Bugin
Шымкентте Алматы әуежайының мүлкін ұрлаған екі күдікті ұсталды. Бұл туралы Bugin.kz порталы қалалық көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
- «Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері және оның аумақтық бөлімшелері еліміздің авиа және теміржол көлігі нысандарында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күшейтілген жұмыс жүргізуде», - деп атап өтті бөлім бастығы Оңал Бекиев.
Бекиевтің айтуынша, жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 18 қаңтарда Шымкентте көлік полицейлері Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде әуежайда орналасқан билет кассасынан, дәріханадан, дүкендер мен кафелерден тауар-материалдық құндылықтарды, ақша қаражатын, азық-түлік тауарларын, ұйымдастыру техникасын ұрлап кеткен екі ер адамды анықтап, ұстаған. Тексеру кезінде ұсталғандардан заттай дәлелдемелер алынды.
ҚР ҚК 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер қамауға алынды.