Bugin
Келіспесеңіз, дауыс беріңіз
ҚР Ұлттық экономика министрлігі құқық қорғау орган өкілдеріне (полицияға) қол көтерген, шабуыл жасаған азаматтарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату туралы құжат әзірледі. Құжатты мына сілтемеге өтіп оқып, соңына дауыс беруге болады.
Ішкі істер органдарының имиджі халық арасында ең жоғары деңгейде емес. Полиция қызметкерлеріне құрмет пен сенімнің болмауы, ал кейбір жағдайларда оларға қарсы агрессияның көрінісі олардың өз міндеттерін жүзеге асыруында қиындықтар туғызады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасы қызметкерлердің құқықтық қорғалуын толық көлемде қамтамасыз етпейді
"Осыған байланысты полицейлердің құқықтық қорғалуын арттырып, билік өкілдеріне шабуыл жасағаны және заңды талаптарға бағынбағаны үшін жауаптылықты қатаңдату қажет", - делінген құжатта.
Билік өкілдерінің, атап айтқанда, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің өмірін қылмыстық-құқықтық қорғау мәселелері ерекше назар аударатын объект болып табылады. Полиция қызметкерлеріне деген құрметтің болмауы мемлекеттік билікті құрметтемеуді білдіреді, бұл қоғамдағы тұрақтылық пен құқық тәртібінің негіздерін бұзуға алып келеді.
Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қызметіне қол сұғатын барлық қылмыстардың ішінде лауазымды адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған қылмыстық әрекеттер басым.
Құқық қорғау процесінде полиция қызметкерлері жиі қауіп-қатер төнетін, жиі балағаттау айтылатын категорияға жатады, бұл олардың кәсіби міндеттеріне тікелей байланысты. Осылайша көптеген азаматтар қызметкерлердің іс-әрекеттерімен келіспейді, Заңның талаптарына бағынуды қажет деп санамайды және ішкі істер органдарының қызметкерлерін балағаттап, көбінесе зорлық-зомбылық қолдану арқылы белсенді қарсылық көрсетеді. Мұндай азаматтардың заңсыз әрекеттері билік органдарының жұмысын бұзып қана қоймайды, сонымен бірге мемлекеттік билік институттарының басқару процесіне теріс әсер ете отырып, оның беделі мен билік өкілдерінің қоғам алдындағы беделіне нұқсан келтіреді.
"Қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын билік өкілдері құқықтық қатынастардың басқа субъектілерімен салыстырғанда неғұрлым осал жағдайда, сондықтан қосымша қылмыстық-құқықтық қорғауды қажет етеді", - деп жазылған құжатта.
Айта кетейік, құжат 2022 жылдың 28 қаңтарына дейін Ашық үкімет порталында дауысқа салынбақ. Бұған қарсы азаматтар сілтемеге өтіп, қарсы дауыс бере алады.