Bugin
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Еуропарламенттің қаңтар оқиғасына қатысты қарарына мәлімдеме жасады. Бұл туралы Bugin.kz порталы the-village-kz.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрлік мәлімдемеде құжаттың біржақты тұжырымдар мен деректерге негізделгенін айтты.
- «Қазақстандағы қайғылы қаңтар оқиғасына объективті бағаның жоқтығы алаңдаушылық туғызады. Қазақстан басшылығының бастамасымен жүргізілген қызметтік тергеу нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдауға жол берілмейді деп санаймыз. Оның нәтижелері халықаралық қоғамдастықпен бөлісілетінін қуаттаймыз», - делінген хабарламада.
Сыртқы істер министрлігі қарар жобасын әзірлеу кезінде Еуропарламент депутаттары мен оның құрамындағы саяси топтар қазақстандық шенеуніктерден түсініктемелер сұрамағанын атап өтті. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі мен мемлекеттік органдармен тікелей диалог жүргізіп отырған азаматтық қоғам институттары да құжат авторларының олармен байланыспағанын хабарлайды.
- «Бірқатар шетелдік БАҚ-тың құқық қорғау органдарының лаңкестік, экстремистік және қылмыстық топтарға қарсы заңды әрекеттерін сипаттайтын жарияланымдарында елеулі сәйкессіздіктер мен дәлсіздіктердің бар екендігі туралы Сыртқы істер министрлігінің бұған дейін айтылған ұстанымы ескерілмеді.
Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің және беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі, гуманитарлық құқық саласындағы көпжақты келісімдердің қатысушысы бола отырып, заңның үстемдігі мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы міндеттемелерді сақтауға толықтай бейілді. Республика жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерісіне, соның ішінде халықаралық терроризмге қарсы күреске де зор үлес қосуда. Ел ЕО-ның барлық институттарымен өзара түсіністік пен өзара құрмет қағидаттары негізінде сындарлы өзара іс-қимыл жасауға бағытталған», - делінген хабарламада.
Ведомство бұл қаулының асығыс қабылдануы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың демократиялық институттарды нығайтуға және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған саяси реформаларды қабылдау және жүзеге асыру үдерісіне нұқсан келтіреді және бүлдіреді деп санайды.
Бұған дейін Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқықтарының қорғалуының ахуалы туралы қарар жобасында соңғы наразылықтар мен толқулар аясында Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктеріне санкция салуды талап еткен болатын.