Bugin
Түркіменстан президенті, түркіменбашы Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов 11 ақпа күні елде президенттік сайлау болады деп жариялаған еді. Сайлау 12 наурыз күнге бекітілді.
Түркіменбашы пайғамбар жасына жеткенін, биліктен кетіп, жастарға орын бергісі келетінін айтып, тақтан бас тартқанға ұқсайды. Түркімен елінде айтарлықтай саяси плюрализм жоқ, сондықтан билікке кімнің келері қазірден белгілі. Ол – Ғұрбанғолы Бердімұхамедовтің үлкен ұлы Сердар.
Ендеше Сердар жайлы біршама мәлімет берсек.
Өмірбаяны мен қызметтері
1981 жылы туған. Қазір жасы 40-та. Мамандығы – инженер-технолог. 2001 жылы Түркімен мемлекеттік ауыл шаруашылық институтын бітірген. Кейін 2008-2011 жылдары Түркіменстанның Мәскеудегі елшесі болған тұста Ресей Сыртқы істер министрлігіне қарасты Дипломатия академиясында білім алған.
Ресейден еліне оралғаннан кейін нағыз мансап жолы басталды. Небары 10 жылдың ішінде түрі қызметте жүріп, көп тәжірибе жинаған. Мұндай ірі қызметтерде істеген Түркіменстанда бірде-бір шенеунік жоқ әрі ондай қолдауға бірде-бір тұлға ие болған емес.
сурет - Alexander Аstafyev/tass
2011-2013 жылдары Түркіменстан Энергетика басқармасы мемлекеттік агенттігінің орынбасары, 2016-2017 жылдары Сыртқы істер министрлігі ақпарат департаменті басшысы, 2016 жылы парламент депутаты боп сайланды. 2018 жылы Сыртқы істер министрінің орынбасары, 2019 жылы вице-губернатор, Ахал уәлаятының губернаторы болды. Бір жылдай өндіріс министрі болып, 2021 жылы премьер-министр болып шыға келді.
Қазір Сердар президент Ғұрбанғұлыдан кейінгі елдегі екінші маңызды адам. Әкесінің орынбасары.
Көп елге барған
Сарапшылар Сердардың алдын ала билік мирасқоры ретінде дайындалған адам екенін алға тартады. Яғни, оны әдейі бір қызметтен екінші қызметке өткізіп, тәжірибе жинатқызып, ел аралатып "көреген" етуге тырысқан.
Мәселен, бұған Сердар Бердімұхамедовтің соңғы 2 жылда маңызды кездесулерге барып, халықаралық ісжүргізуге қатысқаны дәлел.
Былтыр Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинмен, Жапония императоры Нарухитомен, премьер-министр Ёсихидэ Сугамен, Санкт-Петербург губернаторы Александр Бегловпен кездескен. Биыл қаңтар айында Иранға барып, президент Эбрахим Райсимен, Өзбекстанға барып, Мирзиеевпен кездесті.
Мінезі
Сердардың мінезі жайлы дерек аз. Кейбірі тіпті оны "сырын білмеген атқа" (черная лошадка) теңейді. Дегенмен мінезінің кей қырын анық тануға болады.
Біріншіден, Сердар өте үнсіз, тұнжыраңқы, мінезі ауыр адам. Тіпті, зілдей. Әкесі сияқты ақжайдарлы, қызыққұмар емес. Халық алдына шығып мақтанғанды, назарда жүргенді ұнатпайды.
Шешендігі жоқ, сөзге шабан. Баяндаманы қағаздан оқып бере салады. Көптің алдында қысылатыны байқалады. Бірақ сырт ортада өте дөрекі дейтіндер көп. Тіпті, "басыңды бұрап аламын, жұлып аламын!" дегенді жиі айтатын көрінеді.
Айтпақшы, түркімен мен орыс және ағылшын тілін біледі. Бірақ ағылшыншасы онша жақсы емес. Мұны 2021 жылы Глазгода БҰҰ конференциясында климаттың өзгеруі туралы жасаған баяндамасынан анық байқауға болады. Сондай-ақ, әкесі сияқты өте шабан сөйлейді. Публика ұйықтап қалуға бар. Бұған былтыр Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда жасаған баяндамасы дәлел.
Жоғарыда айтылғандай, әкесі сияқты комик, эскапад емес. Үлкен Бердімұхамедов болса, әскеріне мылтық атуды "үйретіп", велосипед пен көлік айдап, жарысқа қатысады, ат мініп "оза" шабады. Қысқасы, "жігітке тән жеті өнердің" бәрі бар. Сердар ондай емес. Тұйықтау.
Тағы бір қызық нәрсе – Сердекең жылқыны аса ұнатпайтын көрінеді. Жалпы, түркімен жұрты ақалтеке десе, ішкен асын жерге қояды. Ал Сердар ондай емес. Атқа міне алмайды, тіпті аттан үркеді дейтіндер көп.
Қалай десек те, Сердардың ауыр мінезі ел экономикасы мен саясатына тікелей әсер етейін деп тұр.
Әке жолын ұл жалғар, олай болмаса ше...
Қазіргі сарапшылардың ойында бір-ақ сауал тұр. Ол – "Сердар әке жолын жалғастырып, саясатын сол күйінде ұстана ма әлде өзгеріс әкеп, заманауи келбет кіргізе ме?" деген сұрақ.
"Сердардан либерализация күтіп қажет емес. Жақында елдің алдағы бюджеті жайлы баяндама жасап, экономиканы өсіремін, азық-түлік дағдарысынан шығарамын деп уәде берді. Бұған Ғұрбанғұлы қуанғандай болды. Бірақ Сердар – дағдарыстың қаншалық қиын әрі ауыр екенін сезінбеген адам. Қоғамдық пікірді, әкенің ақылын қаншалықты тыңдайтын адам екені де белгісіз. Әкесі шірітіп қалдырып кеткен проблемаларды Сердардың шеше алмасы анық. Сондықтан жаппай репрессия қолданатын сықылды", - дейді түркімен саясаттанушы Сердар Айтақов.
Әзірше, Сердардың өз командасын құрып, әкесінен жеке-дара әрекет ете ме әлде қолбала бола ма – ол жағы да түсініксіз.