Weekend
Уақыт құндылығы
Уақыттың құндылығын сезесіз бе? Алтынмен пара-пар байлығыңызды қалай жұмсап жүрсіз? Жауап: Мөлшермен? Орнымен? Уақыт тез (не жай) өтіп жатыр? Болды осымен тоқталайын. Тосыннан қойылған бұл сұраққа кез келгенімізді алсақ та абдырап, аузымызға сөз түспей, тіліміз миымызға тізгінін ұстатпай кетеді. Яғни нақты жауап жоқ. Студент жастардың көбінде осы жағдай. Қалыптасып келе жатқан, мүмкін үйреніскен жағдай да болар. Уақытты неге мақаламның басты мәйегіне айналдырдым? Өйткені: бүкіл тіршілік осы бір терминнің аясында жүзеге асады. Ол бар болса, мен бармын, сіз де барсыз, жоғалмайсыз бірақ сіз бен біз оны жоғалтып жатырмыз. "50/50" қағидасы естеріңіз де болар, қалай аласыз-солай сізде бересіз. Уақыт өтіп жатыр. Дегенмен "Қайда? Кімге?" ол жағы бізге беймәлім.
Қараңғы дүниені жарық ететін сәуле ол – білім. Білім сәулесі жаныңды жадыратып, көңіліңді көтереді. Білім іздеген тіршілік иесінің уақыты ешқашан текке кетпеген. Білім-ғылым ізденушілеріне білгеннің үстіне біле түссем деген ойы бос уақыт пен жалған дүние сыйламаған. Қазіргі жастардың бәрін айыптағым келмейді. Білімдісі де, өз өресіне қанағат ететіндер де баршылық. Мүмкін қоғам осы сатыда тұрса ғана тепе-теңдігі сақталатын болар. Тек, сіз қарапайым адамдардың қатарында болғыңыз келмесе сіз көп ізденесіз, оқисыз! Бес күндік жалғанның бес тиын тұрмайтын дүниесіне көңіл аудармайсыз. Білім бірден адам бойында қалыптасып кете салатындай оңай нәрсе емес, ұзақ еңбек пен сол жолда төгілер тердің жемісі. Өмірлік азық болатындай білім алу, оны өз ойыңыздың қазығына айналдыру өз қолыңызда. Білімге апарар басты жол- кітап оқу! (Бәрінің айтары кітап көп оқы, әсіресе "Абай жолы", "Көшпенділер"- ді оқы, одан қалса "Мөлдір маxаббат", "Ботагөз", "Ақбілек", "Ұлпан"- ды оқы) Бітті, ұсынып отырған адамның өзі осы кітаптар жайлы дұрыс оқымаған. Ойы мен өресіне байланысты оқырманға кітаптар ұсынуда ойланып алғаныңыз жөн. Жоғарыдағы тізімді алып-ұшып әрең дегенде тапқан кітабының 3-4 ші беттеріне келгенде оқып отырған адамның шыдамы таусылып, уақыт тәуелді оқырман енді бірден ғаламтор желісінің оқырманына айналар xақ. Бір кем дүние дейді мұндайды. Демек - уақытты босқа өлтірудің басты себебі: интернет желісі.
Қазіргі таңда интернет әлемінің құшағына емірене кіріп, виртуалды әлеммен қоштаса алмай жүргендерді көріп жүрміз. Қолдарынан телефоны, құлағынан құлаққабы түспейтін жастардың ойында бөлек әлем. Ол адам бүгінгі менің ойымнан да бейxабар... Кітапты керексіз дүниелерге алмастырған заманға кім өкпелі, кім кінәлі? Өз басымызды сүттен ақ, судан таза етуге барынша күш жұмсаймыз.
Жараны текке ұлғайтып, жаңғыртқым келмейді. Айта берсек тәтті ауыздың дәмі кетеді. Бұл тақырып маған дейін де қозғалған, менен кейін де қозғалары анық, десек те арты басты жаңалыққа айналмаса екен...