Bugin
Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам.
Елімізде қаржы пирамидаларының құрбаны болып, жеке мүлкі мен қаражатынан айрылып жатқан азаматтар көп. ҚР Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2021 жылы 31 мың азамат қаржы пирамидасының тұзағына түсіп, 54 млрд теңгесін қолды еткен.
Мұндайда ел тұрғындарының қаржы алаяқтарынан сақтанудың, оның амал-айласына түсіп қалмаудың жолдарын біліп жүргені қажет. Осыған байланысты Ішкі істер министрі қаржы пирамидасын танудың мынандай жолдарын, сипаттарын ұсынады.
Біріншіден, сізге клиент тартқаныңыз үшін бонус (ақы) төленеді десе, күдіктенуге негіз бар. Клиент ретінде жақын туыс-туған, дос-жаранды шақыруға кеңес берері анық. Бұл – қаржы алаяқтарының алғашқы сипаты.
Екіншіден, қаржы алаяқтары "тез баюуға болады, мол ақшаға жылдам қолың жетеді, қаншама ақша "көтересің" деген уәдені үйіп-төгеді.
Үшіншіден, қаржы пирамидасының өкілдерінде заңды лицензия болмайды.
Төртіншіден, көп ақша тапқың келсе, алғашқы жарна салып, біздің жүйеге (мекемеге, қауымдастыққа, жамағатқа, т.б.) енесің деп шарт қояды. Яғни, түрлі акцияны ойлап табады немесе сіздің біліктілігіңізді көтереміз, оқуға жібереміз деп уәде етеді. Бұл да – қаржы пирамидасының белгілері.
"Кейбір қаржы пирамидасы шағын немесе орташа қаржы мекемесі ретінде жұмыс істеп, клиенттерді инвестиция құюға шақырады. Сондай-ақ, қымбат активтер туралы да сөз қозғауы мүмкін. Ал іс жүзінде олардың өзінде ешқандай қаражат та, актив те жоқ. Одан кейін, жарнама. Қазір жарнама жасаудың түрлі әдісі бар. Әсіресе әлеуметтік желінің көмегімен. Сондықтан желідегі жылтырағанның бәріне сене бермеген жөн. Одан бөлек, сізбен келісімшарт жасайды, сол кезде құжатты мұқият оқып шығыңыз. Көп жағдайға азаматтар мән бермей қол қоя салады", - дейді ҚР ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов брифингте.
Сондай-ақ, спикер қаржы пирамидалары клиентпен жеке жұмыс істегенді жөн санайтынын айтты.
Оның себебі – жалғыз адамды әңгімелесу арқылы көндіру оңайырақ. Басқаша айтқанда, психологиялық әдіс.