы органмен байланысты ішкі секреция бездері жұмысы бұзылып, қуықтың жұмыс істеунің нашарлауынан, дәреттің қуық ішіндегі сақталу процесінің төмендеуінен шыжың пайда болады. Тұқым қуалауда көбіне балаларда, ал керісінше бүйрек жұмысының нашарлауы себепті егде жастағы адамдарда кездеседі. Басқа да сыртқы жарақаттан, көлік апаттарының кесірінен де шыжың ауруы пайда болып жатады. 

Шыжыңның клиникалық белгілері. 

Науқас күніне бір рет немесе бірнеше рет дәретін жіберіп алады. Шыжың созылмалы сипат алған жағдайда науқастың тамаққа тәбеті нашарлап, басы айналып, арықтап, дене қуаты әлсірейді. Есте сақтау қабілеті де төмендеп, тізе буындары қақсайды. Қалыпсыз уақыттарда денеден дәрет шығу қайталана бергендіктен, ішкі секреция байланыстары бұзылып, ондағы алмасулар өзгеріп, бүйректің әлсіреуіне әкеледі. Бұл ауруды дер кезінде емдемесе, көптеген зардаптары бар. Белсіздік, дене қуатының төмендеуі, ұйқының нашарлауы, қуық безі майының азаюы пайда болып, жалпы бүйрек қызметі әлсірейді. 

Шыжыңды емдеу жолдары. 

Мұндай ауруларды диагнозы белгілі болғаннан бастап емдеуді қолға алу керек. Еуропалық емдерде мұның ешқандай емдеу жолдары жоқ. Ал шығыс-тибет медицинасында мұның бірден-бір емдеу қағидасы – бүйректі қуаттандырып, іштегі суықты айдап, бүйрек пен қуық бездеріндегі істемей қалған каналдарды ашу. Ал ине терапиясы бойынша талданатын нүктелер: Шыжыңды емдеуде инені шөппен қыздырып, ыстық күйінде қою маңызды. Әр күні 5-6 нүкте талданып, әр жолы ине 10-20 минут қойылады. Осылайша күніне бес рет болмаса, он реттен ине қоюды жалғастыру керек. Шыжыңды емдеуде жүректі қуаттандыру, несеп жолдарын тазалау, көкбауырдың жұмысын жақсарту, мидың ойлау қабілетін дұрыстау, дене қуатын күшейту, кіші дәретті тоқтататын дене әрекеттерін жасату да өте маңызды. Жалпы талаптарға сәйкес кешенді емделгенде науқастардың 95%-ы толық жазылып кетуге мүмкіндік бар. Шыжың ауруы шығыс емінде жақсы емделеді. Егер уақытыңыз бен мүмкіндігіңіз болса, арнаулы бізден ем қабылдауыңызға болады. Сонымен қатар, сіз үшін және өзге де осы дертпен немесе түрлі бүйрек ауруларымен ауырғандар үшін төмендегідей халықтың емдеу жоларын көрсете кетейік. 

Шыжыңға пайдалы емдік шөптер 

 Несеп жолының және қуықтың қабынуына 9 г жолжелкен тұқымын, 15 г тікенді ұшқат гүлін, 9 г жүрек жапырақты, 6 г қызыл мияны суға қайнатып ішеді. Бүйректің жедел қабынуына 30 г жолжелкен шөбін суға қайнатып ішеді. 

Итмұрын (тау ит жүзімі) 

Шыжыңға немесе белгілі себептермен несептің жиі келуіне, түнде жатқанда суық тер шығып, бел-аяқ ауырғанға итмұрын жемісінен 1 сәрі, алабота ұрығы 5 мысқал, жаужұмырдан 1 сәріні лайықты суға қайнатып, суына түйе сүтін қосып бір күнде 2 рет ішкізеді. 

Тау дәрі 

Бүйрек қабыну, несеп тоқтамау, кіші дәрет келерде қуық ашу ауруларына тау дәрі тамыры бір сәрі, ақ жүрек 3 мысқал, иір 2 мысқал, жусай ұрығынан 2 мысқалды суға қайнатып, суына қара шекер салып, бір күнде 2 рет ішкізеді. 

Асқабақ 

Шыжың ауруына асқабақ ұрығы 5 мысқал, жусай ұрығынан 5 мысқалды суға қайнатып, теңертең және кеште ішеді. Емделу уақыты 5-7 күн. 

Таңқурай 

Кіші дәрет тоқтамай қуатсыздануға, балалардың төсекке жіберіп қоятын шыжың ауруына, кәрі адамдарда болатын дене әлсіздігіне таңқурай жемісі 5 мысқал, тамыры 5 мысқал, жусай ұрығы 5 мысқал, алаботадан 3 мысқалды суға қайнатып, суына түйе сүтін қосып, бір күнде 2 рет ішкізеді.

Сары мия 

Созылмалы бүйрек ауруы салдарынан дененің әлсіреуіне сары мия тамыры 1 сәрі, жау жұмыр 1 сәрі, алабота ұрығы 5 мысқал, қызыл мия тамыры 3 мысқал суға қайнатып суына сиыр сүтін қосып, бір күнде 3 рет ішкізеді. 

Тәует сіркесі 

Шыжыңға, несеп тоқтамауға тәует сіркесі 4 мысқал, ашытқы шырмауық 5 мысқал, қой бүлдіргеннен 1 сәріні осы мөлшердегі суға қайнатып, суына түйе сүтін қосып, бір күнде 2 рет ішеді. 

Жүгері сақалы 

Кіші дәрет келмей қуық тұтылғанда жүгері шашағы 1 сәрі, шидің үлпілдек басы 1 сәрі, кептірілген көк балдырдан 1 сәрі қайнатып, суына сиыр сүтін қосып, бір күнде бір рет ішеді. 

Жылан жалақ 

Қуық жолына тас байланып кіші дәретке қан араласып келгенде немесе қуығы тұтылып дәреті келмей қалған науқасқа жылан жалақ 5 мысқал, алабота ұрығы 5 мысқал, ақжүрек 2 мысқал, жүгері сақалы 5 мысқал, қарағайдың қуы (ғариқұн) 1 сәрі, суға қайнатып, суына сиыр сүтін қосып, бір күнде үш рет ішкізеді. 

Мысық жалбыз 

Бүйрек қабынуға, қуық қабынуға, несеп тосылуға, сыныққа мысық жалбыз 5 мысқал, жолжелкен 5 мысқал, рауғаш тамыры 5 мысқал, қожа шөптен 1 сәріні суға қайнатып, суына бие сүтін қосып, бір күнде 3 рет ішеді.

Дереккөз: ЖасАй журналы