Білім және ғылым

Шетелдегі қазақ диаспораларының демографиялық ахуалы қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ халқы Ахмет Жұбанов айтқандай «мың өліп, мың тірілген» халық. Күлтегін, Білге қаған, Елтеріс қаған билеген көк түрік заманындағы көк сүңгілі қақтығыстар, әлем әміршісі болуға  ұмтылған Шыңғыс хан тұсындағы ат сауырынан қан кешкен алапат  шайқастар мен жоңғар шапқыншылығы кезіндегі жойқын соғыстар, қала берді қандыбалақ Ресейге бодан болғаннан кейінгі жолбарыс жүректі Кенесары хан мен арыстан білекті  Науырызбайдың, Исатай – Махамбеттің, Сырымның, Жанқожаның, Есеттің ұлт азаттық жолындағы көтерілістері ен даланы еркін жайлаған ержүрек қазақ халқының үнемі қанатын қырып, қатарын селдіретумен болған. Міне, осы халық ХХ ғ. 90-шы жылдары қыран бүркіт көтерген күн сәулелі көк туын Біріккен Ұлттар Ұйымы сарайында желбіретіп, еркін дамудың жаңа сатысына көтерілді. Бұл халқымызға жаңа қуат, соны серпін берді. Тамырын тереңінен алатын алып бәйтерек сияқты ұлы халық жапырағын жайқалтты.

Елбасымыз Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2030» жолдауында: «…ұлттық қауіпсіздіктің маңызды приоритеттерінің бірі демографиялық және миграциялық саясат» - деп көрсетіп берді. Бұл дегеніміз қазіргі таңда жақын және алыс жатқан елдердегі қазақ диаспорасына да тікелей қатысы бар екендігін біз білеміз. Сондықтан тарихи демографияның, оның ішіндегі жақын және алыс жатқан елдердегі қазақ диаспорасының демографиялық жағдайы туралы  зерттеу қоғамдық маңызы бар өзекті мәселелердің бірі. Себебі еліміздің тәуелсіздігімен қоса оның тарихи санасында ереше қасиеттер пайда бола бастады. Қазақ елі  өзінің оңы мен солын түгендей бастады, болашағына үлкен стратегиялық жоспарлар жасап, әрбір қандасымыздың тағдырына барынша көңіл қойып, оның жеке өмірінің халықтың астарласып жататындығына назар аударылды. Бұл әрине халқымыздың алға жылжып, өз тарихына ден қойғанының айқын нышаны.

Кезінде қазақ жерінен әр түрлі себептермен көшіп кеткен немесе шекараның сан түрлі саясаттарға байланысты өзгеріп, еріксіз басқа елдердің азаматтары болып қалған қандастарымыз тәуелсіз мемлекетімізге орала бастады. Сондықтан оларға «оралман» деген атау да берілді. Басқаша айтқанда, халықаралық деңгейде «репатриант» деп аталатын бұл құбылыс өзінің өзектілігімен күннен күнге маңыздылығын арттыра түсуде. Өйткені қазақ халқының біршама бөлігі (30%) өзінің тарихи Отанынан тыс елдерде өмір сүріп жатыр.

Алдымен «Қазақтардың шашыраңқы диаспорасы қанша? Олардың орналасуы және пайда болу тарихы қандай?» деген өзекті сұрақтар туындайды.

 «Диаспора»  грек  тілінен аударғанда шашыранды өсу деген мағына білдірсе,  басқа жаққа кетіп, шашыранды жүргендер немесе шоғыр болып отырғандар өз атамекеніне қайтып оралғанда оларға  репатрианттар деген атау берілді. М.Тәтімов диаспора сөзін қазақша «шашырау» деп атайды. Ал ұлттық диаспора деп Қазақстаннан тыс жерде өмір сүріп келе жатқан халықты айтамыз. Қазақ диаспорасы сыртқы шекараларды кесіп өтіп, әуелі Қазақстаннан Қытайға, Ортталық Азия мемлекеттеріне, Ауғанстан мен Иранға, одан әрі бүкіл дүние жүзіне тараған. Өкінішке орай егеменділік жағдайында шетелдердегі қандастарымыздың саны, орналасуы мен құрамы әлі де толық анықталып, сараптамадан (әлеуметтік-демографиялық) өте алған жоқ.

