Bugin

Шәміл Әбілтай: «Елбасы» күйін өртеп жібердім, Тоқаевтың үндеуінен соң жаңа күй шығардым

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Күйші Шәміл Әбілтайдың  «Домалақ ана», «Шақшақ Жәнібек», «Бекет-Ата», «Қыдыр кезген Қызылқұм», «Қожа Ахмет Иасауи», «Жер ұраны – Ұлытау», «Ордабасы», «Құрманғазы – күй дүлдүл” атты күйлері көпшілікке белгілі.  

Ол Н.Назарбаевқа арнап «Елбасы» күйін де шығарған. Malim.kz тілшісі кейіпкермен аз-кем пікірлесті, деп хабарлайды bugin.kz порталы.

-  «Елбасы» деген күйіңіз бар еді...  Осы күйіңіздің тағдыры қалай болып жатыр?

- Болды. Бірақ қазір мен оны өртеп жібердім.

- Неге?

- Назарбаев тақта тұрғанда кетем деп ойламады. Патша елмен бірге бола ма деген үміт болды, бізде. Мынадай жағдайдан кейін күйдің киесіне қалмайын деп өртеп жібердім. Күй-қазақтың бойтұмары. Бұрын Гете мен Бетховен де Нопалеонға арнап шығарма жазған. Кейін қатты ренжіп, өкінген деседі. Менің де көңіл-күйім осындай.

- Нотасын өртедіңіз ба?

- Нотасын, бәрін-бәрін. Тіпті ойымнан шығарып тастадым. Ондай күй жоқ қазір. Қазіргі уақытта шерлімін. Бәріміз шерліміз

- Назарбаев туралы әлеуметтік желіде, баспасөз беттерінде пікір  білдірдіңіз бе?

- Мен сөздің адамы емеспін!

- Қасым-Жомарт Тоқаевқа күй арнамадыңыз ба? Қаңтар қырғыны қалай әсер етті?

- 7 қаңтар күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған үндеуі мені де жігерлендіріп, домбырам сөйлеп кетті. Содан «Қаңтар қырғыны» деген күй туды. Шынымды айтайын, мені оны жәйдан-жәй шығара салған жоқпын. Тоқаев халыққа үндеу жолдамағанда осы күй шықпайтын еді.

Туынды кешегі «Қаңтар қырғынына» байланысты.  Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» өлеңі сияқты. «Қаңтар қаһарманы» деген күйім өлгендерге тағзым, тірі қалғандарға рух беру үшін шығарылды. Менен «Шәміл, неше күйің бар?» десе бір ғана күйім бар деуім мүмкін. Ол – «Қаңтар қаһарманы». Қасым-Жомарттың атасына «Тоқай тағдыры» деген күймен құлпытас қойдым. 30-жылдары ашаршылық құрбаны болған ғой. Оның моласы да жоқ. Аштан өлген 4 млн адамның бірі.

Ол күйдің желісімен бір ақын «Тоқай тағдыры» деген поэма жазды. Поэмада

«Жаңа көрген жандаймын таңды мына,

Тасыттың-ау тебірентіп қанды құмар,

Құрбандардың рухына күймен тағзым,

Бұл аштыққа арналған мәңгі мұра»,- деген жолдары бар.

Тоқаев президент болмай тұрғанда «Әке туралы толғаныс» деген кітабын оқығанмын. Сол бойынша туған күй еді. Әйтпесе Тоқаевпен кездескен адам емеспін. Кездесу де шарт емес. Елге жақсылық жасап, әділдікті орнатса болды. Отыз жыл ойранның құрбаны болдық. Енді есімізді жиып келе жатырмыз. Темірқазығымыз айқындалып, Қазақстан бақытты ел болатынына сеніп отырмын, айналайын.

- Қазіргі президенттің қасынан табылсам дейсіз бе, сонда?

- Бұрын Назарбаевтың ықпалынан шыға алмай жүр еді, ерлігі бір күнде әйгіленді. Мінезі бар. Шыңғысханның ұрпағы екенін көрсетті. Бұл - екінші Шыңғысхан. «Білімді мыңды жығады» деген осы. Ұлтымыздың қазіргі сүйеніші - осы кісі. Мәшһүр Жүсіп айтқан 30 жылдан кейінгі келген жаны таза адам осы - Тоқаев деп отырмын. Менің айтқаным шындық. Дос болсаң да, қас болсаң да қазақтың бәріне бірдей қараймын. Мен күйімнің компасы қалай жүреді, сол ырғақпен өмір сүріп келе жатқан адаммын.

- Жаңа Қазақстаннан не күтесіз?

- Жаңа саясатқа жаңа саяси реформа жасау керек, Конституцияны қайта жасау керек. Парламентті тарату керек. «Нұр Отан» партиясын жою керек. Сонда ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы нағыз батыр болып шығады. Бұрынғы жолмен жүре берсек, ештеңе де өзгермейді. Алдағы күндерден тек жақсылық қана күтемін. Бабаларымыз армандаған қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жетеміз деп сеніп отырмын.

Пікірлескен: Олжас Әбілұлы