Bugin

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында өңірлерде қой саны өсуде

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Бағдарламасы елдегі еңбек ресурсын қалыптастыру мен қарапайым азаматтардың кәсіп ашуы арқылы, өзге азаматтарды жұмыспен қамтуына бағытталған. Бұл бағдарламаның санатына оңтүстіктен солтүстікке көшкен қоныстанушыларға, сондай-ақ қандас ағайындарға, кәсіпкерлікті бастағысы келген жандарға қол ұшын береді.

Шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында пайызы аз несиелер беріледі. Несие беру аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, жаңа бизнес-идеяларға мемлекеттік гранттарды беру, ауылды елдімекендерді дамыту – аталмыш бағдарлама негізінде қолға алынған бастамалар.

Бағдарламаның нысаналық көрсеткіштеріне сенсек, 5 жылдың ішінде 320 мың азаматты жұмысқа орналастыру көзделген. 2017 жылы 26 мың адамға, 2018 жылы – 36 мың адам, 2019 жылы 46 мың адамға жұмыс табу жоспарланған.  

Ауылды жерді көркейту мен аяқтан тұрғызудың, еңбек ресурсымен қамтамасыз етудің бірден-бірі жолы – бұл ауылшаруашылық саласы. Шаруалар аталмыш бағдарламаның аясында мал өсіру, егін егу, басқа да шаруашылық-кәсіптік мақсаттарымен шағын несие мен қайтарымсыз гранттар алуына болады. Несиені "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ арқылы алуға болады.

Қазір ауылда мал өсіру, әсіресе, қой шаруашылығы біршама қарқын алып келеді. Қазірде елімізде 3 миллионға жуық адам мал шаруашылығымен тұрақты түрде айналысады. Қазақстанда 2018 жылдың соңғы деректеріне көз жүгіртсек, 18 миллион бас қой бар. Оның саны 10 жылдың ішінде тағы екі есе өсіп, 36 миллионға жетеді деген жоспар бар.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінде, соңғы жылдары соңғы жылдары мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде оң өсім байқалады. Сиыр етін өндіру 477 мың тоннаны құрады, бұл ішкі тұтынудың 98%-ын қамтамасыз етеді. Тиісінше қой еті 150 мың тонна өндірілген. 2018 жылдың қорытындысы бойынша сиыр еті бойынша экспорт көлемі 19,9 мың тоннаны, қой еті 3 мың тоннаны құрады.

Әлемде Таяу Шығыс пен араб елдерінде қой етіне деген сұраныс жоғары. Сондықтан қой етінің экспортынан болашақ күтуге негіз бар. Елде ұсақ малдың өсімі экспорттың ұлғаюына әкелетіні сөзсіз. Мәселен, 2018 жылы ақтөбелік "Актеп" компаниясы Иранға жылына 10 мың тонна ет экспорттауға келісімшарт жасаған. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстанда Аягөз бен Семей, сондай-ақ Көкпекті аудандарында Иранға қой етін экспорттау мақсатында ет комбинаттары салыну жоспарланып отыр.  Жалпы Қазақстанның жылына 400 мың тоннаға дейін қой етін өндіруге әлеуеті бар екен.

Шаруалардың ендігі мақсаты – жұмыспен қамту бағдарламасы аясында шағын несиелер алып, ұсақ мал өсіруге жаппай кірісу.

Сондай-ақ қойдың етінен бөлек тағы бір өнімі – бұл жүн. Қазіргі таңда аң мен жан-жануардан, малдан өндірілетін жүннің 85-90 пайызы дәл осы қой жүнінен өндіріледі. Сондықтан шұға мата жеңіл өнеркәсібі үшін қой жүнінің маңызы зор. Елде қойды будандастыру незігінен үш бағыт бойынша жүргізіледі: олар – етінің өнімдірілігін арттыру, сапалы жүн өсіру және қойды асылдандыру.

Еліміздегі қой шаруашылығын зерттеу барысында жастардың қой шаруашылығымен айналысуға құлшынысы жақсы екені байқалуда. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысатындардың 60%-ға жуығы жастар санатындағы азаматтар екен. Елдің экономикалық әлеуетінің артуы  мұнай мен шикізаттан кейін мал шаруашылығымен байланысты екенін ескерсек, бұл жақсы үрдіс екені түсінікті.

Несие алу жолдары

Жеңілдетілген несиені жұмысы жоқтар, өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар қатыса алады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық кооперативтерінің қатысуына мүмкіндігі бар.

Несие алғғысы келген азаматтар өңірлік жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді. Шағын бизнес ашушыларға арналған міндетті шарт – кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту курстарынан өту. Оған қатысу тегін. Курста алған білімінің арқасында азаматтар өздерінің бизнес-идеяларын жоспарға айналдырып, кейін соны несие алуға өтінім ретінде береді.