Қазіргі таңда әлемде 3 мыңнан астам ұлттар мен ұлыстар өмір сүруде. Бір ұлттан тұратын еш мемлекет жоқ. Барлық мемлекеттерде негізгі доминант ата халық және ұлттық диаспоралар бірге өмір сүреді. Сол сияқты Қазақстанда 60%-дан астам қазақ халқы мекендесе, ал 39 шетелде оның 6 миллиондай диаспорасы бар. Шыққан тегі мен ұлттық санасына қарағанда, әлемдегі барлық қазақтар саны 15 миллиондай. Осы себепті де қазақ ұлты келешегі  мол, ірі ұлттар қатарына жатады.

Қытайдағы қазақ диаспорасы біздің шетелдегі отандастарымыздың ең көп бөлігін қамтып, соңғы мәліметтер бойынша Қытайдағы қазақ диаспорасының саны 1 200 000-нан 2 000 000 адамға дейін жетеді. Қытайда тұратын қазақтардың саны туралы әртүрлі мәлімет көздері бір-біріне сәйкес келмейді. Отбасында үш баладан бес балаға дейін болатын қазіргі Қытай аумағында тұратын қазақтардың санын дәл анықтауға кедергі жасайтын факторлардың біріотбасылардағы балалар санын шектейтін Қытай үкіметінің жүргізіп отырған демографиялық саясаты. Осыған байланысты халықтың көп бөлігі тіркелмеген. Қытай мәліметтері бойынша  елде 56 ұлт өмір сүрсе, қазақ диаспорасы саны 1 млн адамнан асатын 10 ірі этностардың құрамына кіреді.

Ресейдегі қазақ диаспорасы мен халқының демографиясына тоқталатын болсақ, болжам мәліметтер бойынша қазіргі уақытта Ресей Федерациясында 1 310 000 этникалық қазақ тұрады, олардың 70%-дайы ауылды жерде тұрады. Біздің отандастарымыздың көпшілігі Ресей Федерациясының Қазақстанмен шекаралас 12 субъектілерінде жинақы тұрып жатыр. БұлАлтай өлкесі, Астархан, Орынбор, Самар, Қорған, Шелебі, Омбы, Сарытау, Волгоград, Новосібір және Түмен облыстары. Қазақтардың белгілі бір саны Мәскеуде, Сант-Петерборда, Татарстанда, Қалмақияда, сондай-ақ  Ресейдің басқа да облыстарында өмір сүруде.

Шетелдегі қандастарымыздың кең шоғырланған тағы бір аймағы – қандас туысымыз өзбек жері. Өзбекстан Республикасының статистика орталығының ресми мәліметтері қазақтардың санын айтарлықтай төмендетіп, 1 миллионға дейін жеткізіп отыр. Алайда қазақтардың саны 1 млн. 660 мың адам деп сеніммен айтуға болады, бұл шетелдегі қазақ диаспораларының үштен бірін құрайды.

        Моңғолияның Ұлттық статистикалық басқармасының мәліметтері бойынша этникалық қазақтардың жалпы саны 102 983 адам,  яғни моңғолдардан кейінгі екінші орынды иеленеді. Білім деңгейі: жоғары білімі барлар – 4 234 адам, аяқталмаған жоғары - 678, орта-арнаулы – 4 346, орта – 13 366, қалғандарында – бастауыш білім. 1999 жылғы ұлттық халық санағы мәліметтеріне сәйкес 42 657 қазақтың 7546-сы ана тілін қырғыз тілі деп, 2449 – орыс тілі, 95өзбек тілі деп көрсеткен.

