Bugin
Алтын Орда базары – майшелпек
Бүгін, 8 ақпан күні, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтілген үкімет отырысын өткізгені белгілі. Бұған министрлердің барлығы және мәжіліс, сенат спикерлері, облыс әкімдері қатысты. Президент отырыста біршама маңызды мәселені қозғап, үйіп-төгіп тапсырма берді.
Солардың негізгілеріне шолу жасайық.
Қытай кеденінде жымқырылған қаржы
Мемлекет басшысы Қытаймен шекарадағы былықты жедел шешу керегін айтты. Мұндай былыққа жол бергендерді анықтауды өтінді.
"Тағы да қайталап айтамын: ондағы былықты жөнге келтірмесе, салдары қиын болуы мүмкін. Қытайдың статистикасы мен біздегі көрсеткіштің айырмасы 5,7 миллиард доллар болуы – соның дәлелі. Қазір Қытаймен арадағы кеден бекетінде 12 мыңнан астам көлік электронды кезекте тұр. Құзырлы экономикалық операторлардың заңсыз іс-әрекеті туралы бұған дейін де айттым. Олар кеденнен және басқа да бақылау органдарынан соншама жеңілдікті қалай алып отыр? Не себепті бұл мәселе назардан тыс қалған? Бұл сұрақтарға 10 күннің ішінде нақты әрі толық жауап күтемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алтын Орда базары – майшелпек
Мемлекет басшысы Алматыдағы ірі базарлардың бірі – "Алтын Ордадағы" (Болат Назарбаевтың иелігінде) былықты да реттеуді, заң аясында жұмыс істетуді тапсырды.
"Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 млн адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне "Алтын Орда" базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне үкіметпен бірлесіп, базарда тәртіп орнатуды тапсырамын. Қажет болса, құқық қорғау органдарын іске жұмылдырсын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Бұған Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік", – деді Тоқаев.
Бұл тапсырма Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев пен Алматы қаласының жаңа әкімі Ерболат Досаевтың мойнына жүктелді.
Шетелге кеткен заңсыз қаржыны қайтару
Мемлекет басшысы билік пен қоғамның адал еңбек пен әділ ынталандыру идеологиясын ұстануы қажет екенін айтты. Бұл идеология компрадорлар мен уақыт өткізіп жүргендердің, масылдардың орнын алмастыруға тиіс.
"Үкіметке шетелге заңсыз шығарылған қаражаттарды және онда сатып алынған активтерді елімізге қайтару жолдары жөнінде ұсыныс әзірлеуге 2 ай уақыт беремін", – деді Президент.
Атом станциясын салу керек
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін АЭС салу арқылы тез арада шешу қажет деп санайды.
"Жауапты тұлғалардың атом станциясын салу мәселесі жөніндегі сауалдарға жауап беруден неге жалтаратындарын түсінбеймін. Шындығын айту керек: егер таза атом энергиясы болмаса, инвестиция тартпақ түгілі, барлық экономикадан да, аймақтық көшбасшылықтан да айрылып қаламыз. Бізге электр қуаты, әсіресе таза атом энергиясы аса қажет. Экономикалық ахуалдан хабары жоқ популистердің сөзіне ермейік. Атом энергетикасының мәнін кәсіби деңгейде түсіндіру қажет", – деді Президент.
Жерді қайтару
Мемлекет басшысы осы саланы ретке келтіруді, аграрлық саланың тиімділігін арттыруға бағытталған субсидиялаудың жаңа жүйесін құруды тапсырды.
Бұдан бөлек Президент жерді белгілі бір тұлғалардың меншігіне өтіп кетуіне жол бермеу мәселесіне тоқталды.
"Ауыл шаруашылығы министрлігі бір тұлғаға 98 мың гектарға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін иемденуге рұқсат беретін қаулы жобасын әзірледі. Бұл өлшеусіз жер иелену құқығын заңдастыру әрекеті сияқты көрінеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкіметке жер учаскелерінің шекті көлемін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құру тапсырылды. Мұны осы жылдың 1 мамырына дейін бекіту керек.