Bugin
Қалай несиеден құтылуға болады?
Елде "ҚР азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру мен банкрот жариялауы" жайлы заң жобасына толықтырулар енгізілмек. Ал қандай толықтырулар енгізілгенін елдің қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев түсіндіріп берді. Бұл жайлы Bugin.kz жазады.
Қазақстанда қанша адам несие төлей алмай жүр?
Вице-министрдің айтуынша, соңғы кезде Қазақстанда несиесі мен қарызын төлей алмай жүргендер көбейіп кеткен. Несие бюросының ақпаратына сәйкес, бүгінде 1 млн-нан астам азамат несиесін төлей алмай жүр. Одан бөлек, коммуналдық төлем мен салық төлей алмай жүргендер де көп көрінеді. Тұрғындардың коммуналды төлемдер бойынша берешегі – 20 млрд теңге болса, салық бойынша берешегі де 20 млрд-қа тең екен.
"Қаңтар оқиғасының түп төркінінде осы мәселе жатыр", - деп атап өтті Сұлтанғазиев.
Банкрот жариялау
Жалпы, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы мәселесі 2014 жылдан бері көтеріліп келе жатыр екен. 2015 жылы Парламент әзірлеген арнаулы заң біраз талқыға түскенімен, 2016 жылы Үкіметтің сүзгісінен өтпей аяқсыз қалған еді.
"Ал бұл жолы аталған мәселе түпкілікті шешілетін түрі бар. Президенттің пәрменінен кейін жедел іске кіріскен Қаржы министрлігі заң жобасын әзірлеп, оны 2 ақпан күні қоғамның талқысына салу үшін ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына орналастырған болатын. Жоба 23 ақпанға дейін ашық талқылауда болады", - дейді вице-министр.
Несиені жеңілдетудің үш жолы
Қаржы министрлігінің айтуынша, азаматтар өзін банкротпын деп жариялап, несиеның көлемі мен пайыздық жүктемесін әжептәуір азайтуына болады.
Біріншісі – азамат соттың шешімінсіз-ақ өзін банкротпен жариялау. Оған мына азаматтардың мүмкіндігі бар. Бірінші – банк пен шағын қаржы ұйымдарына 5 жыл бойы берешек болып жүрген азамат. Екінші – 12 ай бойы несиесін төлей алмаған азаматтар. Бұл азаматтардың қарызы 300 мың теңгеден аспағаны жөн әрі басында мүлік болмауы тиіс. Үшінші – 5 млн теңге банк алдында қарызы бар әрі оны 6 ай бойы төлемеген азаматтар.
Өзін банкрот жариялау үшін азаматтар ең алдымен "Электронды үкімет" веб-порталына өтініш беріп, құжаттарын тапсыру керек. Сондай-ақ "E-salyq-Azamat" қосымшасы арқылы да беруге болады. Құжат тексеру автоматты түрде жүреді.
Екіншісі – несиені бөліп төлеу түрінде қарызды қайтару. Пайызы жүктелмеуі мүмкін. Бұған несиесі 5 млн теңгеден асып кеткен азаматтар жатады. Егер банк тарабы қарызды бөліп төлеуге келіссе, ондай азаматқа осы жеңілдік беріледі.
Үшінші – соттың шешімімен банкроттық алу. Бұған қарызы 5 млн теңгеден асатын және мүлкі бар азаматтар жатады. Соттың шешімі шыққанан кейін, мүлік саудаға шығарылып, түскен қаржымен берешек жабылады.