1995 жылғы халық санағы мәліметтері бойынша Түркменстанда 86 987 қазақ тұрады (елдегі халықтың жалпы санының 4%). Олар Дашогуз (33 000 адам),  Балкан (22 000 адам), сондай-ақ Марый және Лебап уәлайяттарында (облыстарында) жинақы қоныстанған және негізінен мал шаруашылығымен айналысады, тамақ және мұнай өңдеу, әлеуметтік салаларда жұмыс істейді. Біздің елшілігіміздің мәліметтері бойынша, 2003 жылы мұнда 110 000 қазақ тұрған.

Ирандағы диаспора негізінен өткен ғасырдың 20-30-жылдары, КСРО-да ұжымдастыру, мал мен астық қорын тәркілеу процесі басталған кезде қалыптасқан. Иранда 10 мыңға жуық қазақ өмір кешуде. Олар: Бендер Түрікменде 500 отбасы, Горганда 400 отбасы, Күмбетте 250 отбасы, Тегеранда 20 отбасы, Аракта 3 отбасы, Ассалуиде 12 отбасы, Мешхедте 18 отбасы, Сариде 2 отбасы, Шабахарда 4 отбасы т.б. Олардың негізгі тобын 1931-1933 жылдары Қазақстанда Сталин мен Голощекиннің қолымен жасалған «Кіші Қазан төңкерісі» салдарынан орын алған ашаршылық кезінде қазіргі Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары өңірінен Түркіменстанға, кейін Иранға өткен, негізінен қазақтың кіші жүзіне кіретін Адай руы өкілдері құрайды.

Пәкістан Ислам Республикасындағы қазақ диаспорасы Сайлау Батыршаұлының мәліметтері бойынша 1600 адамды құрайды. М.Тәтімов олардың саны 3 000 адам деп есептейді, Г.Меңдіқұлованың мәліметтері бойынша олардың саны 5 000 адам. Пәкістандағы қазақ ұлты негізінен басқыншы Кеңес армиясынан қашқан ауғандық қазақтардан тұрады. 1998 жылы Қазақстанға Ауғанстаннан келген босқындардың көп бөлігі (230 адам) жіберілді. 1999-2000 жылдары тағы 573 қазақ оралды. Ауғанстанда жалпы саны  21 000 қазақ бар.

         Қазақ диаспорасықазақ ұлтының құрамдас бөлігі. Егеменді еліміздің жаңа ұлт саясаты шеттегі қандас бауырларымыздың мұқтажын қоса қамтып, оларға мемлекеттік қамқорлық жасаған жөн. Қазіргі кезеңде қазақ диаспорасы туралы  туралы Мемлекеттік бағдарлама белгілі бір деңгейде іске асуда.

Алдымызда қазақ диаспорасының өкілдерінің білім алуын құқықтық жағынан  қамтамасыз ету  міндеті тұр. Осыған  орай  алыс жақын шет елдерде тұратын қазақ  жастарын тиісті оқулықтар мен қамтасыз ету, ана тілін сақтау  келелі мәселелер тезірек шешуді қажет етеді. Шет елдегі қазақтар  қытай, ағылшын, парсы, француз, неміс, араб тілдерін игерген. Сол тілдермен қатар өз ана тілінде жетілдіріп бойларына сіңіру үшін жағдай жасауымыз керек.

Қорыта келе, қазақ халқы әр түрлі тарихи кезеңдерде, әр түрлі себептерге байланысты өз атамекенінен басқа елдерге қоныс аударды, осы орайда еліміздің басты міндеті- сол бауырларымызды елімізге қайтару, оларға қаражат бөлу, мемлекеттік бағдарламалар қабылдау және соны жүзеге асыру қажет.

 

Әл-Фараби ат. ҚазҰУ

Филология факультетінің

 1-курс магистранттары

Кадырбаева Әсель Есенғалиқызы

Қасымбекова Айдын Азатбекқызы

Құрманбай Самал Құнанбайқызы

 Жетекші:  профессор , философия  ғылымдарының доценті

Жанатаев Д. Ж